«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДАЙЫНДЫҚ АЛА-ҚҰЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің отырысында білім ошақтарының жаңа оқу жылына әзірлігі және спорт саласын дамыту мәселелері қаралды.

Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің хабарламасына қарағанда, жаңа оқу жылында 465 мектеп өз есігін айқара ашады. Оқушылардың саны – 75963. Өткен жылмен салыстырғанда 1390 оқушыға артық.  Бірінші сыныпқа 7274 жеткіншек барады. 297 елді мекеннен екі мыңнан астам бала арнайы көліктермен тасып жеткізіледі. Соңғы үш жылда 61 шағын автобус сатып алынды. 24 колледждегі студенттердің саны 11 мыңға жуық.

– Биыл 49 білім беру объектісіне күрделі жөндеу жүргізуге 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінсе, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша қарастырылғаны – 2,9 млрд. теңге, – деген Нәзір Жәшібеков объектілерді уақтылы тапсырмау қаупі барын жасырмады. Мәселен, Айыртау ауданы Новосветловка орта мектебінде атқарылған жұмыстардың жалпы көлемі 15 пайызды ғана құрайды. Қажетті қаржы толық бөлінбегендіктен, жобалық-сметалық құжаттарға түзету енгізуге тура келген. Тайынша ауданы Донецк орта мектебіндегі жұмыс та өте сылбыр. Орындалғаны 10 пайыздан да аспайды. Құрылыс материалдары мен мамандардың жетіспеушілігі себепті нысанды тапсыру мерзімі 11 қазанға қалдырылған. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ломоносов білім ошағында да жағдай сын көтермейді. Тайынша ауданы Теңдік орта мектебін жөндеуге бөлінген 87,6 млн. теңгенің 38,3 млн. теңгесі ғана игерілген. Нысанда 6 адам ғана жүр

Петропавл қаласында да кестеден артта қалушылық байқалады.  №24 орта мектепте жұмыс көлемі бар-жоғы 32 пайызға орындалған.  Мынандай мимырт жүріске қарағанда бас мердігер – “Тілек-2030” ЖШС-ның 14 тамызға дейін тап-тұйнақтай етеміз деген уәдесі құр сөзден аспайтын сияқты. №31 орта мектептегі жөндеу жұмысы да сылбыр. Тапсырма 16 пайызға ғана атқарылған. “Нұр-XXI” ЖШС қарқынды жеделдетпесе жұмыстың уақтылы аяқталуы неғайбыл. Мұнда нысанның шатыры мен қасбетін қалпына келтіру мерзімінен кешіккен. Құрылыс алаңында бар-жоғы 10 адам ғана еңбек етеді. Мердігерлік ұйым құрылысшыларды көбейтіп, жұмысты екі ауысымда ұйымдастыруға асығар емес.

Қазандықтарды ауыстыру, жылыту жүйесін жөндеу, тиісті құжаттарды рәсімдеу жайы да сын көтермейді. 583 нысанның 58,5 пайызында ғана жылыту жүйелерін жуу  жүргізілген. 268 объектінің ғана (46 пайыз) дайындық құжаттары алынған.

Қазандықтар мен олардың жабдықтарын сатып алуға 708,5 млн. теңге бөлінсе, бүгінгі таңда 99 қазандық, 65 жабдық орнатылды. Тағы 165 қазандық пен жабдықтар қойылмақ. 100,3 мың тонна көмір алу үшін 1,374 млрд. теңгеге 29 шарт жасалғанымен, жеткізу жайы көңіл көншітпейді.

15,6 мың тоннасы ғана (16,4 пайыз) әкелінген, оның ішінде:  аудандарда –13,1 мың тонна (15%), облыстық мекемелерде – 2,5 мың тонна ғана (25,6%).

Ведомство жетекшісі білім беру ұйымдарын өз мерзімінде және сапалы түрде қабылдап алу үшін аудан және қаланың әкімдерінен іс-қимылды ширатуды өтініп, құрамына қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері кіретін комиссиялар құруды ұсынды.

Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді алуға 700,1 млн.теңге қарастырылып, 150 келісімшарт жасалған. Барлық білім беру мекемелеріне бейнебақылау мен дабыл түймесі орнатылған.

Айдарбек Сейпілұлы мектептерде жөндеу жұмыстарының кешеуілдеп жатқанын сынға алды.

– Білім беру саласына жылда  бюджет қаражатының үштен бір бөлігі жұмсалады. 29 жаңа автобус сатып алынды. Тегін тамақтануға 2,5 млрд. теңге қарастырылып отыр.  Биыл білім ошақтарына 3,8 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беруге тиіс болса, 15  мектепте қалпына келтіру 15-30 пайызға ғана атқарылған. 1 қыркүйекке бар-жоғы бір ай ғана уақыт қалды. Мен аудан, қала әкімдерінен, облыстық білім басқармасынан жұмысты ширатып,  мердігерлерге талапты күшейтуді міндеттеймін, – деген өңір басшысы жағдай осылай созыла берсе, жосықсыз құрылыс компанияларымен келісімшартты тоқтатуды жүктеді.

Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековке Тайынша ауданына қарасты Петровка мектебіне барып, орын алған жағдайға байланысты шұғыл шара қабылдауды тапсырды. Осыдан 40 жыл бұрын тұрғызылған ғимарат 2012 жылы жеңіл-желпі ғана жөнделген. “Агрофирма-Эксимнан” ЖШС жобалық-сметалық құжаттарын рәсімдеуге қаржылық жағынан көмектескенімен, күрделі жөндеу келесі жылға шегерілген. Шағын орталықты қосқанда, мұнда 175 бала тәлім-тәрбие алады.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтың есебі тыңдалды. Биыл бұл саланы дамытуға 11 млрд. теңге бөлінген. Соңғы 5 жылда қаржыландыру мөлшері екі есеге көбейген. Өңір тұрғындарының 40,3 пайызы немесе 215 мыңдай адам саламатты өмір салтын серік еткен. 36 шағын футбол және спорт алаңдарын салу белгіленсе, 20-ы қолданысқа берілген. 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.

– Облыста 2951 спорт нысаны болса, 27-сі – балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 25-сі – аула клубтары, 9-ы – спорт клубтары,     11-і – балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары. 5-7 жас аралығындағы 99 мың баланың жартысына жуығы тегін секцияларға барады. Мемлекеттік тапсырыс аясында 2,5 мың бала спорттың 15 түрімен тегін айналысады. Бұл мақсатқа жергілікті қазынадан 423,5 млн. теңге бөлінген. Спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 761,7 млн. теңге бағытталған, – деді Сергей Мелехов.

Өңір басшысы бұл саланы жандандыруда бірқатар міндеттер жүктеді. Барлық спорт нысандарының жағдайын талапқа сай үйлестіріп, жыл аяғына дейін аудандарда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтауды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp