«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРАШАҢЫРАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәлима апа.

72 жаста.

Уайымнан ба, әлде кәрілік пе, түн­де ұйықтай алмаймын. Тұрып алып, марқұм шалымның қабырға­дағы суретімен сөйлесемін. Тірлігім­де көп күрсіне қоймайтын едім, бай­қаймын, соңғы уақытта терең күрсі­нетін болыппын. Өңешіме өксік ты­ғы­лып, жанарымнан жас кетпей, жа­нымды жегідей жеп бара жатқан мұ­ңымды кімге айтарымды білмей қи­наламын. Сырымды ішіме сақтап, өзіммен бірге о дүниеге алып кете­йін деп шешкенмін, бірақ басқа­лар­ға сабақ болсыншы, бәлкім ата-ана­ларының қадірін түсінер деген оймен қолыма қалам алдым.

Отағасы келмес сапарға аттан­ған соң бойдағы күш-қуат, көңіл-күй – бәрінен де айырылдым. Сол жаман қа­ра шалымды сағындым. Одан қала бере жиендерімді іздеймін. Немере шіркін ерекше тәтті болады екен-ау. Бір көріп, маңдайынан иіскесем ғой шіркін…

Мен осы өңірде туып-өстім. Бұл жер­дің сай-саласы, орман-тоғайы, әрбір тасы маған таныс. Оқуды біті­ріп, ауылдағы дүкенге сатушы бо­лып орналасқаным әлі есімде. Ауыл­дың жігіттері дүкеннен шық­пай­тын. Бірі гүл әкелсе, енді бірі тәт­тісін алып келіп тұратын. Ал мен болсам оларды менсінбейтінмін.

Уақыт өте келе көрші ауылда тұ­ратын, әскерден енді келген, сым­батты, бой десе бойы, ой десе ойы бар бір жігітті ұнаттым. Ол да ара-тұ­ра біздің дүкенге келіп жүрді. Со­лай сөйлесіп, араласып кеттік. Бір ай өткен соң үйленейік деді, мен ке­лістім. Қазіргінің жастарына таңмын, айлап, жылдап қол ұстасып жүреді. Не үйленбейді, не қоймайды. Отба­сын құратын адам бірден үйленбей ме екен?

Көп ұзамай екі қыздың ата-анасы атандық. Қуанышымыз қойны­мыз­ға сыймай, Аллаға сансыз шү­кір­лер айтып, кішкентайлардың был­дырлаған қылығына кенеліп күнде­ріміз өтіп жатты. Қазақ қыз – болашақ ана, шаңырақ берекесі, үйдегі құтты қонақ деп мәпелеп өсіріп, аялап, тәрбиесіне қатты көңіл бөлген халық қой. Жегені артында, жемегені ал­дын­да, қатарынан қалдырмай, бар­ды әперіп, бетінен қақпай өсірдік. Бір әке, бір шешеден туғанымен, әр ба­ланың мінезі әртүрлі болады екен. Аралары бір жыл ғана болғандықтан тетелес өсті. Кей күндері арала­рын­да кәдімгідей кикілжің туып, шекісіп қалып жатады. Ал мен балалардың тәртібіне қаталдау болдым. Өйткені бұл өмірдегі барлық нәрсенің белгілі бір шегі мен өлшемі бар емес пе? Сон­дықтан қыздарды бетінен қақ­пай, жөнсіз еркелете беруге бол­майды деп есептейтінмін. Бірақ кіші қызым тым ерке еді. Үлкен қызға ұрыс­сам да айтқанымды істететін­мін, кішісіне сәл басқаша түсіндіру керек болды.

Кіші қыз достарымен қыдырып, көңіл көтеруге кеткенде, үлкен қыз көбіне үйде қалатын. Үйдің үлкені болған соң ба, “үйде отыр, тамақ іс­тей ғой, үйді жинай сал” деп жұмсай беретінмін.

Қыздарым бой жетті. Бір көрген жігіт есінен танатындай сұлу. Мек­теп бітірген соң екеуі де арман қуып, басқа қалаға оқуға кетті. Үлкен қыз де­малыс болса, не қолы босай қал­са үйге келіп тұрады, ал кіші қыздың қолы тимейтін. Әкесі екеуміз қанша сағынсақ та, “бізге бола жұмысың­нан қалма” деп қоя салатынбыз. Кейде марқұм жолдасым екеуіміз қыздардың балалық шағын жиі еске алып, сағынатынды шығардық.

Уақыт зымырап өте берді, екі қыз да тұрмысқа шықты. Балалық шақтағы менің қатал тәрбием әсер етті ме, әлде өзіне қарағанда кішісін көп еркіне жібергенім бе, үлкен қыз­дың таңдағаны жігіті дұрыс бол­ма­ды. Мінезі шатақ, үйдің барлық ауыртпалығын қызыма жүктеп қою­ды шығарды. Күйеу баланың банк­тен алған қарызы, одан қала берді ай сайынғы пәтер ақысы бар, бар­лығы сол қыздың мойнында. Өзі әйелінің тапқанын санап, құмар ойын ойнаудан жалықпайтын.

Қыздар Астанада тұрды, ара­сын­да келіп-кетіп жүреді не мен ба­рып тұратынмын. Әкелері көбіне үй­де қалады, себебі ұзақ жолды кө­тере алмады. Бір күні қатты ауырып қалды. Есі кіресілі-шығасылы, мені ғана таныды, қыздары, күйеу бала­лары келгенде тіпті елең етпеді. Сол ауырғаннан тұрмады. Екі апта бойы ес-түссіз жатты. Дәрігерлердің адам болмайды, аппараттан ажыратайық дегендеріне көнбей қойдым. Тура екі аптадан соң ауруханадан суық хабар келді, о дүниелік болыпты. Жы­лап-сықтап, ақтық сапарға шы­ғарып салдық. Кіші қызым “әкемнің қырқы өткен соң алып кетемін, ме­німен бірге тұрасың” дегенді шы­ғарды. “Қой, айналайын, ұят бо­лады” деп ауызбен айтсам да, іштей қуа­нып жүрдім. Себебі немере­лерімді сағынған едім.

Қырқы өтіп, шалдың асын беріп, туған-туыспен қоштасып, Астанаға кеттім. Басында бәрі жақсы еді. Күйеу балам да, қызым да жұмыста, мен балаға қарап үйде қалатынмын. Қолымнан келгенше көмектескен­дей болып, арасында астарын пісі­ріп, ыдысын жуып қоямын.

Уақыт өте балалар жиі ренжісе­тін болды. Жұмыстан қатты шаршап жүр­геннен болар, бәлкім. “Тамақ істеп қоя салмайсыз ба, үй неге шашылып жатыр, жәй отырсыз ғой”, – дегенді шығарды. Таза ыдыстар­ды, жуылған киімдерді басқа жерге қойып, таппай қалатынды шығар­дым, мүмкін алжиын дегенім шы­ғармын. Кейін балалар іздегенін таппай, тағы ренжісетін болды.

Бір күні тамақ істеп отырып, газ плитада тұрған қазанды мүлде ұмы­тып кетіппін. Күйген иісі бүкіл үйді алып кетті. Тағы бірде далада ой­натып жүріп немеремді құлатып ал­дым. Бала емес пе, бір орында тұр­майды. Әткеншекте отырған, бай­қамай төмен сырғып кетті. Әкесі жүгіріп келіп, қолымнан жұлып алды да үйге алып кетті. Артынан келсем қызым екеуі ұрсысып қалыпты. Сол күні бірге отырып шәй ішпестен ұйықтап қалдық.

Жас ұлғайған сайын адам көңіл­шек келеді екен. Балалар байқай бермейді ғой, бірақ кәрі адам да ба­ла сияқты болып кете ме деймін. Әйтеуір олардың ұрысқандары, қатты сөздері менің жаныма батады.

Ал үлкен қыздың үйіне көп бармаймын. Себебі жалдап тұрып жатқаны бір бөлмелі пәтер. Қалай сыйысамыз? Ақыры қызыма үйіме қайтайын, қарашаңырақты сағын­дым, әкесінің жылы өткенше сонда болайын дедім. Бірақ қыздар өзара келісіп алып, ол үйді сату керек дегенді шығарды. Сонда мен қайда барамын десем, бізбен бірге тұра­сыз дейді. Мен келіспедім. Сөйтіп жүр­генде екі қызым бір-бірімен рен­жісіп қалыпты. “Менің көзім кеткен соң сатып, өздерің бөліп аласың­дар, мен тірі тұрғанда олай ұрсысу­шы болмаңдар”, – деп ренжідім өз­деріне.

Үйсіз-күйсіз, пәтерден пәтерге көшіп жүру жанына қатты батқан бо­лу керек, үлкен қызым: “Сен өлген­ше осылай жүре беремін бе?” – деп қалды. Төбемнен біреу су құйып жібергендей күй кештім. Ренжісем де көңілдерін түсіргім келмейді. Мен үшін олардың бақытты болғандары маңызды.

Бір күні диванда жатқанмын, көр­ші бөлмеде отырған қыздарымның әңгімелерін еміс-еміс естіп қалдым. Айтуларынша, қалада үлкендерге арналған бір жатақхана бар екен, ішінде барлық жағдай жасалған. Мен сияқты адамдар көп көрінеді. Демек, сырластарым да болады. Қартайған шақта жалғыздықтан, ауыр сөздерден, балалардың ұрсы­сынан шаршаған маған керегі де осы емес пе?

Түнімен ұйықтай алмадым, көп ой­ландым. Балаларға қадірімді ке­тіргенше сол жатақханаларына ба­рып тұрсам ба екен? Осылай жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде шалымды көрдім. Оянып кетсем таң атып қалыпты. Таңертең қыздарым жа­тақхана мәселесін қайта қозғады.

– Мама, қалада жақсы жермен келісіп қойдық, сіз сияқты үлкендер онда көп. Жұмақтың нақ төрі сияқты. Төрт мезгіл тамағы бар. Дәрігерлер қасыңызда болады, дәрі-дәрімектерді де уақытылы беріп тұрады. Жүгіріп жүріп өздері қызмет етеді. Көрпе-төсекті аптасына екі рет ауыстырады. Бастысы жақсы орта бар. Араласасыз, сөйлесесіз. Ал үй­де жалғыздықтан шаршайсыз, ара­ласатын адамдар да жоқ. Біз жұ­мыстамыз, немереңіз келесі аптада балабақшаға барады. Үйде не істей­сіз? Шәй-тамақ ысытамын деп бір жеріңізді күйдіріп алсаңыз ше? Де­малыста немереңізді әкеліп тұра­мыз. Үйді сатып алатын кісі де табы­лып қалды. Осы мүмкіндікті пай­даланып қайта тездетіп сатып жібе­рейік. Мына жақтан үй алып жатсақ, сізді де қайта үйге әкелеміз. Бар­лығы уақытша ғой, – деп көндіргілері келді.

Бір жамандықты ішім сезіп тұр ғой. Жатақхана дегендері теледи­дар­дан талай көрсеткен, атауының өзі құлаққа түрпідей тиетін қарттар үйі емес пе? Көрші Надя ешкімі бол­маған соң сонда өз еркімен барған еді. Надяға мен де барып тұрушы едім. Құрбыма барған сайын онда­ғылардың жүдеген түрлерін, көзде­ріндегі мұңды көріп, балалары қай­да, соншалықты безбүйрек болғаны ма деп таңғалушы едім. Енді дәл сол жайт өзімнің басыма түскелі отыр­ғаны ма?

Түн ұйқымды төрт бөліп, бар тап­қанымды қыздардың аузына тосып, баптап өсіргендегі көрейін деген қызығым осы ма еді? Қариясын сый­лаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен халық емес пе едік? Жасым ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр те­резеге үмітсіз телміріп отырмақпын ба? Жалғыздықтан жапа шегіп, суық кереуетте жатамын ба? Тағдырдың салғанына амалсыз көнемін бе? Ендігі мекенім қарттар үйі болғалы тұр ма?

Айтқандарына көнбедім. Кәрі жүрегім жылап, өксігімді баса ал­май, ішім алай-дүлей күйде киім­дерімді жинастырып, тіпті қызда­рыма шығарып сал деместен, авто­бусқа отырдым да, бос тұрған үйіме қайттым. Кетерімде көзім тірі тұр­ғанда қарашаңырақты сатпайты­нымды кесіп айттым.

Содан бері жалғызбын. Қабыр­ға­дағы шалымның суретіне қарап, сөйлесетінді шығардым. Кейде На­дямен телефон арқылы ха­бар­ласып тұрамын. “Бір Құдай қуат бер­сін!” деп тұрып жатырмын. Қызда­рымды сағынамын, әрине. Ішімнен шыққан бір бөлшегім емес пе? Ша­қалақ кезіндегі бесікте жатып, маған қарап жымиған сәттерін, бала кезін­дегі күлген дауыстарын еске ала­мын. Қыз­дарымды жамандыққа қимай­мын.

Шалым түсіме жиі кіріп жүр. Алыс­тан қол бұлғап шақырады. Бір күні оған еріп мен де кетермін. Бірақ ол жақты әзірге білмеймін ғой, қыз­дарымды, жиендерімді сағынатын сияқтымын. Сондықтан алыс сапар­ға кетер кезде бір рет болса да құ­шағыма алып, маңдайларынан иіс­кеп, мауқымды басып алсам дей­мін…

Дайындаған

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp