«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНДАСТАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ ОРТАЙМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Түрлі себептермен әлемнің түкпір-түкпірінен тарыдай тарап кеткен қандастарымыз аз емес. “Отандастар қорының” негізгі міндеті – сол жандардың тарихи Отаны – Қазақстанға деген қызығушылық отын сөндірмеу, бойларындағы қазақи болмысын барынша сақтап қалу мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Осы орайда, шетелде тұрып жатқан және атамекенге оралған этникалық қазақтарды қолдау мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар, алға қойған мақсаттар жайлы білу үшін “Отандастар қорының” Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбайды әңгімеге тарттық.

– Әлфараби Хусанұлы, қор тарапынан солтүстікке қоныс аударған қандастарға қандай қамқорлық пен көмек көрсетіліп жатыр?

– Мен “Отандастар қорының” Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі болғаныма 3 айдан асты. Қызылжар өңіріне жыл басынан бері көшіп келген қандастарымыздың басым көпшілігі – Моңғолиядан, Қытайдан, Ресей, Өзбекстаннан қоныс аударған қандастар. Облысымыз бойынша қандастарымызға биыл 164 квота бөлінді. Тағы да 30-дан астам квота алу үшін қосымша өтініш беріп отырмыз, себебі Моңғолиядан өңірімізге 7 отбасы көшіп келді, қоныс аударғысы келетіндер әлі де баршылық.

Ал көшіп келіп жатқан қандастарымыздың басым көпшілігі ауылды жерлерге, нақтырақ айтқанда, Мамлют ауданындағы Покровка, Тайынша ауданындағы Келлеровка және Аққайың ауданының ауылдарына орналастырылып жатыр. Оның бірінші себебі кейбірінің, өкінішке қарай, мамандығы жоқ. Бұл жағдайда біз шаруа қожалықтарымен келісіп, малшы, сауыншы етіп жұмысқа орналастырып жатырмыз. Ал екіншіден, солтүстік өңірде халық азайып, ауылдардың саны қысқарып, мектептер жабылу алдында тұр. Алтын бесігімізді сақтап қалу мақсатында қандастарымыз осы ауылдарға орналастырылуда.

Қор тарапынан көрсетіліп жатқан көмек – азаматтық алуға жағдай жасау, ақпараттық қолдау көрсету және құжаттарын белгіленген тәртіп пен тізімге сәйкес реттеу. Бұл жерде айта кететін тағы бір жайт, Моңғолия мен Қытайдан көшіп келіп жатқан қандастарымыз орыс тілін білмейді. Сондықтан осы кісілерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз.

– Көшіп келген қандастарымыздың өңірімізге бейімделуі қалай жүзеге асуда?

–Қандастарымыз атақонысқа оралуға ниет білдіргеннен бастап, біз олармен тығыз жұмыс істейміз. Әлеуметтік желілерде арнайы топтарымыз бар. Яғни біз оларды алдын ала әр өңірдің ерекшеліктерімен таныстырып, ауа райы, тұрғындары туралы толық ақпарат береміз. Осыған орай қандастарымыз мамандықтарына, туған-туысқандарының қонысына қарай белгілі бір өңірді таңдайды. Әрине бірден бейімделіп кете алмайды, ол үшін уақыт керек. Біз олар елімізге, өңірімізге бейімделіп кеткенше қолдан келер көмекті аямаймыз.

– Шетелдегі қазақтарды қолдау мақсатында қандай жұмыстар жүзеге асырылып жатыр?

– 2022 жылы “Отандастар қоры” әлемнің 40-қа жуық елінде ашылған 100-ге жуық қазақ ұйымының басшыларымен және белсенділерімен кездесті. Шетелдегі қазақ ұйымдары туралы ақпараттық анықтама базасы дайындалып, ортақ желі құрылған.

“Отандастар қоры” тарапынан шетелдегі қазақтарға қолдау көрсетіліп келеді. Өткен жылы Еуропадағы қазақ құрылтайын, Өзбекстан және Қырғызстанмен қарым-қатынастың 30 жылдық мерейтойы шараларын өткізуге көмектесті. Алтай қазақтарының Түркияға көшінің 70 жылдығына орай “Қазақ-түрік бауырластығы” ескерткіші ашылды, халықаралық конференция өтті. Түркияның Алания қаласында “Abai Uii” мәдени-іскерлік үйінің өкілдігі ашылды. Ресейдің Орынбор, Омбы, Астрахань қалаларында, Иранның Горгон қаласында қандастарымызбен жылы жүздесу болды.

Елімізде күні кеше “Отандастар қоры” КеАҚ-ның ұйымдастыруымен 2019 жылы бастау алған “Жас қазақ” жазғы этнолагері биылғы маусымын сәтті аяқтады. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлай алдық деп ойлаймын.

Жазғы этнолагерь табиғаты әсем, ауасы таза, Абылай хан ордасын тіккен Бурабай төріндегі “Iqanat High School of Burabay” мектебінде өтті. Әлемнің 8 мемлекетінен, атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 200-ге жуық этникалық қазақ балалары келді. Осы балалардың арасында елімізге алғаш келгендер де бар. Тіпті кейбірі елге аяқ басқанда қуаныштан көз жасына ерік берді.

Сонымен бірге елге оралған қандас бауырларымызға арналған жоғары оқу орнына бөлінетін арнайы гранттар да бар. Мұнда олар ай сайынғы шәкіртақымен және жатақханамен қамтамасыз етіледі. Бір жылдың ішінде олар мемлекеттік емтихандарға дайындалады, тіл үйренеді.

Оқу қазан айынан мамырға дейін созылады. Айта кететін жайт, үстіміздегі жылы өңіріміздегі жалғыз оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін 17 қандас тамамдады. Кейбірі оқу бітірген соң ата-анасын атамекенге көшіріп әкеліп жатады. Мәселен, Сәтжан Нұржол деген бауырымыз университетті 2021 жылы тамамдап, Тайынша ауданына ата-анасын көшіріп әкелді. Мұндай оқиғалар елімізде өте көп.

– Қордың ұйымдастыруымен құрылтайлар, конференциялар, семинарлар, симпозиумдар, брифингтер, кеңестер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылып жатқанын білеміз. Осы шаралар аясында қандай мәселелер шешімін тапты?

– Иә, маңызды кездесулер елімізде де, шетелде де көптеп ұйымдастырылды. “Отандастар қоры” тарапынан шетелдік және Қазақстанға оралған этникалық қазақтарды қолдау мақсатында құрылтай жүйелі түрде өткізіліп отырады. Көптеген елде қазақ диаспоралары бар. Солармен бірігіп, ұлтымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптеп отырамыз.

Осы жерде “Отандастар қорының” ұйытқы болуымен Моңғолиядағы қазақтар арасында өткізілген құрылтайды атап өтуге болады. Айтулы шара 4-10 шілде аралығында Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өтті. Қорымыздың президенті Абзал Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері болды. Қазақ-моңғол қарым-қатынастарының дамуына, халықтар достығын нығайтуға және ұлттық руханиятқа қосқан үлесі үшін бірқатар қайраткерлер марапатталды. Моңғолияның Ұлан-Батыр, Хобда, Баян-Өлгей аймақтарында өткен құрылтай бұдан әрі кітап тұсаукесерлері, ескерткіш пен көше ашу, кіші құрылтай отырысы және Қарағанды қаласындағы Тәттімбет атындағы консерватория оркестрінің концерті секілді шараларға ұласты. Қаракөздерімізді көріп, көңіліміз марқайып, ақ жаулықты аналарымызға “Әр қазақ – менің жалғызым” деген жазуы бар “Алғыс” медалін табыстадық.

Ал енді еліміздегі қандастарға келсек, нақты өңіріміз бойынша ақпараттық-кеңес беруді күшейту мақсатында “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырылды. Бұл – ресми жағы. Бейресми кездесулерді де міндетті түрде өткізіп отырамыз. Мәселен, шалғай аудандарды бірге аралап, қаламен таныстырып, жалпы облысымыздың көрікті жерлерін көрсетуге тырысамыз.

– Шетелдердегі қазақ мектептерімен орталықтар оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен және өзге әдебиетпен қамтамасыз етіле ме?

– Әрине, шетелдердегі қазақ мектептерін әдебиетпен, оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен және өзге әдебиетпен қамтамасыз етіп отырмыз. Қай елге жолымыз түссе, тарихымыз бен тұлғаларымызды таныту мақсатында сол елге қазақ тіліндегі қызықты кітаптарды ала барамыз. Былтыр “Қоржын” жобасы шеңберінде 17 елдегі 43 қазақ ұлттық-мәдени орталығына материалдық көмек көрсетілген. Сондай-ақ шетелде ұлттық өнеріміз бен құндылықтарымызды дәріптейтін өнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің “Қасиетті қазақ елі” өнер фестивалі өтті. Тараз қаласында өткен бұл фестивальге 145 үміткер қатысқан. Әлемнің 10 елінде тұратын 500-ге жуық қандасымыз арасында шығармашылық байқаулар өтті. Домбыра курсы сияқты жобалар да бар. “Киелі Қазақстан” жобасы аясында әлемнің 10 елінен келген 31 қандасымыз жаңадан құрылған Абай облысында болды.

– Шетелдегі отандастарымыз тілімізді ұмытып бара жатқаны белгілі жайт. Егер аға буын ұмытса, өскелең ұрпақтың қазақ тілін мүлде білмеу қаупі бар. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Қор қазақ тілін үйрету бағытындағы ағартушылық жобаларды жүзеге асырып жатыр. 4 тілде жүргізілетін “Онлайн қазақ тілі курсында” және әлемнің 8 елінің 10 қаласындағы “Офлайн қазақ тілі курсында” мыңнан астам қандас қазақ тілін тегін үйреніп жатыр. Әлемнің 7 елінде қазақ тілінен дәріс оқитын 80-ге жуық мұғалім үшін арнайы біліктілікті арттыру курсы ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, 2022 жылы Президент архивінің қолдауымен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұрынғы төралқа мүшесі Дәлелхан Жанымханұлының “Құжаттар жинағы” кітабы жарық көрді. Алтайдан Үндістан мен Пәкістан арқылы Түркияға жеткен тарихи көштің көзі тірі куәгері, 100 жасқа таяған Әбдірахман Четин Жәлелұлының “Өмір жолымдағы соңғы көш” кітабы да таныстырылды.

Шетелдегі қандастарымыз тілімізге асқан құрметпен қарайды. Сақтап қалуға барынша тырысады. Әсіресе Қытай мен Моңғолиядағы қандастармыз ана тілін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды бізге қарағанда артық біледі. Тілдері таза. Байырғы қалпын сақтап қалған.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp