Сәлима апа.
72 жаста.
Уайымнан ба, әлде кәрілік пе, түнде ұйықтай алмаймын. Тұрып алып, марқұм шалымның қабырғадағы суретімен сөйлесемін. Тірлігімде көп күрсіне қоймайтын едім, байқаймын, соңғы уақытта терең күрсінетін болыппын. Өңешіме өксік тығылып, жанарымнан жас кетпей, жанымды жегідей жеп бара жатқан мұңымды кімге айтарымды білмей қиналамын. Сырымды ішіме сақтап, өзіммен бірге о дүниеге алып кетейін деп шешкенмін, бірақ басқаларға сабақ болсыншы, бәлкім ата-аналарының қадірін түсінер деген оймен қолыма қалам алдым.
Отағасы келмес сапарға аттанған соң бойдағы күш-қуат, көңіл-күй – бәрінен де айырылдым. Сол жаман қара шалымды сағындым. Одан қала бере жиендерімді іздеймін. Немере шіркін ерекше тәтті болады екен-ау. Бір көріп, маңдайынан иіскесем ғой шіркін…
Мен осы өңірде туып-өстім. Бұл жердің сай-саласы, орман-тоғайы, әрбір тасы маған таныс. Оқуды бітіріп, ауылдағы дүкенге сатушы болып орналасқаным әлі есімде. Ауылдың жігіттері дүкеннен шықпайтын. Бірі гүл әкелсе, енді бірі тәттісін алып келіп тұратын. Ал мен болсам оларды менсінбейтінмін.
Уақыт өте келе көрші ауылда тұратын, әскерден енді келген, сымбатты, бой десе бойы, ой десе ойы бар бір жігітті ұнаттым. Ол да ара-тұра біздің дүкенге келіп жүрді. Солай сөйлесіп, араласып кеттік. Бір ай өткен соң үйленейік деді, мен келістім. Қазіргінің жастарына таңмын, айлап, жылдап қол ұстасып жүреді. Не үйленбейді, не қоймайды. Отбасын құратын адам бірден үйленбей ме екен?
Көп ұзамай екі қыздың ата-анасы атандық. Қуанышымыз қойнымызға сыймай, Аллаға сансыз шүкірлер айтып, кішкентайлардың былдырлаған қылығына кенеліп күндеріміз өтіп жатты. Қазақ қыз – болашақ ана, шаңырақ берекесі, үйдегі құтты қонақ деп мәпелеп өсіріп, аялап, тәрбиесіне қатты көңіл бөлген халық қой. Жегені артында, жемегені алдында, қатарынан қалдырмай, барды әперіп, бетінен қақпай өсірдік. Бір әке, бір шешеден туғанымен, әр баланың мінезі әртүрлі болады екен. Аралары бір жыл ғана болғандықтан тетелес өсті. Кей күндері араларында кәдімгідей кикілжің туып, шекісіп қалып жатады. Ал мен балалардың тәртібіне қаталдау болдым. Өйткені бұл өмірдегі барлық нәрсенің белгілі бір шегі мен өлшемі бар емес пе? Сондықтан қыздарды бетінен қақпай, жөнсіз еркелете беруге болмайды деп есептейтінмін. Бірақ кіші қызым тым ерке еді. Үлкен қызға ұрыссам да айтқанымды істететінмін, кішісіне сәл басқаша түсіндіру керек болды.
Кіші қыз достарымен қыдырып, көңіл көтеруге кеткенде, үлкен қыз көбіне үйде қалатын. Үйдің үлкені болған соң ба, “үйде отыр, тамақ істей ғой, үйді жинай сал” деп жұмсай беретінмін.
Қыздарым бой жетті. Бір көрген жігіт есінен танатындай сұлу. Мектеп бітірген соң екеуі де арман қуып, басқа қалаға оқуға кетті. Үлкен қыз демалыс болса, не қолы босай қалса үйге келіп тұрады, ал кіші қыздың қолы тимейтін. Әкесі екеуміз қанша сағынсақ та, “бізге бола жұмысыңнан қалма” деп қоя салатынбыз. Кейде марқұм жолдасым екеуіміз қыздардың балалық шағын жиі еске алып, сағынатынды шығардық.
Уақыт зымырап өте берді, екі қыз да тұрмысқа шықты. Балалық шақтағы менің қатал тәрбием әсер етті ме, әлде өзіне қарағанда кішісін көп еркіне жібергенім бе, үлкен қыздың таңдағаны жігіті дұрыс болмады. Мінезі шатақ, үйдің барлық ауыртпалығын қызыма жүктеп қоюды шығарды. Күйеу баланың банктен алған қарызы, одан қала берді ай сайынғы пәтер ақысы бар, барлығы сол қыздың мойнында. Өзі әйелінің тапқанын санап, құмар ойын ойнаудан жалықпайтын.
Қыздар Астанада тұрды, арасында келіп-кетіп жүреді не мен барып тұратынмын. Әкелері көбіне үйде қалады, себебі ұзақ жолды көтере алмады. Бір күні қатты ауырып қалды. Есі кіресілі-шығасылы, мені ғана таныды, қыздары, күйеу балалары келгенде тіпті елең етпеді. Сол ауырғаннан тұрмады. Екі апта бойы ес-түссіз жатты. Дәрігерлердің адам болмайды, аппараттан ажыратайық дегендеріне көнбей қойдым. Тура екі аптадан соң ауруханадан суық хабар келді, о дүниелік болыпты. Жылап-сықтап, ақтық сапарға шығарып салдық. Кіші қызым “әкемнің қырқы өткен соң алып кетемін, менімен бірге тұрасың” дегенді шығарды. “Қой, айналайын, ұят болады” деп ауызбен айтсам да, іштей қуанып жүрдім. Себебі немерелерімді сағынған едім.
Қырқы өтіп, шалдың асын беріп, туған-туыспен қоштасып, Астанаға кеттім. Басында бәрі жақсы еді. Күйеу балам да, қызым да жұмыста, мен балаға қарап үйде қалатынмын. Қолымнан келгенше көмектескендей болып, арасында астарын пісіріп, ыдысын жуып қоямын.
Уақыт өте балалар жиі ренжісетін болды. Жұмыстан қатты шаршап жүргеннен болар, бәлкім. “Тамақ істеп қоя салмайсыз ба, үй неге шашылып жатыр, жәй отырсыз ғой”, – дегенді шығарды. Таза ыдыстарды, жуылған киімдерді басқа жерге қойып, таппай қалатынды шығардым, мүмкін алжиын дегенім шығармын. Кейін балалар іздегенін таппай, тағы ренжісетін болды.
Бір күні тамақ істеп отырып, газ плитада тұрған қазанды мүлде ұмытып кетіппін. Күйген иісі бүкіл үйді алып кетті. Тағы бірде далада ойнатып жүріп немеремді құлатып алдым. Бала емес пе, бір орында тұрмайды. Әткеншекте отырған, байқамай төмен сырғып кетті. Әкесі жүгіріп келіп, қолымнан жұлып алды да үйге алып кетті. Артынан келсем қызым екеуі ұрсысып қалыпты. Сол күні бірге отырып шәй ішпестен ұйықтап қалдық.
Жас ұлғайған сайын адам көңілшек келеді екен. Балалар байқай бермейді ғой, бірақ кәрі адам да бала сияқты болып кете ме деймін. Әйтеуір олардың ұрысқандары, қатты сөздері менің жаныма батады.
Ал үлкен қыздың үйіне көп бармаймын. Себебі жалдап тұрып жатқаны бір бөлмелі пәтер. Қалай сыйысамыз? Ақыры қызыма үйіме қайтайын, қарашаңырақты сағындым, әкесінің жылы өткенше сонда болайын дедім. Бірақ қыздар өзара келісіп алып, ол үйді сату керек дегенді шығарды. Сонда мен қайда барамын десем, бізбен бірге тұрасыз дейді. Мен келіспедім. Сөйтіп жүргенде екі қызым бір-бірімен ренжісіп қалыпты. “Менің көзім кеткен соң сатып, өздерің бөліп аласыңдар, мен тірі тұрғанда олай ұрсысушы болмаңдар”, – деп ренжідім өздеріне.
Үйсіз-күйсіз, пәтерден пәтерге көшіп жүру жанына қатты батқан болу керек, үлкен қызым: “Сен өлгенше осылай жүре беремін бе?” – деп қалды. Төбемнен біреу су құйып жібергендей күй кештім. Ренжісем де көңілдерін түсіргім келмейді. Мен үшін олардың бақытты болғандары маңызды.
Бір күні диванда жатқанмын, көрші бөлмеде отырған қыздарымның әңгімелерін еміс-еміс естіп қалдым. Айтуларынша, қалада үлкендерге арналған бір жатақхана бар екен, ішінде барлық жағдай жасалған. Мен сияқты адамдар көп көрінеді. Демек, сырластарым да болады. Қартайған шақта жалғыздықтан, ауыр сөздерден, балалардың ұрсысынан шаршаған маған керегі де осы емес пе?
Түнімен ұйықтай алмадым, көп ойландым. Балаларға қадірімді кетіргенше сол жатақханаларына барып тұрсам ба екен? Осылай жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде шалымды көрдім. Оянып кетсем таң атып қалыпты. Таңертең қыздарым жатақхана мәселесін қайта қозғады.
– Мама, қалада жақсы жермен келісіп қойдық, сіз сияқты үлкендер онда көп. Жұмақтың нақ төрі сияқты. Төрт мезгіл тамағы бар. Дәрігерлер қасыңызда болады, дәрі-дәрімектерді де уақытылы беріп тұрады. Жүгіріп жүріп өздері қызмет етеді. Көрпе-төсекті аптасына екі рет ауыстырады. Бастысы жақсы орта бар. Араласасыз, сөйлесесіз. Ал үйде жалғыздықтан шаршайсыз, араласатын адамдар да жоқ. Біз жұмыстамыз, немереңіз келесі аптада балабақшаға барады. Үйде не істейсіз? Шәй-тамақ ысытамын деп бір жеріңізді күйдіріп алсаңыз ше? Демалыста немереңізді әкеліп тұрамыз. Үйді сатып алатын кісі де табылып қалды. Осы мүмкіндікті пайдаланып қайта тездетіп сатып жіберейік. Мына жақтан үй алып жатсақ, сізді де қайта үйге әкелеміз. Барлығы уақытша ғой, – деп көндіргілері келді.
Бір жамандықты ішім сезіп тұр ғой. Жатақхана дегендері теледидардан талай көрсеткен, атауының өзі құлаққа түрпідей тиетін қарттар үйі емес пе? Көрші Надя ешкімі болмаған соң сонда өз еркімен барған еді. Надяға мен де барып тұрушы едім. Құрбыма барған сайын ондағылардың жүдеген түрлерін, көздеріндегі мұңды көріп, балалары қайда, соншалықты безбүйрек болғаны ма деп таңғалушы едім. Енді дәл сол жайт өзімнің басыма түскелі отырғаны ма?
Түн ұйқымды төрт бөліп, бар тапқанымды қыздардың аузына тосып, баптап өсіргендегі көрейін деген қызығым осы ма еді? Қариясын сыйлаған, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, ана сүтін ардақтап, ата салтын салмақтап өскен халық емес пе едік? Жасым ұлғайған шақта төрт қабырғаға қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп отырмақпын ба? Жалғыздықтан жапа шегіп, суық кереуетте жатамын ба? Тағдырдың салғанына амалсыз көнемін бе? Ендігі мекенім қарттар үйі болғалы тұр ма?
Айтқандарына көнбедім. Кәрі жүрегім жылап, өксігімді баса алмай, ішім алай-дүлей күйде киімдерімді жинастырып, тіпті қыздарыма шығарып сал деместен, автобусқа отырдым да, бос тұрған үйіме қайттым. Кетерімде көзім тірі тұрғанда қарашаңырақты сатпайтынымды кесіп айттым.
Содан бері жалғызбын. Қабырғадағы шалымның суретіне қарап, сөйлесетінді шығардым. Кейде Надямен телефон арқылы хабарласып тұрамын. “Бір Құдай қуат берсін!” деп тұрып жатырмын. Қыздарымды сағынамын, әрине. Ішімнен шыққан бір бөлшегім емес пе? Шақалақ кезіндегі бесікте жатып, маған қарап жымиған сәттерін, бала кезіндегі күлген дауыстарын еске аламын. Қыздарымды жамандыққа қимаймын.
Шалым түсіме жиі кіріп жүр. Алыстан қол бұлғап шақырады. Бір күні оған еріп мен де кетермін. Бірақ ол жақты әзірге білмеймін ғой, қыздарымды, жиендерімді сағынатын сияқтымын. Сондықтан алыс сапарға кетер кезде бір рет болса да құшағыма алып, маңдайларынан иіскеп, мауқымды басып алсам деймін…
Дайындаған
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.