Газетіміздің 2023 жылғы 28 қаңтарында “Mäselenıñ mänısı” айдарымен “Кәсіпкерлердің жанайқайы” деген сын мақала жарық көрген болатын. Онда көпқабатты үйлердің бірінші қабатында орналасқан дүкен, шаштараз, дәмхана сияқты көпшілікке қызмет көрсететін орындардың иелері мен жалға алушылары жылу ақысының күрт қымбаттап, 2-3 есеге дейін шарықтап кетуін тариф нормаларына қайшы әрекет ретінде бағалап, мәселенің ақ-қарасын анықтап беру үшін тиісті мекемелерге арызданған болатын. “Тариф өзгерген жоқ, біз болсақ коммуналдық төлемдерді әдеттегіден бірнеше есе артық төлеуге мәжбүрміз”, – делінген шағым хатта.
Бұл іске қоғам белсенділері мен заңгерлер де араласып, “Севказэнергосбыт” ЖШС басшылығының “тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы” №90 бұйрыққа сілтеме жасауын, атап айтқанда, тұтыну нормасы ғимараттың пайдалы алаң мөлшерінен көбейіп кеткен жағдайда жылу энергиясының көлемін есептеуде тұтас үй-жайдың ауданы қоса қамтылады деген коэффициенттің қолданылуын негізсіз деп тапқан. Өйткені, бұл санаттағы кәсіпкерлер қосалқы тұтынушы саналмайды. Өйткені, заңда қосалқы тұтынушы деп көппәтерлі үйдің жылумен жабдықтау схемасына қосылған алаңдардың иелері көрсетілгені тайға таңба басқандай айтылған. Заңгер Олег Хрупин екіжақты текетіресті тек қана сот тәртібімен шешуді ұсынып, “энергетиктер 2019 жылғы бұйрыққа сілтеме жасайды. Олай болса, талаптар 2022 жылдан кейін ғана қолданылуы түсініксіз”, – деген көзқарасын айтқан еді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің редакцияға жолдаған жауабында аталғандай, 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымы кезеңінде жылу энергиясы үшін төлемнің күрт өсуімен келіспейтіндігі туралы есепке алу құрылғысы бар көппәтерлі үйлерде орналасқан (кеңсе, дүкен және т.б.) жылу энергиясын тұтынатын тұтынушылардан өтініштер көптен түсіп, оларды қарау нәтижесінде “Севказэнергосбыт” ЖШС-ның тарапынан заң бұзушылықтар анықталған. Белгілі болғандай, “Севказэнергосбыт” ЖШС жоғарыда аталған тұлғаларды қосалқы тұтынушыларға жатқызған. Ал бұл жылу энергиясы үшін төлемнің өсуіне айтарлықтай әсер еткен.
Осыған орай департамент мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа талап-арыз түсіріп, “Севказэнергосбыт” ЖШС-ға қойған талаптары қанағаттандырылған.
Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 19 қарашадағы №90 бұйрығымен бекітілген тарифтерді қалыптастыру қағидатының 280-тармағының 2) тармақшасын пайдалана отырып, 2022-2023 жылдары жылыту маусымында есепке алу құрылғысы бар көппәтерлі үйлерде орналасқан тұтынушыларға жылу энергиясы үшін жүргізген төлем бойынша “Севказэнергосбыт” ЖШС-ның әрекетін сот заңсыз деп танып, аталған тұтынушыларға қайта есептеу жүргізуді міндеттеген.
Нәтижесінде “Севказэнергосбыт” ЖШС 1250 тұтынушыға жалпы сомасы 96 млн. 232 мың теңгені қайта есептейтін болды.
Шешім заңды күшіне енген жоқ, субъект осы шешімге апелляциялық тәртіппен шағымдануға құқылы.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.