Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары Ақжар ауданына аттанды. Себебеі қураған ағаш қайта өртенді. Мұнда өткен аптаның соңында ірі өрт ошағы сөндірілген еді.
Болжам бойынша, өрт өткен жолғы ошақтың маңынан шыққан. Одан кейін Тұғыржап ауылынан жеті шақырым жерде 40 гектар аумақта құрғақ шөп күйіп, өрт Орлиногорск орман шаруашылығының аумағына өтіп, 2,7 гектар орманды от шарпыды.
Оқиға орнында 92 адам мен 13 техника жұмыс істеді. Орман шаруашылығы мекемесінің аумағындағы өрт келесі күні толықтай сөндірілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, өрт аумағы 450 гектарды құрады.
Өртті сөндіру ауа температурасының 35 градус жоғары болуы және секундына 10-15 метр жылдамдықпен соққан желдің әсерінен қиындаған.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.