«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалар лагеріне бақылау бар ма?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаз маусымы – балалар үшін ең қызықты мезгіл. Үш ай демалыста алаңсыз асыр салып, бір демалып, жасап қалады. Жаз басталысымен балаларын түрлі демалыс орындарына жібергісі келетін ата-аналар да көбейеді.

Бүгінгі таңда лагерь – пайда табудың тиімді көзіне айналған. Әлеуметтік желіде желдей ескен түрлі-түсті жарнамалар көздің жауын алып, балалар тұрмақ, атааналарды да баурап алады. Алайда жарнамасы жер жарған демалыс орындарының көпшілігінде бала құқығының сақталуына, қауіпсіздігіне аса мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Елді ерекше елең еткізген Алматы және Түркістан облыстарындағы жазғы лагерь “жырынан” соң біз өңіріміздегі балаларға арналған демалыс орындарын арнайы аралап шықтық. Осылайша “Облысымыздағы балалардың жазғы демалыс орындарының жұмысы қалай?” “Қаншалықты қауіпсіз?”, “Ұйымдастырушылардың жұмыстарын бірыңғай реттейтін заң нормасы және стандарттар бар ма?” деген сұрақтарға жауап іздедік.

Облыстық білім басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры барысында бірнеше сауықтыру лагеріне барып, жұмыстарымен таныстық.  Жазда қала сыртындағы, мектеп жанындағы, киіз үй және шатырлы ла­герьлер жұмыс істейді. Балалар үшін сауықтыру, білім беру, экологиялық, шы­ғармашылық, спорттық, көшбасшылық бағдарламалар даярланады. Баланың ата-анасы да, мектептегі мұғалім де аша алмаған, біл­меген қарым-қабілеті осы жазғы демалыс орындарында танылуы мүмкін.  Айта берсек, ұтымды тұстары жетіп артылады.  Біз барғанда Оқушылар сарайындағы “Жазғы академия”, Заречный кентіндегі “Көктем” балалар мен жасөспірімдер клубы және қала сыртындағы “Қарғалы аралында” орналасқан “Аққайың” лагерінде мерекелік іс-шаралар бірінен кейін бірі ұйымдастырылып жатты.

Облыстық білім басқармасының бас маманы Кенжебай Мәкішевтің айтуынша, облыс бойынша 265 мектеп жанындағы алаңда 13245 балаға және 339 бейіндік алаңда 26910 балғынға арнап жазғы демалыс орындары ұйымдастырылған. Онда балаларды еңбекке, шығармашылыққа, зияткерлікке, спорттық-туристік бағыттарға баулиды.

Ал тұрғылықты жері бойынша 83 қосымша білім беру ұйымы, 25 аула клубы, жазғы тілдік мектептер, пікір-сайыс лагерьлері 19841 балаға есіктерін айқара ашқан. Сонымен қатар облыста ішкі туризмді дамыту мақсатында 13306 балаға Астана, Петропавл қалаларына турлар және елдің киелі жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылған.

Әдеттегідей биыл да мектеп жанындағы лагерьлерге әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардың балалары, қорғаншылық пен қамқорлықтағы, мүмкіндігі шектеулі балалар тартылды. Ал демеушілердің есебінен 2167 жолдама сатып алынған.

Балаларды сауықтыруды ұйымдастыру үшін облыста 11 лагерь жұмыс істеп тұрғанымен, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан “Күн”, Мамлют ауданындағы “Искра”, Қызылжар ауданындағы “Алтын күз” лагерьлерінің қызметі түрлі себептермен тоқтап қалған.

 Оқушылар сарайындағы “Жазғы академия” лагеріне тоқталатын болсақ, оның жұмысы 5 маусымға жоспарланған. “Happy holidays” деп аталатын 4-ші маусымының мақсаты – жаратылыстану-математикалық және гуманитарлық ғылымдар саласында қатысушылардың әлеуетін анықтау мен ашу.

Оқушылар сарайының директоры Дина Әбілмәжінованың айтуынша, осы маусымға дейін 1000 бала қабылданған. Балаларға арналған бұл “Жазғы академия” Оқушылар сарайы ашылғаннан бастап ұйымдастырылып келеді. Өткен жылдары бағдарлама тек жалпылама түрде болса, қазіргі таңда әр маусымды нақты бір бағытқа арнаған.

Ал Заречный кентіндегі  түзету мекемесіне өте жақын орналасқан “Көктем” клубына жергілікті балалар мен қаладағы мектеп оқушылары арнайы келеді. Мұндағы спорттық және шығармашылық бағыттағы үйірмелерге жылына 500-ге жуық бала қабылданады. Ал кеше ғана мектеп клубында ұйымдастырылған “Жаздың түрлі-түсті көңіл күйі” деп аталатын бодиарт бағдарламасына 20-ға жуық бала жиналған. Мұнда қатысушылар сурет салып, би билеп, көңіл көтереді. 

Ал Қарғалы аралындағы “Аққайың” лагерінде қазір 3-ші маусым өтіп жатыр. Бұл жолғы ауысым “Олимп шыңы” деп аталған. Атынан байқалғандай, спорттық сайыстардың түрі көп. Балалардың бір легі далада концерт қойды, қалғандары түрлі үйірмелерге қатысып жатты. Қазір лагерьде 100-ден астам бала сауығып жатыр. Мұнда олардың демалыстары ұмытылмастай өту үшін жайлы төсек-орын, 5 мезгіл ас, қысқасы барлық жағдай жасалған. Ең бастысы мұнда бала құқығын бұзушылыққа жол берілмейді.

Балалардың жазғы демалыс орындарын аралаған кезде аңғарғанымыз, жазғы сауықтыру лагерьлерінде нақты белгіленген баға саясаты жоқ. Мәселен, өңіріміздегі балалардың демалысын мерекеге айналдырып, есте қалатын “ертегідей” етеміз деп сендіретін “Аққайың”, “Достық” сауықтандыру лагерьлерінде 1 жолдама құны 50 мың теңгеден басталады. 7 мемлекеттік лагерьде 35 мың теңгені, “Серебрянный бор” және “Эдельвейс Бурабай” жазғы демалыс орындарының құны 65 мың теңгені, ал қалалық лагерьде 55 мың теңгені құрайды.

Әр отбасыда кемінде 2-3 баладан бар екенін ескерсек, балалардың жазғы демалу орындарының жолдамасына көптің қолы жете бермесі анық. Ал бұл жағдайда балалар көбіне  ауылдағы “ата-әже лагеріне” аттанады. Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек,  балалардың жайлы демалыспен қамтасыз ету үшін жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 97 млн. теңге бөлінген. Соған қарамастан жолдама құны неге ала-құла деген сұраққа жөнді жауап болмады.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

 Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp