Өңірде ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қанатқақты жоба алғаш рет Жамбыл облысында, кейін республика бойынша қолға алынған.
Бұл бағдарлама арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыссыз азаматтар, ісін жаңадан бастаған және тұрақты бизнесі бар кәсіпкерлер, жеке қосалқы шаруашылықтар мен отбасылық кәсіпкерліктердің мүшелері жеңілдетілген несие ала алады.
Жоба шарты бойынша олар ауылды жерлерде тұрып, бизнес жобаларын жүзеге асыруы керек. Несие алар кезде өтінім берушінің мерзімі өткен қарызы болмауы қажет. Сонымен қатар кепілге қоятын жылжымалы мүлкі болуы тиіс. Жасы 18-ден асқан ауыл азаматтары қатыса алады. Оларға жылдық 2,5 пайызбен 2 жылдан 7 жылға дейін кез келген кәсіп түріне несие беріледі.
Жалпы “Солтүстік” ӘКК” АҚ өтінімдерді қабылдауды 8 маусымда бастады. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысуға жалпы сомасы 950 миллион теңгені құрайтын 120 өтініш түскен. Қазірдің өзінде 40 өтінім мақұлданды.
Бағдарламаға Қызылжар, Айыртау және Шал ақын аудандарының тұрғындары белсенді қатысып жатыр. Несие алушылардың дені мал шаруашылығы бағытын таңдаған. Ал қалған өтінім берушілер жүк тасымалдау мен сауда-саттықты дамыту бағыттары бойынша кәсібін дамытпақ.
Өңірімізде “Ауыл аманаты” жобасын жүзеге асыруға 1,8 млрд. теңге бөлінген.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.