«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еліміздің берік қалқаны

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгін – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік коми­теті қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Биыл бұл органның құрылғанына 31 жыл толып отыр. Құрылған сәтінен бастап елдің тұтастығы мен егемендігінің қорғалуын, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді.

Тәуелсіздік алғалы еліміздің буы­ны нық бекіп, өзінің шекарасы, тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәде­ниеті мен салт-дәстүрі бар зайырлы мем­ле­кет екенін мойындатты.

Бүгінгі Қазақстан – әлемдік деңгейде тұрақтылықтың негізін қалаушы елдердің бірі. Осы орайда, ұлт­тық қауіпсіздіктің алар орны ерекше. Себебі тұрақтылық пен қауіп­сіздік – егемен еліміздің толықтай қалыптасып, одан әрі дамуының негізгі алғы­шартына айналды.

Ұлттық қауіпсіздік – өте өзекті мәселе. Себебі ол ұлттық мүддe­лер­ді, құндылықтaрды, өмір сaлтына төн­ген қaуіп-қaтeрдeн қорғайтын күш.

Тәуелсіздік алған соң елімізге шетелдік арнайы қызметтердің та­ра­пынан ерекше қызығушылықтың артуына байланысты 1992 жылы Президент Жарлығы­мен Қа­зақстан Республикасы Ұлт­тық қауіп­сіздік комитетінің негізі қа­ланды. Осы сәттен бастап жаңа қызметтің тари­хы бастау алып, әртүрлі кезеңдерді бастан өткерді.

Бүгінде Ұлттық қауіпсіздік коми­теті десе үркіп қарайтындар да бар екенін жасыра алмаймыз. Қа­зіргі ҰҚК бұрынғы НКВД сияқты емес, өз хал­қын қастерлейтін, елін, жерін, Ота­нын қорғайтын, заңын құрметтейтін және бұлжытпай орындайтын, өзінің күш-жігерін елі­нің ұлттық мүдделе­рін, конститу­циялық құрылысын, қо­ғамның қауіпсіздігі мен экономика­лық әлеуетін кез келген сыртқы және ішкі қатерлерден қорғауға жұмыл­дырып отырған құрылым. Ол мем­ле­кеттің ұлттық мүдделері мен өңірлік қауіпсіздіктің негіздерін се­німді түр­де күзететін қазіргі за­манғы, ықшам әрі тиімді арнайы қызметке айнал­ған.

Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті ішкі және сыртқы деңгейде мемлекеттің қауіпсіздігі мен қорға­луын қамтамасыз ететін заманауи, көпфункционалды құрылым ретін­де өзін танытып отыр. Оның қызметі нор­мативтік-құқықтық акті­лер­мен ретте­ліп, мемлекетаралық дең­гейде мо­йын­далған және бұл ше­телдік жетек­ші арнайы қызметтер­мен өзара тығыз қарым-қатынас ар­қылы дәлел­денген.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті – ел Президентіне тікелей ба­ғыныстағы мемлекеттік маңызы бар құрылым. Қазақстан Республи­касының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйе­сінің құрамалық бөлігі және оларға берілген құзырет шегінде қоғамның тыныштығын, мем­лекеттің еге­мендігін, аумақтық тұтастығын, экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаушылық күш-қуатының қауіпсіздігін қамтамасыз ету­ге арналған.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қауіпсіздігінің бірыңғай жүйесін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, оның құра­мына кіретін департаменттер және басқа құрылымдық бөлімшелері, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Қазақстан Респуб­ли­каның астанасындағы қалалық және аудан­дық бас­қармалар (бөлімдер, бөлімшелер), сондай-ақ әскери контрбарлау органдары, Шекара қызметі, арнайы та­ғайындау бөлiмшелерi, оқу орындары құрайды.

Ұлттық қауіпсіздік орган­дарының міндетіне бар­лық азаматтардың заң алдында тең бо­луын қадағалау, азамат­тар­дың бос­тандығы және құқықтарын сақтау мен құрметтеу, қоғамдық бір­лескен ұйымдар мен саяси партиялардың қызметіне қатысты тәуелсіз қағида­ларды ұстану жатады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті осы кезең аралығында мемлекет мүд­десі мен өңірлік қауіпсіздік негіздері шебін нық қорғайтын заманға лайық, тиімді арнаулы қызметке айналды.

Қазақстан Республикасының Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің не­гізгі ба­ғыттарына барлау және қар­сы бар­лау қызметі, лаңкестікке қар­сы тұру, мемлекеттік құпияларды қорғау, кибер­қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұйымдасқан қылмыспен кү­рес, эко­номикалық қауіпсіздік, мем­лекеттік шекараны қорғау және сақтау, кадр­ларды жинақтау секілді са­лалар жа­тады. Ал ел тыныштығын қалтқысыз күзететін сарбаздар мен сардарлар дайындау үшін 1999 жылғы 6 ма­мырда Қазақстан Рес­публикасы Пре­зидентінің Жарлығымен құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитеті акаде­мия­сы тынымсыз қызмет етіп келеді. Қазіргі уақытта академия еліміздегі жоғарғы оқу орындарының қатарын­да лайықты орын алады. Оқу орнын­да 6 фа­культет, 22 кафедра, оның ішінде 13 арнаулы кафедра бар. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясы және Шекара қызме­ті академиясы да кез келген қатер мен сынаққа лайықты жауап бере алатын икемді әрі жоғары білікті мамандар даярлау үстінде.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің төрағасы Ермек Сағым­баевты қабылдады. Кездесу ба­ры­сында Мемлекет басшысының тап­сыр­маларының орындалу барысы, ведомствоның жыл басынан бері ат­қарған қызметінің негізгі қорытын­ды­сы мен алдағы кезеңге ар­налған жоспары туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің бөлімшелері бірқатар лаңкестік қылмыстың, со­ның ішінде қолдан жасалған жарыл­ғыш құрылғыны қолдану арқылы халық көп жиналатын орындардың бірінде жасалмақ бол­ған лаңкестік актіге тосқауыл қойылғаны жөнінде баяндалды. Беріл­ген мәлімет бо­йын­ша 19 адам қа­мауға алынды. Ер­мек Сағымбаев Терроризмге қарсы орталық шта­бтың жұмысын үйлес­тіру кезінде лаңкестік қатерлерге қар­сы іс-әрекет шараларын жетілдіру үшін жаттығу жиындары мен дайындықтар өткізілгенін хабарлады.

Сонымен қатар шет мемлекет­тердің арнаулы қызметтерінің бар­лау әрекеттеріне қарсы іс-қимыл операциялары жүзеге асырылды. Анықталған бірқатар факті бойын­ша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүр­гізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысына құқық қорғау органдарымен бір­лесе жүргізген криминогендік жағ­дай­ды сауықтыру жұмыстары­ның нә­тижесі туралы баяндалды. Биылғы төрт айда ҰҚК 8 қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Қару-жарақ пен оқ-дәрі жасауға қатысты 7 жасырын цех жойылды. Заңсыз айналымнан 268 қару, 21 граната және 30 мыңнан астам оқ-дәрі тәр­кіленді. 16 есірткі зертханасының, 11 халықаралық және 17 өңірлік есірткі каналының жұмысы тоқтатылды.

Мемлекеттік шекараны күзету саласында 6 987 заң бұзушы ұс­талды. Шамамен 2,8 миллиард теңге көлемінде валюта, алтын және бас­қа да тауарлардың заңсыз тасы­мал­дануына жол берілмеді. Қару мен оқ-дәрілерді тасымалдауға қатысты 85 әрекеттің жолы кесілді. Заңсыз көші-қон бойынша 4 арнаға тосқауыл қо­йылып, олардың 6 ұйымдас­тырушы­сы ұсталды.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тех­никалық бөлімшелері 37,9 мил­лионнан астам кибершабуылды және ел­дің маңызды инфрақұ­рылым нысандарына бағытталған 1948 DDoS-шабуылға тойтарыс берді.

Кездесу қорытындысы бойын­ша Президент Ұлттық қауіпсіздік ор­ган­дары қызметінің бағыттары бо­йынша бірқатар нақты тапсырма берді. Президентіміздің тапсырма­сына сәй­кес Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркі­стан облыстарының аумағында “Қалқан – 2023” же­дел оқу-жаттығуын өткізді.

Іс-шара үш кезеңде ҰҚК, Қорға­ныс, Ішкі істер және Төтенше жағ­дайлар министрліктерінің, соны­мен қатар, Ұлттық ұлан бөлімшеле­рінің және жергілікті атқарушы ор­гандар­дың қатысуымен іске асы­рылды.

Оқу-жаттығу барысында мем­лекеттік органдардың дағдарыстық жағдайлар туындағанда, лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдардан төнген қауіпті бейтараптан­ды­ру, сонымен қатар арнайы шекара­лық операцияларды жүргізудегі нақ­ты әрекеттері пысықталды. Қорытын­дысы бойынша құзыретті ор­гандар­дың кризистік жағдайларға қарсы бірігіп әрекет ету мен әзір­лігін жоғарылатуға бағытталған ша­ралар қабылданды.

Жақында Алматы қаласында өт­кен Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы­на мүше елдердің шекаралық қыз­меті мен құзыретті органдары басшыларының 9-шы отырысына еліміз­дің Ұлттық қауіпсіздік қыз­ме­тінің өкілдері де қатысты. Іс-шараға Қа­зақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қыр­ғызстан, Пәкістан, Ресей, Тә­жікстан және Өзбекстан шекара­лық қызмет­терінің өкілдері, Бела­русь және Моң­ғолия елдерінен ба­қылаушылар, со­нымен қатар ШЫҰ Аймақтық терро­ризмге қарсы құры­лымы мен ТМД қатысушы мемле­кеттердің Шекара әскерлері қолбас­шылары қатысты.

ШЫҰ қатысушы-елдердің мемлекеттік шекараларындағы жағ­дай­лар бойынша сұрақтар қарас­ты­рыл­ды, бірлескен шекаралық операция­лар­дың нәтижелері ай­тыл­ды, 2024 жылға арналған жұ­мыс жоспары талқыланды, соны­мен қатар қазіргі таңдағы лаңкес­тікпен, қару және есірткі контрабан­дасымен, заңсыз көші-қонмен бай­ланысты және өзге де қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимыл бо­йынша жалпы шаралар қабыл­данды.

Қорыта айтсақ, еліміздегі тұрақ­тылықты, ұлтаралық келісімді қамта­масыз етуді, лаңкестікті жою және тағы да басқа маңызды мін­деттерді мақсат етіп алға қойған ұлттық қауіпсіздік саласында еңбек ететін азаматтар еліміздің берік қалқаны іспеттес. Себебі ел тыныштығын күзету – мерейлі мәр­тебе, асқақ абырой!

Айгүл БУКИРОВА,

Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp