Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында “Ақ бидай – 2023″ жазғы спорт ойындарының шымылдығы түріліп, салтанатты рәсімге өңір басшысының бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.
“Ақ бидай” спорт ойындарының жалауы көтеріліп, алауы тұтанып, барлық 13 ауданнан сайдың тасындай іріктелген 1500-ден астам спортшының салтанатты шеруінен кейін сөз алған Марат Иманбайұлы жазғы спорттық мерекеге қатысушыларды облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан құттықтап, елдің мерейін көтеріп, абыройын асыратын додада сәттілік тіледі.
Жауған жаңбырға, өрекпи соққан желге қарамастан “Жас ұрпақ” стадионына жиналған жанкүйерлердің қарасы көп болды. Облыстың құрметті азаматы, есімі республикаға жақсы танымал Бауыржан Құлжанов та ауылдықтардың бәсекесін тамашалауға облыс орталығынан арнайы келіпті. Ол осы жерде өзімен бірге боз кілем үстінде белдескен әріптестерін көріп, көңілі бір марқайып қалды.
– Бұл мерекенің тарихы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан бастау алады. Алғаш рет спорттың 7 түрінен сайысқанымыз есімде қалыпты. 40 жылдан кейін спорт түрлерінің екі есеге көбейгені, дәстүрге айналып, үзілмей өткізіліп келе жатқаны қуантады, 3 күнге созылатын жарыс шашасына шаң жұқтырмас шын мықтыларды анықтарына сенімдімін, – дейді спорт ардагері Бауыржан Ниязұлы өткенді тебірене еске алып.
Кім-кіммен сөйлессең де, осымен 27-ші рет ұйымдастырылып, бұқаралық спорттың жандануына себепші болып келе жатқан спорттық мерекенің, әсіресе ауыл жастары үшін маңызын жасырмайды. Кішкентай кезінен шаңға көміліп, ат құлағында ойнап өскен жандардың бұл күнді асыға тосатыны сондықтан. Ең бастысы, спортпен үзбей шұғылданып, шымыр болып өсуіне тигізіп отырған игі ықпалы айырықша.
Бас төреші Павел Антоненконың айтуынша, алғашқы күннен бәсекелестік жоғары болған. Жанкүйерлер арасында баскетбол ерекше қызығушылық тудырған. Әйелдер мен ерлер командалары бақ сынасып, жеңістен үміткерлер суырылып алға шыққан. Сол сияқты спорттың гір көтеру, үстел теннисі, еркін күрес, волейбол сияқты түрлері де ептілікті, төзімділікті талап етері анық.
– Жарыстың бірінші күнінің қорытындысы бойынша топ жарғандар қатарында Қызылжар, Аққайың, Есіл аудандары тұр. Сөз арасында Ақжар ауданынан эстафетаны қабылдап алып, жазғы спорт ойындарды ұйымдастырып отырған Аққайың ауданының жақсы дайындығын атап өткім келеді, – деді бізге берген қысқаша сұхбатында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Сайыс ережесіне сәйкес, бірінші орынға ие болғандарға кубок пен медальдар және 300 мың теңге, екінші орынға 200 мың теңге, үшінші орынға 100 мың теңге тапсырылады. Үздік спортшылар облыстық құрамаға қабылданады.
Былтыр облыстық жазғы спорт ойындарының қорытындысында Қызылжар ауданы 258,3 ұпай еншілеп, үздік атанса, Ақжар – екінші, Тимирязев үшінші орынды жеңіп алған болатын.
Руслан ҚҰСАЙЫНОВ.
Cуреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.