ҚАРА СӨЗ БЕН ҚАРА ӨЛЕҢ – ҚОС ӨРІМІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Серік Неги­мов биыл 75 жасқа толып отыр. Сол­түстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Шапай ауылы тумасының қазақ әдебиетіне, өлең теориясы мен шешендік өнерді зерттеуге қосқан үлесі өлшеусіз.

Серік Негимов 1972 жылы Ал­маты қаласындағы әл-Фараби атын­дағы ҚазМУ-ды тамамдап, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инсти­тутындағы аға лаборант қызметінен еңбек жолын бастауының өзі оның ізденімпаздығын, зерттеу мен жа­ңалыққа жаны құмарлығын танытса керек. Оның ғылым жолындағы ізденістерінің басты тақырыбы – халық ауыз әдебиетіне арналды. Ғалым “Қазақ өлеңінің әуезділік ерек­шеліктері” тақырыбында канди­даттық, “Ақын-жыраулық поэзия­сының бейнелілік-көркем­дік жүйесі” тақырыбында док­торлық диссер­тация қорғайды. Жарты ғасыр­лық еңбек жолында Серік Нығм­етол­лаұлының қаламымен ұлттық поэ­тика, ақын-жыраулар поэзиясы, қа­зіргі қазақ лирикасы, өлең құры­лысы, риторика саласында көптеген құнды еңбектер жазылды. Ғылымға берілген ғалымның күрделі еңбек­терінің қатарын­дағы “Өлең өмірі” (1980), “Ақын-жыраулар поэзиясы­ның бейнелілігі” (1991), “Өнерпаздық өрнектері” (1996), “Шешендік өнер” (1997), “Ақын-жыраулар поэзиясы: Ге­незис. Стилистика. Поэтика” (2001), “Мәлік Ғабдуллин” (2001), “Қа­зақтың сал-серілері” (2005), “Әде­биет әлемі” (2008), “Қазақ өлеңде­рі­нің көр­кем­дігі” (2008) сияқты зерттеу­лері мән-мағынасымен құнды.

Серік Негимовтің есімі әдебиет­тану терминдерінің сөздігін құрасты­рушылардың бірі ретінде де таны­мал. Ол 12 томдық “Қазақ Совет Энциклопедиясына”, 4 томдық “Қа­зақ ССР Қысқаша энциклопедия­сына”, “Қазақ әдебиеті”, “Абай”, “Мәш­һүр Жүсіп Көпейұлы”, “Шәкә­рім” энциклопедияларына жүздеген танымдық мақалалар жазған. Соңғы үш жылда хакім Абай хақында үш бірдей сүбелі монографияны дү­ниеге әкелді. Бүгінде түрлі тақырып­та, түрлі мазмұнда, түрлі жанрда жа­зылған 400-ден аса ғылыми жарияланымдарымен әдебиет және тарих қорын байытты.

Оның ғылыми және шығармашы­лық туындыларын зерттеген адам том-том басылымдар шығарары сөз­сіз. Жиі қозғаған тақырыптарының бірі – шешендік өнерді кеңінен зерт­теу. Шешендік қасиеттің адам бойы­на қалыптасуы жайында мағыналы пікірлерді алға тартып, оқырмандарын ойға жетелеп, жазбалары ар­қылы көпке өнеге-тәрибе беріп ке­леді. Мәселен, “Шешен қырағы, бай­қампаз болса, аудиторияның шын-шырғасын шығармай уысында ұс­тайды. Егер де шешен сөзі аудито­рияға ғаламат әсер ететін болса, онда тыңдаушылардың көздері от шашып, жүздері гүл-гүл жайнап, ықы­ластанып, жұмсақ жымиып, бастарын изеп, қоштағандай, қолдағандай ым-ишараттар жасайды. Ыстық ықы­ласын, ізет-ниетін дауыстап та білдіреді. Сөйтіп, шешен мен аудиторияның құлшынысы бірдей оянып, оттай маздап, бір-бірін жетелеп, қоян-қолтық араласып, туысып кете­ді”, – деген тұжырымның астарында көптеген мамандық иелерін көсіле сөз тарқатып, ойын жетік жеткізуге дағдыландыратын ақыл-кеңестер жатыр. Немесе “Ойды ойдағыдай жеткізу үшін оралымды, икемді тіл қажет. Нағыз шешен қапияда ой тауып немесе ойлап, ойша сөйлеп, лайықты тапқыр тілмен өрнектеп жеткізеді”, – деп ой мен тіл жүйріктігін дамытудың қажеттігін баса айтуы да санаға түйер тұжырым. Сөз жоқ, шешендік Серік Нығметоллаұлы айтқандай, білік пен білімнен, түйсік пен сезімнен, саңлақтық пен қиял­дан, еңбек пен ой тербелісінен туады. Осындай ойы терең автордан дәріс алып жүрген студенттерді өмірде жолдары болғандар десек артық айтқандық емес.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Серік Неги­мов 1997 жылдан бері еңбек етіп келеді. Өзінің жарты ғасырлық еңбек жолының ширек ғасырын осы білім ордасына арнаған. Бұл университеттің ұжымы ғалымды құр­мет тұтады. Жақында ме­рейлі 75 жасын аса құрметпен атап өттік. Университет әкімшілігі ұйым­дас­тырған жиында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хаттары оқыл­ды. Президент “Ұлттық мәдени бай­лығымыздың қайнар көзі – қа­зақтың жыршы-жыраулары, би-ше­шендері қалдырған асыл мұраларының фи­лософиялық мәні мен маз­мұнын ашып, жан-жақты зерттеп, бүгінгі ұрпаққа жеткіздіңіз. Қазіргі заманғы ақындардың да поэзиясына терең ден қойып, өлеңнің теориясы мен көркемдік сипатын көрсете білдіңіз”, – деп еңбегіне жоғары баға береді.

Ол Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұ­қанов, Мәлік Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібаев, Зәки Ахметов, Тұрсынбек Кәкішұлы сынды тұлға­ларды көзімен көріп, оларды өзінің рухани ұстазы санағанын білеміз. Бүгін өзі де сол тұлғалар сияқты кішілерге бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Салтанатты жиында әріп­тестері ға­лым­ның осы қасиеттерін ерекше ба­ғалап, толқи сөз алды. Мерейтой иесінің әріптесі, шәкірті, ғалым Қайырбек Кемеңгер “…Ғы­лымға адалдығы ғажап. Тынымсыз. Маза­сыз. Елгезек. Сергек. Көп нәрсені біледі, білген соң айтады. Себебі ке­зінде Әлкей Марғұландай ғұлама­ның да тәлімін алған, тәрбиесін көрген. Сөзін ісімен, ғылым­дағы еңбегімен бекемдейді”, – деп нағыз ғұламаның образын сомдады. Ал Кенжеғали Мыржықпай “Тұрқы қалай кең пішілсе, ойы да сондай кең әрі терең. Жады тастай. Осыдан 50-60 жыл бұрынғы оқиғаны күні, са­ғатына дейін айтады. Мысалы, Әл­кей Мар­ғұланның әрбір сәтін, Сәбит Мұқа­новтың бастан кешкендерін бүгін көргендей айтады. Сөйлесе – сөздің шешені, бастаса – профес­сорлар­дың көсемі”, – деп достық әзілмен әріптесіне кең жүрегін та­нытты.

Баян АБДУОВА,

филология ғылымдарының кандидаты, профессор.

Астана қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp