Қоғамды іштен аздыратын діни радикализмге кешенді идеологиялық іс-шараларды өрістету арқылы ғана тойтарыс бере аламыз. Деструктивті діни ағымдардың құрығына әлі көзқарасы айқындалмаған, әрнәрсеге еліктегіш жасөспірімдер мен студенттер тез түседі. Араларында егде жастағы адамдар да кездеседі. Ата-аналар ұл-қыздарының радикалды идеологияның құрбанына айналғанын болары болып, бояуы сіңгеннен кейін біліп, сандарын соғып жатады. Діни радикализмнің арбауына түскен адамдар адасушылыққа ұрынғандарын өздері де сезбей қалады. Мысалы, “Жаңа дәуір” қозғалысының доктринасы дәстүрлі емес нанымдардың көпшілігінің идеологиялық негізі болып табылады. Оның ақыры діни радикализмнің улы қармағына түсуіне әкеліп соқтырады. Сыртқы дүниені “тазартуға” және “өзгертуге” бағытталған “таза” діндарлық қажеттілік деп алдаусырату арқылы қазіргі саяси жүйені жою және тұрақсыздандыру мақсаттарына жетудің жолдары ретінде демагогияны қолданады. Тәртіпсіздіктер, азаматтық бағынбау актілері, лаңкестік пен партизандық соғыстарды ұйымдастырады. Бұл ретте олар кез келген келіссөздер жүргізуден, өзара жеңілдіктерге негізделген келісімдерді немесе шарттарды іздеуден бас тартады. Діни экстремизм терроризммен үйлескен жағдайда қоғамға ерекше қауіп төндіреді. Идеяға “адалдықтың” дәлелі ретінде өз өмірлерін құрбан етуге дейін барады. Діни идеяларға шектен тыс берілген міндеттемелерді өмірде жүзеге асыру сияқты қатаң ұстаным басшылыққа алынады. Адамдарды радикалды топтар торына итермелейтін жолдың бірі ретінде психологиялық айла-шарғы жасау әдістері таңдап алынады. Лаңкестік немесе экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында кез келген тәсілмен (сендіру, бопсалау, уәде беру) психикалық тұрғыдан әсер етуден еш тайынбайды. Өз қатарларын көбейту және нығайту үшін азғыру және жағымпаздану, әңгімелесу арқылы адамды “достыққа” тартудан, “сен әдемісің, ақылдысың, бізге үлкен миссия үшін сен керексің”, – деп айтудан жалықпайды. Бақыт, еркіндік, білімге кепілдік береміз деген орындалмайтын бос уәделерді үйіп-төгуден шімірікпейді. Бұдан соң сыни ойлау қабілетін бейтараптандыруға кірісіп, шаршау, әлсіреу жағдайына (ұзақ жұмыс уақыты, дәрістер, үйден үйге бару, ілімді үйрету) жеткізіп, ойлау қабілетінен, дербес мүмкіндігінен айырады. Бұл кезеңде болашақ “адептің” (діни ұйымның өкілі) осы топтың сөзін үйренуі басталады. Шетелге кету күмәнді теологиялық білім іздеуге болмаса әскери қақтығыстарға ұрындыруы мүмкін. Нақты табыстың жоқтығы, қаржылық тәуелділік әлеуметтік жағдайды тіпті қиындата түседі. Ескі достардың болмауы, жиі орын ауыстыру, отбасымен қалыпты қарым-қатынастың бұзылуы, қарама-қайшылықтардың үдей түсуі бұрынғы ортасына оралуына еш мүмкіндік бермейді. Сана-сезімі, ойлау жүйесі толығымен радикализм іліміне тәуелденіп, қауіпті фанаттардың біріне айналады. Оның ықпалына түскен жандар аты-жөнін өзгертеді, отбасына, ортасына тән емес сөздерді қолдана бастайды. Мінез-құлқы, киім киісі, шаш үлгісі, қарым-қатынасы басқаша сипат алады. Тіпті кейбір тағамдардан бас тартуға дейін барады.
Ерте радикалданудың тағы бір белгісі – сабаққа, жұмысқа, үйге себепсіз келмеу, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды сақтаудан, зайырлы мерекелерді тойлаудан бас тарту. Адам қандай да психологиялық, физикалық зорлық-зомбылықтар пен шектеулердің құрсауына түссе де, жақсылықтан үміт үзуге болмайды. Қалыпты өмірге оралтудың жолдары көп. “Aqniet” ақпараттық-сауықтыру орталығы теологиялық көмек, діни наным-сенімдерді қайта қарау, психологиялық диагностика және түзету, тәрбиелік ықпал ету, әлеуметтік қолдау шаралары, патриоттық сезімді ояту сияқты бағыттар бойынша нақты іс-шаралар жүргізеді. “Жусан” бірегей гуманитарлық операциясының көмегімен елімізге келген Қазақстан азаматтарына жан-жақты көмектер көрсетілді. Оның барысында Сирия мен Иракқа кеткен отандастарымыздың отбасылары мен балалары туған жеріне оралуға мүмкіндік алды.
Алқадия АХМЕТБЕКОВА,
облыстық қоғамдық даму және ақпарат орталығы конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту бөлімінің маманы.