«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қара отынға сұраныс артты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің бюджеттік мекемелеріне 140 мың тонна көмір қажет болса, соның 32 пайызы жеткізілді. Жалпы өңірде 500-ге жуық қазандық болса, соның 46 пайызы қысқа дайын. 602 білім беру нысанының 54 пайызы, денсаулық сақтау саласында 62 пайызы қысқа әзір.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қысқа әзірлік қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 351 автономды қазандықтың 54 пайызы дайындалған. Бюджеттік мекемелер үшін 140 мың тонна көмір қажет. Шарттар жасалды, қаржыландыру бар. Көмір жеткізіліп жатыр. Бүгінде 44,5 мың тонна немесе 32 пайызы әкелінді. Бұдан басқа облыста 24 орталық қазандық бар, олар да қысқа әзірліктен өтуі тиіс. Оның тоғызы – жекеменшік қазандық.

Орталық қазандықтар үшін қыстан қысылмай шығу үшін 59 мың тонна көмір қажет. Нормативтік қор шарттарға сәйкес тамыз айында және жылыту кезеңі ішінде жасалмақ.

1 шілдеден бастап апта сайын халықтың қатты отын сатып алуына мониторинг жүргізіледі. Қыс мезгілінде тұрғындар 419 мың тонна шамасында көмір тұтынады. Қатты отын тұйықтарға маусым айынан бастап түсіріле бастады. Бұл жұмыс жылыту маусымы кезінде де жүргізіледі. Тұрғындар әзірге 82 мың тонна көмір немесе 20 пайызын дайындады. Облыс аумағында халыққа және коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге көмір сату үшін 32 көмір тұйығы бар, оның төртеуі Петропавлда орналасқан. Көмірдің бөлшек саудасын тек 24 кәсіпорын жүзеге асырады. Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта облыстың темір жол тұйықтарында 38 мың тонна көмір бар, оның ішінде Петропавл қаласында 3,8 мың тоннасы жатыр.

Бағаны негізсіз өсірмеу үшін апта сайын көмір құнына мониторинг жүргізіледі. Көмір бағасы көмір маркасына байланысты тоннасына 12,5-20 мың теңге шамасында сатылып жатыр. “Екібастұз” көмірі 12,5 мыңнан 14 мың теңгеге дейін, “Шұбаркөл” 17 мыңнан 19 мың теңгеге дейін, “Қаражыра” 15,5 мыңнан 20 мың теңгеге дейін, “Майкүбі” 15-18 мың теңге аралығында саудаланады.

Ақерке ҚАБЫКЕЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp