Ресейдің астығына Қазақстан нарығында тосқауыл қойыла ма, шаруалар ірі сауда желілері арқылы өнім өткізуге неге қол жеткізе алмай жүр, аграрлық қолхат қайтадан іске қосылуы мүмкін бе, бірыңғай ауыл шаруашылығы салығы тиімді ме? Көпшілікті толғантқан осындай маңызды мәселелер Парламент Мәжілісінің депутаты, “Respublica” партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың бизнес өкілдерімен кездесуінде жан-жақты талқыланды.
Басқосуда Қазақстанда ресейлік астықтың саудасы өршіп кеткені ашық айтылды. Мұның өзі салық пен тарифтердің төленбеуіне, баға демпингіне, ішкі нарықтағы бағаны бұрмалауға соқтырып, отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреп отыр.
Мысалы, 913,5 мың тонна астық жинаған бір облыс 977,1 мың тонна астық сатқан. Тағы бір өңірде қамбаға құйылған астықтың жалпы көлемі 255,7 мың тонна болса, экспорт пен ішкі нарыққа 354,1 мың тонна астық жөнелткен. Артық өнім Ресей астығы есебінен толығып отырған.
Айдарбек Асанұлы “Respublica” партиясы ресейлік астықтың заңсыз айналымымен күресу мәселесіне не себепті назар аударып отырғанын тәптіштеп түсіндіріп берді.
Бұдан бөлек, астықты автокөлікпен әкелуге тыйым салу мерзімін 10 қазаннан әрі ұзарту жайы да жедел шешім қабылдауды қажет етеді. Импорттаушының жеке шотында әкелінген астықты тіркеп, соған орай қолхат бере отырып, астық апарылатын орын, яғни лицензиясы бар астық қабылдайтын қоймаларды ілеспе құжаттарда көрсетуге міндетті. Сонда астықтың одан арғы айналымын, импортқа қосылған құн салығын төлеуді бақылауға алуға нақты мүмкіндік туады. Әйтпесе заңсыз ағылған өнімдердің алдын алу қиын.
Мәжілісмен кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті мен экспортын талдау нәтижелері бойынша жедел камералық бақылауды қолдану тетіктеріне де тоқталды. Жүйелік шара ретінде астықтың және оны өңдеу өнімдері қозғалысының мемлекеттік есебі енгізілсе, мемлекеттік ақпараттық жүйеде астық нарығының субъектілері өндіруді, импортты, экспортты, қайта өңдеуді ерікті негізде жариялайтын болады. Ал астық туралы ақпарат берілмеген жағдайда нарық айналымына жіберуге қатаң тыйым салу механизмін қарастыру керек.
– Астық пен оны қайта өңдеу өнімдерінің мемлекеттік есебінде астық дақылдарының аймақтар бойынша теңгерімі, пайдалану түрі, қорының бар-жоғы, ішкі, импорттық және экспорттық бағалар туралы ақпарат сақталады. Бұл мемлекеттік органдарға астық және оны өңдеу өнімдері нарығын толық бақылауға, жедел ден қоюға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру бойынша негізделген басқару шешімдерін қабылдауға ықпалын тигізеді. Бұл шараларды “Астық туралы” жаңа заң жобасы аясында атқару маңызды, – деді А. Қожаназаров.
Жиын барысында сүт өндірушілер мен өңдеушілер де өз сауалдарын қойды. Бұл салада да ресейлік өндірушілер тарапынан демпинг және соның салдарынан отандық тауарларға сұраныстың төмендеуі қатты байқалады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің сауда желілері сөрелеріндегі қолжетімділігіне келер болсақ, мәжілісмен атап өткендей, барлық қазақстандық тауардың сапа параметрлері мен заңнамаға сәйкестігі жергілікті билік тарапынан жүйелі түрде тексеріліп отырылуы тиіс. Импорттық өнімдер нарыққа шыққанда мұндай сынақтан бір-ақ рет өтеді. Бұл – жеткіліксіз. Өйткені, заңнамаға сәйкес келмейтін сапасыз өнімдер, көбінесе тікелей жалған өнімдер, мысалы құс еті сөрелерге жиі түседі. Сондықтан бақылау рейдтерін жүйелі түрде ұйымдастырған жөн.
Мәжіліс депутатының айтуынша, әкелінетін азық-түлік өнімдерінің сапасы мен айналымына мемлекеттік органдар тарапынан мұқият бақылау мен жүйелі тексеруді ұйымдастыру қажет және сапасыз өнімдер кіргізілмеуі тиіс. Өнімнің құрамы, қаптамадағы жазулар қолданыстағы заң нормаларына сәйкес келмесе, сондай-ақ консерванттары артық өнімдерге тыйым салу ұсынылды.
Партия төрағасы Қазақстан-Ресей шекарасында орналасқан “Жаңажол” бақылау-өткізу бекетінде болып, шекаралас аймақтарда еңбек ететін шаруалармен кездесті. Сауда желілерін аралап, сатылып жатқан азық-түлік өнімдерімен танысты.
Сайлаушылармен кездесулердің барысында көтерілген мәселелер партияның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының одан арғы қызметіне негіз болады.
Әлия ЕҢСЕБАЕВА,
“Respublica” партиясының баспасөз хатшысы.