«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨЗДЕРІНДЕ ОТ ОЙНАР, СӨЗДЕРІНДЕ ЖАЛЫН БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде дарынды, білімді, еңбекқор жастарды қолдап, оларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашу мақсатында жүзеге асып жатқан игі бастамалар аз емес. Жыл сайын кейінгі буын өкілдерін қолдау үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, жұмыспен қамту, кәсіп бастау, волонтерлікті қолдау бойынша қомақты қаржы бөлінуде. Соған қарамастан еліміздің жас азаматтарын алаңдататын мәселелер көп. Өткен жылдан бастап жас шектеуінің 35-ке дейін артуынан кейін біраз мәселенің беті ашылып, соның түйінін тарқата алмай жүргендердің қатары арта түсті. Біздің өңірде де жастар саясатына қатысты атқарылуы тиіс жұмыстар аз емес. Облыс әкімі  Айдарбек Сапаровтың белсенді жастармен кездесуінде шешімін күткен мәселелер талқыланып,  ұсыныстар айтылды.

Өңір басшысы  жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, түрлі жобалар жүзеге асырылып келе жатқанын айта келіп, осындай ашық кездесулердің берері мол екеніне тоқталды.

– Бүгін сіздерді алаңдатқан мәселелерді талқылау үшін жиналып отырмыз. Біз жастардың өңірде қалып, осында жұмыс істеп, отбасын құрғанын қалаймыз. Бұл үшін гранттар бөлініп, оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылып, жатақханалар салынуда. Осыған дейін 430 жас маманға “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша 148 млн. теңге көтерме ақы төленді. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 130 несие беруге 650 млн. теңге қарастырылған. 607 жас кәсіпкерлік негіздері бойынша оқудан өтті. Алдымызда әлі де көптеген мәселелер, ауқымды жұмыстар бар. Осы жолда бірлесіп нәтижелі жұмыс істейміз деп ойлаймын, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Бұдан әрі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Асқар Хабибулин осы салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Басқарма басшысының сөзінше, бүгінге дейін “Жастар практикасы” бойынша – 139, “Алғашқы жұмыс орны” бағдарламасы бойынша 133 адам жұмысқа тұрған.  Ауылды жерде жұмысқа тұрған 200 маманды баспанамен қамту үшін 1 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Саламатты өмір салтын сақтау, спортты насихаттау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау, волонтерлік бағыттары бойынша да біраз іс-шаралар ұйымдастырылған екен.

Одан әрі ортаға түрлі ұйым жетекшілері мен белсенді жастар шығып, жастар саясаты саласындағы жұмыс барысын баяндады. Қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастармен жұмыс бөлімінің жетекшісі Анастасия Волкованың айтуынша, жыл басынан бері өңірдегі жастар ресурстық орталықтарының мамандары 1259 іс-шара ұйымдастырған. Бұл шараларға 64 мыңнан астам тұрғын қатысыпты. Орталық мамандары 300-ге жуық жастың екі қолға бір күрек табуына жәрдемдескен.

Сол сияқты жиын барысында өзге ұйымдар мен еріктілер бірлестігінің өкілдері де мінбеге шығып өз тәжірибелерімен бөлісті, толғандырып жүрген мәселерді көтеріп, сауал жолдады. Аудандағы белсенділер жастардың бос уақытын өткізу мәселесіне алаңдаушылық білдірді. Аудан орталықтарындағы Мәдениет үйлеріне жастар жиі жиналғанымен, ауылдарда мұндай шаралар өтпейді екен. Сауалға жауап берген облыс әкімі мәдениетке жауапты басқарма басшысына елді мекендердегі Мәдениет үйлерінде жастарға арналған шаралар өткізіп, нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін, қажетті шығындарды өтеуге демеуші табуды тапсырды.

Кездесуде жас кәсіпкерлер де бірқатар сұрақтар қойып, мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылық танытты. Бизнес жобаларды несиелеу бағдарламасына көңілі толмайтындар да бар. Олар қаржыны алу үшін кепілге қояр мүлкі жоғын айтып шағымданды. Бұған жауап берген экономика басқармасының өкілі кепілге отбасы мүшелерінің мүлкін, соның ішінде ауылдардағы үйлерді де қою мүмкіндігі барын айтты.

Белсенді жастарды көптен мазалап жүрген мәселелердің бірі – жастар ресурстық орталықтарына қолдаудың аздығы. Кездесуде осыған қатысты да бірнеше ұсыныс айтылды. Белсенділер облыс бойынша бұл орталықтарда небәрі 84 маман еңбек ететінін, жалақының аздығын, материалдық базаның он жылдан бері жаңартылмағанын, кей аудандарда іс-шаралар өткізуге мүлде қаражат бөлінбейтінін жеткізді. Өз кезегінде өңір басшысы бірқатар басқарма басшыларына жалақыны өсіріп, қаржы бөлу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, жиында жастарды баспанамен қамту, бос уақытын тиімді өткізу, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, медицина мамандарын оқытуға қатысты сұрақтар қойылды. Айдарбек Сапаров оң бастамалардың қолдау табатынын айтып, тиісті басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жиын соңы салтанатты сәтке ұласып, өңірдегі жастар саясатын дамытуға үлес қосып жүрген жандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды. Бұл күні марапат алғандардың қатарында қоғамдық жұмыстар мен қайырымдылық істерді ұйымдастырып жүрген еріктілер Дамир Абдин мен Дидар Айтмұқан, лаулаған өрттен тайсалмай тұрғындардың өмірін құтқарған Мария Симонова, “Ассамблея жастары” ұйымының өңірдегі филиалына жетекшілік етіп келе жатқан Дариға Смаилова сынды жастар бар.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp