«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕРЕЙ” МЕКТЕБІНІҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгідей ғаламтор мен әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұрған заманда ұрпақ тәрбиесін ақсатып алмау – баршамызды алаңдатып отырған мәселе. Ұрпақ тәрбиесі тек отбасында ғана емес, қоғамның әр саласында күнделікті жүзеге асып жатады. Тәрбиенің де ұлттық, отбасылық, еңбек арқылы, рухани деген түрлері бар. Осылардың ішінде өнер арқылы тәрбиелеудің алар орны бөлек. Жасынан өнерге ынтық болып, шығармашықпен шұғылданған баланың көкжиегі кең, көзқарасы түзу болады. Өнер құдіреті кейінгі буынның жұлдызын жағып, олардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңіре алады. Бұған көпжылдан бері дарынды оқушылардың бағын ашып келе жатқан “Мерей” өнер мектебінің жұмысы дәлел.

Биыл Қызылжар ауданындағы “Мерей” өнер мектебінің өз есігін айқара ашқанына 19 жылдан асып барады. Аудандық Мәдениет үйіндегі мектепке келушілер көркем сурет, хореография, ән салу және аспаптық бөлімдерде білім алады. Аспаптық бөлімде балғындарға домбыра, қобыз, фортепиано, скрипка, баян үйретілсе, ән бөлімінің домбырамен, эстрадалық, академиялық ән салу сияқты бағыттары бар. Бұл сыныптарда бүгінде 250-дей оқушы тегін білім алады.

2009 жылдан бері қосымша білім беру мекемесіне басшылық етіп келе жатқан Әлия Сеңкібаеваның сөзінше, алғашқы жылдарға қарағанда мектептің керегесі кеңейіп, ұжымы толыға түскен. Мектептің қалыптасқан өзіндік берік дәстүрлері бар. “Мерейдің” 20 жылға жуық уақыт жұмыс істеп, жүздеген баланың жолын ашуына да осы дәстүрлердің берік сақталуы себеп. Аталған мекеменің өзге өнер үйірмелерінен ерекшелігі – оқушылар өз саласы бойынша бірнеше жыл білім алып, әбден шыңдалады. Жұмыс жүйеленіп, тұрақтылық сақталады. Қосымша білім беру мекемесі демесеңіз мұндағы тәртіп пен талап, жоғары деңгейде. Тәлімгерлер алдына келген балаға қысқа мерзімде сабақ беріп, 12 айдан кейін қоштаса салмайды. Өнер жолының қыр-сырын көрсетіп, кәсіби деңгейде жұмыс істеп, ұзақ жылдар жетекшілік етеді. Мысалы, домбыра сыныбына түскендер 5-7 жыл, хореографиямен айналысатындар – 7, ал көркемсурет бағытындағылар 8 жыл оқиды. Оқытудың бәрі бейінді министрліктің бекіткен бағдарламалары негізінде жүзеге асады. Мамандар бала скрипка мен фортепианоға – 5, хореография мен сурет салуға 6 жастан, домбыра мен қобыз тартуға 3-сыныптан барғаны дұрыс дейді. Жалпы мектепте оқушыларды 5 жастан бастап 18-ге дейін оқытуға жағдай жасалған. Оқуды аяқтағаннан кейін түлектерге білімін растайтын куәліктер табысталады. Бұл құжат дарындардың білімдерін колледждер мен жоғары оқу орындарында жетілдіруіне жол ашады.

Өнер мектебі өзге оқу орындарында да өз бөлімшелерін аша бастаған. Бүгінде екі ауысымда тәлім беретін Мәдениет үйіндегі үйірмелерден бөлек аудандағы білім мекемелерінде филиалдар жұмыс істейді. Бескөл ауылындағы №3 мектептің оқушылары домбыра, қобыз, ән бағыттары бойынша, №2 мектептің өрендері скрипканы өз мектептерінде үйренеді. Бескөлге көрші Бәйтеректегі домбыра сыныбы да алдағы уақытта кеңейе түспек. Подгорное ауылындағы балалар да хореографияның әліппесін ашыпты. Мектеп мамандары Архангелкада домбыра, Якорьда фортепианодан сабақ береді. Ал Соколовкадағы оқушылар хор бағытында 7 жыл оқып, биыл түлеп ұшқан. Әлия Серікқызы алдағы уақытта өзге мектептерде де филиалдар ашылатынын айтты. Бұл – оқушыларға ыңғайлы болу үшін жасалып отырған қадам. Алыс ауылдардағы білім ошақтарымен байланыс орнатқалы өнерге ынтамен берілген жастардың да қатары артқан.

Мектепте жүзеге асып келе жатқан тағы бір оң бастамалардың бірі – “Komek times” бағдарламасы. Бағдарлама аясында “Мерей” мектебі мен облыс орталығындағы дарынды балаларға мамандандырылған өнер колледжі тығыз байланыс орнатқан. Бұл екі оқу орнының ұжымы тізе қосып, түрлі конференциялар, шеберлік сағаттары мен шараларды ұйымдастырады. Колледж мамандары Бескөлдегі әріптестеріне келіп тәжірибе алмасса, мұндағы мамандар дарынды балаларға арналған мектептің сабақтарына қатысады. Облыс орталығындағы іргелі білім ордасының Қызылжар ауданындағы қосымша білім беру мекемесін серіктес етіп таңдауы да бекер емес.

19 жыл ішінде оқушылардың бағындырған биігі көп. Олар талай облыстық, республикалық, халықаралық өнер бәйгелерінде топ жарып, өңір мерейін асырып жүр. Өнер мектебі үшін өткен оқу жылы да табысты болыпты.

– Шәкірттеріміздің шығармашылыққа деген ынтасы жоғары. Оларға арналған арнайы байқаулар тізімі бекітілген. Оның сыртында қосымша конкурстарға да баланың қалауына қарай қатысамыз. Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін “Жас музыкант” байқауы бар. Бұл байқауға ел бойынша барлық өнер мектептерінің оқушылары қатысқандықтан жеңіп шығу өте қиын. Биыл аталған додаға Лариса Агаджанянның жетекшілігімен Дарья Касенова және Виктория Потяскинаның жетекшілігімен Агнесса Лукашкина қатысты. Нәтижесінде Агнесса Лукашкина “Өнерді сүйгені үшін” аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Келесі жылы біз “Жас музыкантқа” ұлттық аспаптар бағыты бойынша да қатысып көрмекпіз. Жыл бойы дарынды оқушылар өзге де ірі додаларда бақ сынап, жүлде қоржынымызды толтырды, – дейді “Мерей” өнер мектебінің директоры Әлия Сеңкібаева.

Оқушылардың осындай биікке жетуі ұстаздарға да байланысты. Өз ісіне адал, өнерге шын берілген жетекшілер бір сәтке де тыным көрмей, үнемі жұмысты жетілдірудің жолдарын тауып, ізденіс үстінде жүреді. Тіпті араларында авторлық бағдарлама ойлап тапқандар да бар. Олардың біразы – өңірдегі өнер колледжінде білім алып шыққандар. Өздері де шығармашылықтың адамы, оқушыларына да бар білгенін үйретіп жүрген мамандардың әрқайсысын жеке атап өтуге тұрарлық жандар. Аудан көлемінде жұмысын өрге домалатып отырған мектептің аясында бірнеше ансамбль ашылған. Солардың ішінде тәжірибелі ұстаз Берік Жанатов жетекшілік ететін “Шашу” домбырашылар ансамблінің аяқалысы көңіл қуантады. Аталған ансамбль күні кеше Астанадағы байқауда гран-приді еншілепті. Бір жылдары “Шашу” шекара асып, Омбыдағы додадан бас жүлдені иеленіп келгені бар. Хореография бөлімінде жас бишілердің “Қызылжар” ұлттық би ансамблі жұмыс істейді. Фортепиано сыныбындағы өрендер де ансамбль ретінде сахнаға шығып, байқауларда бақ сынап жүр.

“Мерейдің” тарихы жайлы айтқанда мектеп директоры пандемия жылдарын ерекше еске алады. Талай саланың жұмысын сынға алған сол бір жыл біз сөз етіп отырған мекемеге де оңайға соқпапты.

– Пандемия уақытында бір жыл бойы қашықтан жұмыс істедік. Жалпы білім беретін мектеппен салыстырғанда біз қосымша білім беру мекемесіміз. Сондықтан оқушыларымыздың кетіп қалу қаупі туды. Қашықтықтан қосымша білім беру қарапайым сабақ өткізгеннен де қиын. Мысалы, онлайн хореография сабағын көзіңізге елестетіп көріңізші. Сол сияқты басқа сыныптарда да қиындықтар туды. Жұмысты ақсатпау үшін екі күннің ішінде бәрін жүйелеп, жаңаша тәртіп құрдық. Ата-аналармен үнемі байланыста болып, көмегімізді аямадық. Ұстаздарымыз жылдам бейімделді. Ата-аналар да сенім артып, үлкен қолдау білдірді. Онлайн оқыған кезде бір де бір бала кету туралы арыз жазған жоқ. Сол тәжірибемізді бүгін де сәтті пайдаланып келеміз, – дейді Әлия Серікқызы.

Мұндағы балалардың концерттерде өнер көрсетіп, байқауларға қатысуына барынша жағдай жасалған. Мектепке керекті костюмдер, құрал-жабдық, аспаптар жеткілікті. Оларға күтім жасап, аспаптардың күйін келтіріп отыратын арнайы мамандар да бар. Осыған қарамастан өнер мектебінің алдында тұрған қиындықтар да жоқ емес. Қай салада болсын білікті кадр табу мұңға айналған заманда “Мерейдің” ауылдардағы сыныптарына да жетекші іздеу оңайға соқпайды. Кей елді мекенде мамандар жоқ болса, кей жерлерге аудан орталығынан мұғалімдердің қатынауы қиынға соғып тұр. Сонымен қатар Мәдениет үйінде жүздеген балаға екі ауысымда сабақ беріп отырған жетекшілердің мектептің еншісі бөлек жеке ғимараты болса деген тілегі бар.

Мектеп абыройының биік болуына осы жерден түлеп ұшқан жастар да үлес қосуда. Соңғы бірнеше жылда өнер мектебінен үлкен өнер жолына жолдама алып шыққандар осы күні әр салада алдыңғы қатардан көрініп келеді. “Мерейдің” дарынды ұл-қыздары одан әрі өз білімдерін жалғастырып, колледж, консерватория, өнер академияларына түседі. Солардың бірі – Мөлдір Тілейхан биыл консерваторияны тамамдап, өңірге оралып, өзі де шәкірт тәрбиелемек. Ал Қуаныш Берден жергілікті өнер колледжін аяқтап, соңғы бір жыл жастар шығармашылығын дамытуда алдыңғы қатарда жүр. “Мерейдің” қабырғасында-ақ көзге түскен Азира Кабиева бүгін хорға дирижерлік ету бағытында консерваторияда, Сания Хамзина музыкалық академияда жоғары білім алып жатыр. Жас домбырашы Алихан Қуандық ұстаздарының жолын қуып, Оқушылар сарайында еңбек етуде. Мектеп түлектерінің ішінде Виктория Малышкинаның оқиғасы елең еткізбей қоймайды. Алғашында ата-анасының жетелеуімен хореография сыныбына келген орыс қызы осы жерден домбыраның үнін естіп, қызығушылығы оянады. Келе-келе киелі аспаптың үніне ғашық болады. Осылайша әу баста бишілік жолды таңдаған Виктория күйші болып шығады. Бүгінде ол Омбыдағы қазақ ағайындардың орталығында мәдениетімізді насихаттап, қаракөздерімізге төл өнерімізді танытатын үйірмеге жетекшілік етіп отыр.

Өнер мектебіндегі мамандар бұдан әрі де дарынды балаларды іздеп, олардың жұлдызын жағу үшін еңбек ете бермек. Егер қаржы бөлініп, маман табылып жатса алыс ауылдарда да сыныптар ашу ісі жалғасады. Еңбекқор ұстаздары, зейінді шәкірттері, қолдаушы ата-аналары бар мектеп осы бағыттан таймай, қалыптасқан дәстүрлерді сақтап, жаңа заманға сай қосымша білім беруді көздейді. Келер жылы мерейлі 20 жылдығын атап өтетін “Мерей” мектебінің мерейі қашан да үстем болсын дейміз.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp