«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кіл мықтыда кім мықты?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында “Ақ бидай – 2023″ жазғы спорт ойындарының шымылдығы түріліп, салтанатты рәсімге өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.

“Ақ бидай” спорт ойындарының жалауы көтеріліп, алауы тұтанып, барлық 13 ауданнан сайдың та­сындай іріктелген 1500-ден астам спортшының салтанатты шеруінен кейін сөз ал­ған Марат Иманбайұлы жазғы спорттық мерекеге қатысушыларды облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан құттықтап, елдің мерейін кө­теріп, абыройын асыратын додада сәттілік тіледі.

Жауған жаңбырға, өрекпи соқ­қан желге қарамастан “Жас ұрпақ” стадионына жиналған жанкүйерлердің қарасы көп болды. Облыстың құр­метті азаматы, есімі республикаға жақсы танымал Бауыржан Құлжа­нов та ауылдықтардың бәсекесін та­машалауға облыс орталығынан арнайы келіпті. Ол осы жерде өзімен бірге боз кілем үстінде белдескен әріптестерін көріп, көңілі бір мар­қайып қалды.

– Бұл мерекенің тарихы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алады. Алғаш рет спорттың 7 түрінен сайысқанымыз есімде қа­лыпты. 40 жылдан кейін спорт түрлерінің екі есеге көбейгені, дәстүрге айналып, үзілмей өткізіліп келе жатқаны қуантады, 3 күнге созыла­тын жарыс шашасына шаң жұқтырмас шын мықтыларды анықтарына сенімдімін, – дейді спорт ардагері Бауыржан Ниязұлы өткенді тебірене еске алып.

Кім-кіммен сөйлессең де, осы­мен 27-ші рет ұйымдастырылып, бұқаралық спорттың жандануына се­бепші болып келе жатқан спорттық мерекенің, әсіресе ауыл жастары үшін маңызын жасырмайды. Кішкентай кезінен шаңға көміліп, ат құлағында ойнап өскен жандардың бұл күнді асыға тосатыны сондықтан. Ең бастысы, спортпен үзбей шұғылда­нып, шымыр болып өсуіне тигізіп отырған игі ықпалы айырықша.

Бас төреші Павел Антоненконың айтуынша, алғашқы күннен бәсеке­лестік жоғары болған. Жанкүйерлер арасында баскетбол ерекше қызығушылық ту­дырған. Әйелдер мен ерлер командалары бақ сынасып, жеңістен үміткерлер суы­рылып алға шыққан. Сол сияқты спорттың гір көтеру, үстел теннисі, еркін күрес, волейбол сияқты түрлері де ептілікті, төзімділікті талап етері анық.

– Жарыстың бірінші күнінің қоры­тындысы бойынша топ жарғандар қатарында Қызылжар, Аққайың, Есіл аудандары тұр. Сөз арасында Ақжар ауданынан эстафетаны қа­былдап алып, жазғы спорт ойындарды ұйымдастырып отырған Аққайың ауданының жақсы дайындығын атап өткім келеді, – деді бізге берген қысқаша сұхбатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.

Сайыс ережесіне сәйкес, бірінші орынға ие болғандарға кубок пен медальдар және 300 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңге тапсырыла­ды. Үздік спортшылар облыстық құрамаға қабылданады.

Былтыр облыстық жазғы спорт ойындарының қорытындысында Қызылжар ауданы 258,3 ұпай енші­леп, үздік атанса, Ақжар – екінші, Тимирязев үшінші орынды жеңіп алған болатын.

Руслан ҚҰСАЙЫНОВ.

Cуреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp