«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕЛДАЛСЫЗ САУДА ТИІМДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық әкімдікте бірінші жарты жылдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланды. Экономика бірқалыпты дамуда.  Облыс әкімі Айдарбек Сапаров 7 айдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімін қамтамасыз етіп, тәуекелге талдау жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту және тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі тапсырманың орындалуын қамтамасыз ету қажет.

Отырыс барысында азық-түлік бағасына баса назар аударылды.  Кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин өңірдегі баға тұрақты екенін жеткізді. Оның сөзінше, өңірдегі 8 тауар құны ел бойынша ең төмен. Сонымен қатар делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссияның отырыстарын өткізіп, жәрмеңке ұйымдастыру да өнім құнына оң әсер еткенін айтты. Басқарма басшысы жаңа піскен көкөніс бағасының өсуі жыл сайынғы маусымаралық құбылыс екенін алға тартты.

Жыл сайын өңір тұрғындары орта есеппен 336 тонна күріш тұтынады. Бүгінде қоймаларда аталған өнімнің 89 мың тонна қоры бар. Азық-түлік бағасын тұрақтандырумен айналысатын “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Қызылордадағы күріш өндірушілермен 4 вагон күріш сатып алу туралы меморандумға қол қойған.

– Өткен айда біз Қызылорда облысына барып, өндіруші компаниямен 272 тонна күріш алу туралы меморандумға қол жеткіздік. Кәсіпорын күрішті өзі өсіріп, өңдеп, сатылымға шығарады. Сондықтан да екіарада ешқандай алыпсатарлар жоқ. Келісімшарт жасасып, келісі 412 теңгеден 136 тонна күріштің ақшасын төлеп қойдық, –дейді “Солтүстік” корпорациясының басқарма төрағасы Жақсылық Есдәулетов.

Жалпы 2023-2024 жылдарға арнап тұрақтандыру қорына 204 тонна күріш сатып алынған. Қордың 7 сауда нүктесі үшін 19 тонна, ал ірі супермаркеттер үшін 70 тонна күріш қоры бар. Аталған өнім  тұрақтандыру қорында – 300, ал сауда желілерінде 335 теңгеден сатылып жатыр. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен ауыл дүкендері де серіктес болып, тұрғындарға төмен бағада азық-түлік жеткізе алады. Ол үшін жергілікті жердегі кәсіпкерлік бөлімдеріне жүгінуі керек. Өнім супермаркеттерге аптасына 3, шағын дүкендерге 2 рет жеткізіліп тұрады.

Тұрғындар мен саудагерлер тұрақтандыру қорындағы азық-түліктің бағасын және арнайы сауда орындарын корпорация сайтынан біле алады. Бүгінде мұндағы қанттың келісі – 460, қарақұмық – 330, сәбіз – 180, кортоптың келісі 110 теңгеден сатылатыны жөнінде ақпарат жарияланған.

Алайда бағаны тұрақтандыруға қатысты атқарылған жұмыстарға өңір басшысының көңілі толмады.  Облыс әкімінің аппараты жеке дүкендердегі бағаларды тексеріп, 59 дүкеннің 58-інде бағаның қымбаттағанын анықтаған. Бұл келеңсіздікті реттеуге 10 күн уақыт берді.

Өңір басшысы биыл ішкі нарықты өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында картоп пен қарақұмық егу көлемі ұлғайғанын еске салды. Сонымен қатар әр ауданда шағын құс фабрикаларын ашып, халықты жұмыртқамен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары бар.

– Біз делдалдық схемаларды тексеру бойынша облыстық комиссияның 53 отырысын өткізіп, тек үш фактіні анықтадық. Бұл жұмыс тиісті деңгейде жүргізілмейді. Кеңселерде кездесулер өткізумен шектелмей, сауда орындарын аралап, шынайы жағдайға нақты баға беру керек,  – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp