Қазақ жазба әдебиетіміздің атасы Абай болса, өзіне дейінгі ақын, жыршылардың мұрасын бойына жиып, еліне бере білген ауыз әдебиетіміздің ерен тұлғасы Жамбыл. Бірі – жаңа әдебиеттің басы, екіншісі бұрынғы дәстүрдің соңы болған қос тұлғаны Қызылжар жұрты да алаламай ардақтап келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын қала төріндегі биік үйдің қабырғасына Абай бейнесі бейнеленсе, енді міне жыр жампозы Жамбыл Жабаевтың суреті пайда болды.
Ақынның бейнесі оның атын алған көшенің бойына, “Жас өркен” шағынауданындағы биік үйдің қабырғасына салынды. “Жас өркен” – қаланың жылдан-жылға көркейіп келе жатқан шағынауданы. Жаңа нысандар бой көтеріп, жолы жөнделген шағынауданның ажарын заманның өзі тоқсан жыл толғатқан тұлғаның суреті аша түскені анық. Бір қабырғаны алып жатқан сурет қалаға кірген адамның көзіне бірден түсіп, ерекше әсер сыйлайды. Муралдың жасалу тәсілі де ерекше. Сурет арнайы жоғары температурада күйдірілген керамикалық плиталардан жасалыпты. Бұған дейін қаладағы Абай суреті де осы жолмен салынған еді. Туындының авторы – жерлесіміз Болат Әсербеков.
Ақын Жамбыл бірде өз замандасы Абайдың суретін көрген сәтте
“Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне”, – деп жыр төккен екен.
Енді Қызылжар тұрғындары да жаңа туындыны көрген сайын “Мынау тұрған Жамбылдың суреті ме?”, – деп таңдай қағып, өлең-сөздің құдіретіне бас иіп, ақын тұлғасын еске алып, тағзым етіп өтері анық.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.