Мемлекеттік және жергілікті мемлекеттік басқару функцияларын іске асыруда мемлекеттік билік органдары мен лауазымды тұлғалардың әкімшілік-құқықтық құжаттары болып табылатын мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының нұсқамалары әкімшілік-құқықтық әрекет шеңберінде жиі қолданылады.
Кәсіпкерлік кодексінің 87-ші бабына сәйкес, мемлекеттік органдар, олардың ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар байқауды және тексеруді жүзеге асырады. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектісіне бақылауды ұйымдастыру және жүргізу тәртібі аталмыш Кодекстің 13-ші тарауында қарастырылған. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы қатынастар 129-шы бап бойынша реттеліп, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Ішкі бақылау 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексімен, сыртқы бақылау Кәсіпкерлік кодексімен айқындалады. Сонымен қатар тексерулерді жүргізу, ұзарту, тоқтата тұру, қайта бастау, бақылау актілерін рәсімдеу тәртібінің өз ерекшеліктері бар. Олар салық, кеден, бәсекелестікті қорғау, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, мемлекеттiк реттеу, бақылау және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын қадағалау, прокуратура органдары үшін конституциялық және арнайы заңдармен, сондай-ақ Кәсіпкерлік кодексімен реттеледі.
Сыртқы бақылау нәтижелерi негізінде заңнама бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттiк органдар өз құзыретi шегiнде әкiмшiлiк, тәртiптiк iс жүргiзудi қозғайды не тиiстi талап қою арыздарына бастамашылық жасайды және де заңдарда көзделген өзге де шараларды қолдана алады. Бақылау мен қадағалау субъектілерінің қызметі – алдын алу-профилактикалық бақылау, заңдармен айқындалатын тексерулер және тергеп-тексеру. Тергеп-тексеру шаралары Кәсіпкерлік кодексінің жаңа редакциясына осы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Бақылауды ұйымдастырудың және жүргізудің бірінші сатысында міндетті түрде сақталуы тиіс талаптар бар. Олар – тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі, тексеру парақтарын бекіту, тәуекелдерді бағалау мен басқарудың ақпараттық жүйесін автоматты режімге енгізу, бақылау мен қадағалау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау жасау, тергеп-тексеру, бақылау мен қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды және тексеруді тағайындау туралы актіні қабылдау, оны уәкілетті органда тіркеу. Келесі сатыға лауазымды адамдардың әрекеттері кіреді, яғни, құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органда тіркелгені туралы белгі қойылған бақылау мен қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылауды және тексеруді тағайындау туралы актіні ұсыну, қызметтік куәлігін не сәйкестендіру картасын, құзыретті органның режимдік объектілерге баруға арналған рұқсатын және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген, объектілерге бару үшін қажет болатын медициналық рұқсаттаманы көрсету. Тексерудің соңғы сатысында бақылау және қадағалау органының лауазымды адамы бақылау мен қадағалау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау және тексеру нәтижелері бойынша акт және бұзушылықтар анықталған жағдайда оларды жою туралы нұсқама әзірленіп, үш данада жасалады. Біріншісі құқықтық статистика және арнаулы есепке алу саласындағы уәкілетті органға және оның аумақтық органдарына, екіншісі заңды тұлғаның басшысына не оның уәкілетті адамына танысуға және шаралар қабылдауға электрондық түрде табыс етіліп, үшіншісі бақылау және қадағалау органында қалады. Тексерулерді жүргізу, ұзарту, тоқтата тұру, қайта бастау, бақылау актілерін рәсімдеу барысында барлық қағидаттарды бұлжытпай сақтау маңызды. Нұсқамада көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін белгіленген мерзім ішінде ақпарат беруге міндетті. Орын алған олқылықтарды жою туралы нұсқама ұсынылмаса, бақылау және қадағалау органы екі жұмыс күні ішінде ақпаратты ұсыну қажеттігі туралы сұрау салуға және Кәсіпкерлік кодексі бойынша жоспардан тыс тексеру тағайындауға құқылы. Кемшіліктерді қалпына келтірілгенін дәлелдейтін материалдар қоса берілсе, жоспардан тыс тексеру жүргізу талап етілмейді. Құзырлы орган ұсынылған ақпаратты зерделеп, баға беріп, тиісті шешім қабылдайды.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-ші бабының бірінші тармағында мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды немесе нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды тиiсiнше орындамаса, оларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Осы кодекстің 462-ші, 684-ші бабында көзделген әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi мамандандырылған аудандық және оларға теңестiрiлген соттардың судьялары қарайды. Бұл ереже мемлекеттік бақылау мен қадағалау субъектілерінің барлық қатысушыларына қатысты, яғни құқық бұзушылық құрамының барлық белгiлерi бар іс-әрекетттер сотқа жолданып, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартуға негiз болады. Сот практикасында мұндай мысалдар сәулет, қала құрылысы саласында көбірек кездеседі. Азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде де келеңсіз қоғамдық қатынастар жиі ұшырасады. Оның ішінде өрт фактілері адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндіретін, жеке және заңды тұлғаларға, қоғам мен мемлекет мүдделерiне материалдық нұқсан келтiретiн техникалық және әлеуметтiк сипаттағы арнайы қатерге жатқызылады. “Азаматтық қорғау туралы” заң бойынша азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық және салалық кіші жүйелерден тұрады. Өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау профилактикалық бақылау және тексеру нысанында жүзеге асырылады. Өртке қарсы мемлекеттік қызмет ұйымдары бұзушылықтарды анықтаған жағдайда арнайы нұсқама береді. Талаптарды орындамаудың ақыры жауаптылыққа әкеп соқтырып, оның негізінде әкімшілік жазаға тартылады. Жеке тұлғаларға бес айлық, лауазымды адамдарға он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға бір жүз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Мемлекеттік басқаруда қабылданған нұсқамалар қоғамда жаңа құқықтық қатынастардың орнығуына себепкер болатыны жергілікті тәжірибеде аз кездеспейді. Олардың бір парасы міндетті түрде орындалуға жатады. Мемлекет тарапынан бақылауға алынған субъектіде құжатты орындау талап етіледі. Нұсқама орындалмаса, мәжбүрлеу шарасы қолданылады. Егерде бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалуы жөнінде ақпарат ұсынылмаса, жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарымен бірлесіп қабылдаған уәкілетті органның шешімі нормативтік емес құқықтық актілерге жатқызылады. “Құқықтық актілер туралы” заңға сәйкес, жеке қолданылатын құқықтық акт уәкілетті органның өкілеттігін іске асыратын, бірақ құқықтық нормаларды қамтымайтын жазбаша ресми құжат саналады.
Жоғарыда атап өткендей, қоғамда қалыптасқан барлық қатынастарды мемлекет тарапынан реттеудің маңызы зор. Осы себепті адамдардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі, олардың заңды талаптарын, қоршаған ортаның бүлінбеуін, мүліктік мүдделерін қорғау құқықтық мемлекеттің негізін құрайтындықтан, мемлекеттік реттеудің мәні айрықша. Сондықтан экономиканың дамуына, ал кәсіпкерлер тарапынан заң нормаларының қатаң сақталуына, ұлттық экономикаға инвестициялар тартуды ынталандыратын механизмдерді жандандыруға, адал бәсекелестікті дамытуға, оған жағдайлар жасауға, шағын және орта бизнес өкілдерінің іскерлік беделіне нұқсан келтірмеуге бәріміз де мүдделі болуымыз тиіс.
Дархан БЕЙІСОВ,
Петропавл қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы.