Өңірдегі белсенді жастардың басын қосып, түрлі ұйымдардың жұмысын үйлестіру мақсатында әр аудан мен облыс орталығында көп жылдан бері жастар ресурстық орталықтары жұмыс істеп келеді. Бұл орталық жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына жәрдемдесіп, оларға арналған ұйымдардың қызметіне қолдау көрсетеді. Осы күні ел бойынша жалпы саны 200-ден астам осындай ұйым бар. Оның 16-сы облыстық, 38-і қалалық, ал қалғаны – аудандық деңгейдегі орталықтар. Ал біздің өңірде бір қалалық, 13 аудандық ресурстық орталық жұмыс істейді.
Өңірдегі жастар саясатын жүргізуде бұл орталықтардың жұмысы елеулі орын алады. Мұндағы мамандар ұйымдастыратын іс-шаралар мен бастау алған тың жобалар көптің көңілінен шығып, облыстағы кейінгі буын өкілдерінің қоғамдық жұмысқа деген қызығушылығын арттырып, белсенділердің басын қосуда. Мемлекеттік қолдау жайында ақпарат алып, “Жастар практикасы”, “Алғашқы жұмыс орны” сияқты бағдарламаларға қатысқысы келетіндер осында жүгінеді. Облыста өтетін ірілі-ұсақты мерекелік шаралардың маңайынан да орталық мамандары мен белсенділерін жиі көреміз. Балалар мен жастар арасында байқаулар ұйымдастырып, демеуші болып, қолдауды аямайды. Өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының жұмыстарына айтылар сын болғанымен, атқарған істерінің нәтижелері мен жетістіктері көңіл қуантады.
Алайда осындай оң өзгерістерге қарамастан аталған бағыттағы жұмыстардың кемшіліктері де жоқ емес. Әсіресе қаржы тапшылығы ресурстық орталықтардың қолын байлап отыр. Қазіргідей заманда қай сала мамандарының болсын шекесі шылқып отырмағаны белгілі. Алайда мұндағылар қолдаудың мүлде мардымсыз екеніне налиды. Сондықтан да ойға алған көп дүние жүзеге аспай қалып жатады. Ресурстық орталық қызметкерлерінің айлығы да шайлығына әрең жетеді. Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының әдіскері Айнұр Ілияс та осы мәселені көтеріп жүр. Оның айтуынша, жалақының аздығы жұмыс сапасына да кері әсер етуде.
– Қазір жастар ресурстық орталықтарында жалақы мәселесі өткір тұр. Ондағы аз ақшаға ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Барлығының отбасы, жеке шығындары бар. Сондықтан кадр табу өте қиын. Өткен жылдың өзінде 8 орталық директорының ауысуы біраз нәрсені аңғартып тұр. Мұндағы табыспен баспана алу үшін ұзақ жыл тер төгу керек. Меніңше, орталық мамандарының жалақысын өсіру қажет. Штатымыз да үлкен емес. Біз өз қатарластарымызды біріктіріп, жұмыс істегіміз келеді. Бірақ ондай мүмкіндік жоқ, – дейді маман.
Айнұр Ілиястың алатын еңбекақысы 80 мың теңгеге жетер-жетпес. Әрі аудан орталықтарында еңбек ететін жастарға арнайы төлемдер де төленбейді екен. Ал мұндағы шараларға қолдау білдіріп, қосымша қаржы беретін аудандар саусақпен санарлық.
Аталған мәселе Ақжар аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Бекарыс Іздібайды да алаңдатып отыр.
– Табыс төмен болған соң көп қызметкерлер басқа жерлерде қосымша еңбек етеді. Мамандарымыз екі кеменің құйрығын ұстаған соң жұмыста қандай сапа болады? Жалпы орталықтарға деген көзқарас көңілді жүдетеді. Қарапайым ғимарат беру мәселесі шешілмеген. Мәселен, бізде бір вакансия бос тұр. Егер ол орынға маман алсақ кеңсемізде орын болмайды. Жұмысқа қажет компьютерлер де ескі. Интернет желісі жоқ. Облыс орталығымен байланысу үшін өзге мекемелерге жүгінеміз. Іс-шара өткізер кезде де жағдай осы, – дейді орталық басшысы.
Осыған ұқсас жағдайлар өзге өңірлерге де тән. Мәселен, облыстардың біріндегі жастар ресурстық орталығындағы үш маманның бірі – жас маман, екіншісі – ардагерлер кеңесінің өкілі, үшіншісі – теолог екені анықталған. Жалақы мардымыз, қолдау аз, бақылау әлсіз болған соң осылай біраз орталықтың жұмысы ақсап тұр.
Жастар ресурстық орталықтарының міндеттері мен функциялары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бұйрығында жазылған. Оған сүйенсек, ұйым қызметкерлерінің міндеттері ақпараттық әдістемелік жұмыс жүргізу, жастар бастамаларына кеңес беру, жастар арасындағы сауаттылықты арттыру, психологиялық, заң көмегін көрсету, кәсіпкерлікті жандандыру, волонтерлік қызметті дамыту болып жалғасып кете береді. Бұйрық бойынша жас отбасылармен жұмыс жүргізу, жастар ұйымдарын, қозғалыстарын дамыту, жастардың мүдделері мен қажеттіліктері негізінде жобалар мен бағдарламаларды әзірлеу ісі де орталықтарға жүктелген. Бұдан тыс мұндағылар жергілікті жерде жұмыспен қамту, іс-шаралар өткізу, “NEET” жастармен жұмысқа да араласады. Биыл өңірде кештетіп басталған “Жасыл ел” бағдарламасын жүзеге асыру да осы мамандардың мойнында. Атқаруы тиіс қыруар жұмысқа қарамастан орталық мамандары қолдау мен жалақының төмендігіне қапалы.
Белсенді жастар өз сауалдарын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдеріне де жолдаған. Ал ондағылар бұл істі облыстардың әкімдіктеріне сілтейді. Алайда барлық өңірде қаржы бірдей болмағандықтан кей жерлерде ресурстық орталықтар назардан тыс қалған. Мәселен, Қарағанды, Ақмола облыстарында жалақы өскенімен, көршілес Қостанай мен біздің өңірде бәз баяғы қалпында қалған.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.