Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңірдің іргелі кәсіпорындарының бірі – “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамына ат басын тіреп, зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, жоспарымен танысты. Өңір экономикасында елеулі үлесі бар өндіріс орнының көз қызықтыра дамыған жылдары да, тоқырауға іліккен кездері де болды. Осыған дейін мемлекеттік тапсырыспен күнелткен зауыттың жұмысы басшысы ауысқалы бері қарқын алды. Кәсіпорын азаматтық өндіріске бағытталып, тендерлерге қатысуға бет бұрды.
Қазіргі таңда зауыт өндірісінің бір бағыты – қазақстандық мұнай-газ компанияларына қажетті жүк көтеру техникаларын жасау. Биыл “Өзенмұнайгаз” және “Ембімұнай-газ” компанияларынан АПРС-40 және ПАП 60/80 жүк көтергіш қондырғыларына тапсырыс алған. Алғашқы төрт машина жақын арада иелеріне жөнелтіледі. Жыл соңына дейін осындай 32 машинаны дайындап берулері тиіс.
– Бұл тапсырысты орындауға бір жыл бойы жан-жақты дайындалдық. Бастама жаман емес. Сонымен қатар вагондарға қажетті бөлшектер көлемін де ұлғайттық. Жаңа өнім – цистерналар тексеруден өткізілуде. Арнайы сертификаттар мен лицензиялар алмайынша оларды сатылымға шығара алмаймыз. Жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде, – дейді зауыт директоры Арман Құлмағамбетов.
“ПАМЖЗ” акционерлік қоғамының жасаған келісімдерінің жалпы сомасы 10 млрд. теңгені құрайды. Өндірісті кеңейтіп, астық таситын вагондар мен өрт сөндіруге арналған пилотсыз ұшу аппараттарын жастайтын цех ашу жоспарланған. Осы мақсатты жүзеге асырса, өнеркәсіптегі еңбеккерлер саны екі есеге ұлғаяды. Бүгіннің өзінде зауытта 500 адам еңбек етеді. Кадр мәселесін шешу үшін жергілікті оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан.
Зауыттың жаңаша жұмыс істеп, серпін алып келе жатқанына облыс басшысының көңілі толды. Одан әрі дамуына кедергі тудырып тұрған мәселелерге де назар аударды. Мәселен, Петропавл жылу орталығы мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің қажеттіліктерін орындап, керекті құрал-жабдықтарын жасап беруге ниет бар, бірақ әлеует әлсіз.
– Тапсырысты он есеге арттырып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыздар. Өте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әкімдік тарапынан кәсіпорын жұмысын тұрақтандыруға жан-жақты көмек көрсетіледі, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Зауыт басшылығы алдағы жылдары кәсіпорын еңбеккерлері үшін жатақхана салуды қолға алмақ. Сондай-ақ биылғы жылдың тамыз айынан бастап қызметкерлердің әлеуметтік жеңілдіктері мен өндірістік персоналдың жалақысы өседі. Зауыттың жұмысшыларын медициналық сақтандыру, арнайы шипажайлар мен санаторийлерге жолдама беру үдерісі де жандандырылған. Биыл он бір адам кәсіпорын есебінен демалып, ем-дом алып жатыр.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.