Ғаламтор желісінің өміріміздегі орны артқан сайын мамандықтар саны көбейе түсуде. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы табыс тауып отырғандар көп. Мыңдаған оқырман жинап, өз өмірін жариялап, қаралымды қаржыға айналдырып жүргендерге жастар да еліктей бастаған.
Блогер ұғымының пайда болғанына біраз уақыт болғанмен, осыдан бірнеше жыл бұрын ғана жастар арасында кең таныла бастады. Біреулер оған “болашақтың мамандығы”, – деп айдар тақса, біреулер блогер болу мамандық емес екенін айтады. Десе де әлеуметтік желінің кілтін тауып, сондағы жұртшылыққа танымал болғысы келетіндердің қатары әлі де сиреген жоқ. Қазақстандық интернет-кеңістікте әлі де жаңа есімдер пайда болып, тың тақырыптар көтерілуде.
Көбіміз блогер деген күнделікті өмірін, жүрген-тұрғанын видеоға түсіріп жариялайтын жан деп санаймыз. Алғашында блогерліктің осындай сипат алғаны да рас. Алайда жұртшылық мұндай бағыттағы материалдардан тез шаршайды. Үнемі біреудің өмірін бақылау адамды жалықтырады. Осы себептен де бүгінде блогерліктің түрлі бағыттары пайда болды. Енді желі тізгінін ұстағандар барынша пайдалы ақпарат таратып, жұртшылықтың ойына қозғау салуға тырысып бағуда. Бұл – дұрыс бағыт.
Әлеуметтік желіде блог ашып, оны жүргізу – үлкен жауапкершілік. Блогер болу шын түсінген адамға ел ойлағандай оңай жұмыс емес. Жарияланатын постқа идея табудан бастап, оның мәтінін жазу, суретін түсіру, дизайнын реттеудің бәрі бір адамның мойнына жүктеледі. Тіпті жазбаңызды қай уақытта жариялағаныңыздың өзі қаралым санына әсер етеді. Блогерлерді заманауи журналистер деп жататындар да бар. Бұнымен онша келісе бермеймін. Егер осы салада арнайы біліміңіз болса бір жөн, ал жай ғана өз деңгейінде контент жасап жүргендерді журналистикаға кіргізу қиын. Осы жағынан алғанда әлеуметтік желі әлі де дәстүрлі ақпарат құралдарын ысыра қойған жоқ. Бірақ жастардың көбі керегін әлеуметтік желіден алатын заманда блогерлердің ақпаратпен бөлісу қызметін жоққа шығара алмаймыз. Ал ғаламтор бетінде ақпарат тарату үшін де адамдың білімі болу қажет. Әйтпесе сіздің фейк таратып, танымал болғысы келетіндерден еш айырмашылығыңыз болмай қалады.
Әлеуметтік желі арқылы танымал болу басы ғана. Енді сол танымалдылықты табысқа айналдыру керек. Сонда ғана өз еңбегіңіздің жемісін көре бастайсыз. Ал ол үшін маркетингті меңгеріп, жарнама берушілерді іздеуге тура келеді. Егер сапалы пост жазып, оқырманның сеніміне кіріп, жарнама берушілердің тілін тапсаңыз ғана қалтаңызға ақша түсе бастайды. Жарнаманың өзін табысына қызығып шектен тыс жариялай беру жазылушылар санына кері әсер етеді. Күні кеше өздері де байқамай қаржылық пирамидалар мен жалған туристік агенттіктерді жарнамалап, басы дауға қалғандардың оқиғасы көпке сабақ. Ең алдымен, өзіңіз жарнамалайтын дүниені тексеріп, сапасына көз жеткізгеннен кейін ғана жұртшылыққа ұсынуға болады.
Интернет кеңістік бір орында тұрған жоқ, үнемі дамып отырады. Сол сияқты блогерлер де үздіксіз ізденіп, оқырман санын арттырудың жаңа тәсілдерін іздеуі керек. Әлеуметтік желілердің де өз ішінде бәсекелестік бар. Сондықтан осы салаға бет бұрған адам өзгелерден ерекше, жаңаша дүние әкелуге тырысады. Мұнда да басқа мамандықтарда сияқты еңбек пен білімсіз жетістікке жету қиын.
Кез келген мамандық қоғамға пайда әкеліп, қандай да бір қызмет атқарады. Сол сияқты блогерлерге де бірнеше міндет жүктелген. Олар ең алдымен, жұртқа дұрыс ақпарат таратып, барлық жайды боямасыз ашық көрсетуі керек. Әлеуметтік желіде аккаунты бар адамдар жеңіл-желпі дүниеден гөрі танымдық контентті көбірек ұсынса жақсы болар еді. Салмақты дүниелердің қараушысы көп болмағанымен, ғұмыры ұзақ болатынына күнделікті көзім жетіп жүр. Қазіргі интернет кеңістігімізде тіл үйрену, жоғары оқу орнына түсу, қайырымдылық жасау, өзін-өзі дамыту, білім алу бағытында жүзеге асып жатқан танымал блогтар баршылық.
Бір қиыны көп блогерлер ғаламтордағы мәдениетті ескермейді. Иә, әлеуметтік желіні жүргізудің де өз ережелері бар. Егер осы қарапайым ережелер сақталмаса, парақшаның беделі төмендеп, оқырманы көбеймейді. Көп жастар экранның арғы жағындағы танымал жандарға қарап өмірді таниды, келешегін болжайды. Сондықтан блогер де соларға дұрыс бағыт беріп, пайдасын тигізе алатындай жан болғаны жөн. Белгілі бір ақшаға көп қаралым жинап, лайктарды көбейтіп беремін дейтіндерге де ермеген дұрыс. Қолдан жасалған жазылушылар мен қаралымдар бәрібір парақша иесіне табыс әкелмейді.
Көріп отырғанымыздай блогер болудың да өз қыр-сыры көп. Кеше ғана Мемлекет басшысы онлайн-тұғырнамалар және онлайн-жарнама туралы заңға қол қойды. Бұл өзгеріс блогерлерге артылған жауапкершіліктің одан сайын артқанын көрсетеді.
Айдана НҰРЛЫБАЙ,
блогер.