Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірдің киелі жерлері бойынша 3D тур жасалғаны белгілі. Аталған бастама биыл да жалғасын тауып, мамандар облыс орталығындағы музейлердің 3D бейнесін жасаған. Бұдан былай интернетке қолы жеткен әр адам арнайы сайттың көмегімен музейлерге онлайн экскурсия жасап, тарихи жәдігерлермен таныса алады. Онлайн экскурсия көрермендері видеоны 360 градуста бұрып, ғимарат ішіне емін-еркін көз жүгіртеді. Заманауи 3D турлар интернет пайдаланушыларына облыстық тарихи өткетану, бейнелеу өнері және ислам мәдениеті музейлерінің есігін ашпақ.
– Турды жасау барысында музейлердің әр бөлмесін түгел цифрландыруға тырыстық. Мәселен, онлайн экскурсияға облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі 13 зал енді. Бұл жай ғана фотосуреттер емес, кеңістікті түгел қамтуға мүмкіндік беретін 3D форматтағы жоғары сапалы видеолар. Ең бастысы, кез келген адам музейлерді қалаған уақытында аралай алады. Келесі жылы өлкетану музейіне 100 жыл толады. Біз үнемі заман көшіне ілесіп, жаңа дүниелерді пайдалануға тырысамыз, – дейді облыстық музей бірлестігі басшысының орынбасары Ғалия Бердағұлова.
Музейлер бойынша 3D турды “museums.sko360.kz” сайтынан тамашалауға болады. Мамандар алдағы уақытта музейдің аудандардағы филиалдарының да цифрлық бейнесін жасамақ. Онлайн экскурсияларға дыбыс қосып, экранның арғы жағындағыларды жәдігерлермен таныстырып отыру да ойда бар.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.