Әлеуметтік кәсіпкерлік – кәсіпкерліктің жаңа түрі. Іске қосылғаннан бергі екі жылда қоғамның өзекті мәселелерін шешудің тиімді тетігі екендігін дәлелдеді.
Бұл қызмет адамдарға көмектесу, экологияға қамқорлық жасау, ауыр науқастарға күтім жасау, мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, зейнеткерлерге және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, жұмыс беру сынды мәселелерді шешуге бағытталған.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енгізілген жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (ірі кәсіпкерлік субъектілерін қоспағанда) әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері болып табылады. Олар – халықтың әлеуметтік осал топтарының проблемаларын шешуді көздейтін бизнес бастамашылар.
Біздің өңірде де әлеуметтік кәсіпкерлікті табысты іске асырып отырғандар бар. Мысалы, жеке кәсіпкер Әлфия Жүкенова тігіншілік және шеберлікке оқыту бойынша кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол былғарыдан әйелдер сөмкесі мен басқа да бұйымдар тігетін цех ашып, 16 адамды жұмыспен қамтыды. Оның 15-і – әлеуметтік әлжуаз топтағы адамдар.
“Medicinskii Centr Kot&Kit” ЖШС тірек-қимыл аппараты зақымданған балаларға, басқа да мүгедек жеткіншектерге қызмет көрсетуге маманданған. Директоры Джан Северина жыл сайын 2500 адамға қызмет көрсетеді. “Формула слуха” ЖШС-ның директоры Наталья Воронова есту қабілеті бұзылған адамдарға қолдау көрсетуден бастап, есту аппараттарын жөндеуге және сатуға дейінгі қызметтерді үйлестіріп отыр. Жылына 2000-нан астам адамға әлеуметтік көмек көрсетеді.
Кәсіпкерлік кодекске әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсету шарты да енгізілген. Мәселен, жеңілдетілген салықтар, қаржылық қолдау, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қарастырылған.
Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкер субъектісінің мәртебесі де бизнесті құруға көмектеседі. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкер болу тиімді. Пайда табудан басқа, мемлекеттік қолдаудың шарапаты мол.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне ““Панацея” отбасылық медицина орталығы” ЖШС, “Тренинг Центркөмек” жеке кәсіпкерлігі, “Говоруша” сөйлеуді дамыту орталығы өтінім берді. Жоғарыда аталған кәсіпкерлер әлеуметтік кәсіпкерлер болып табылады.
Бүгінгі таңда облыс бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде жеті кәсіпкер бар. Бұл – мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестік тетігі, нәтижесінде қоғамның әлжуаз топтарының жағдайлары жақсарып, өмірге деген белсенділіктері артады.
Нұржан САДЫҚОВ,
облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары.