«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Таптырмас мүмкіндік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ауыл аманаты” бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Оған жұмыссыз азаматтар, ісін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер, қысқартылған жұмысшылар, жеке қосалқы шаруашылықтар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатыса алады. Басты шарт – олар ауылды жерлерде тұрып, бизнес жобаларын жүзеге асыруы керек.

“Ауыл аманаты” жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге де болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Мәселен, бүгінде ауыл тұрғындарында бірде-бір екінші дәрежелік банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ,  2,5 пайыздық несие  өте тиімді. Сондықтан ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік.

Жамбыл облысынан бастау алған қанатқақты жоба бүгінде өңірімізде де іске асырылып жатыр. “Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның аясын кеңейту үшін микрокредиттер беруге кредит беру” бағдарламасы шеңберінде “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы облысқа бөлінген жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге 250 өтінімді қабылдады.

Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы күндерінен бастап облыс тұрғындары белсене атсалысқан. Алғашқы айдың өзінде-ақ жалпы сомасы 950 миллион теңгені құрайтын 120 өтінім берілген. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығы мен жүк тасымалдау, сауда сынды кәсіптерге басымдық берген. Берілген жеңілдетілген несиенің орташа сомасы – 7,3 млн теңге.

Алғашқы мақұлданған жобалардың бірі – Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы маңындағы тас жол бойында өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орталығы.

Жеке кәсіпкер Айман Байділдаеваның айтуынша, “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша 5,5 млн. теңгеге өтінім берген. Тиісті құжаттарды алдын ала дайындап, уақтылы тапсырған. Тиімді бизнес-жоспарын “Атамекен” кәсіпкерлер палатасымен бірігіп отырып жасаған.

Өзіне-өзі қызмет көрсететін көлік жуу орнына Бескөл ауылы маңындағы республикалық тас жолдың бойы таңдалып алынған. Себебі ісі мен сөзіне пысық кәсіпкер 5 жылдай бұрын осы маңда автокөліктің қосалқы бөлшектерін сататын дүкен ашқан.

– Орталықты қыркүйек айының соңына дейін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда тиісті қаражат аударылды. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Орталыққа қажетті құрылғыларға тапсырыс берілді. “Солтүстік” ӘКК-ге барлық қаржылық есептерді уақтылы тапсырып отырамыз, – дейді Айман Байділдаева.

“Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында ұсынылған мүмкіндіктерді ауыл тұрғындары тиімді пайдаланса, өңіріміздің экономикасына  үлес қосары анық.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp