Өңірде көше гимнастикасы саналатын стрит воркаутпен айналысатын жастар көп. Арнайы жаттығу залы мен ерекше жағдайды қажет етпейтін спорттың ерекше түрі кез келген адам үшін қолжетімді. Әсіресе ауыл жастары воркаутқа үйір. Елді мекендерде аталған спорт түрін дамыту мақсатында Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылында воркауттан жастар арасындағы турнир өтті.
– Біз бұл спортты тек қалада ғана емес облыс төңірегінде насихаттағымыз келеді. Орталық саябақта демалыс сайын ашық жаттығулар өтеді. Онда жаттығып жүрген жастар көп. Жалпы Қызылжар ауданы жастарының спортқа ынтасы зор, – дейді спорт федерациясының облыстағы филиалының директоры Азат Шаймерденов.
Воркауттан турнирге қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті. Жарысқа Қызылжар ауданындағы елді мекендердің жастары қатысты. Оның өтуіне жергілікті жастар ресурстық орталығы қолдау білдірген екен.
Сайыс қорытындысы бойынша Никита Витковский топ жарды. Ал Динер Эдуард пен Арлан Сайлауов 2, 3-орындарды еншіледі.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.