«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕЛІМ-АЙ” – ӨЛЕҢМЕН ЖАЗЫЛҒАН ШЕЖІРЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзі өлсе де, артында өлмейтұғын сөзі қалған, егемендігіміздің арқасында есімі елімен қайта қауышқан бабаларымыздың бірі – Қожаберген жырау. Кеңес өкіметінің тұсында біз оны “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” заманынан жеткен “Елім-ай” әнінің авторы ретінде ғана білдік. Академик Манаш Қозыбаев: “Жүз жасаған Қожаберген өмірінің алпыс жылын елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, ат үстінде өткізген…Ол қазақтың көп батырларының бірі ғана емес, бірегейі, 1688-1710 жылдары ширек ғасырға жуық қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардарбек, ордабасы, қолбасшы, ел тағдырын ойлаған реформатор, сұңғыла саясаткер”, – деп баға береді. “Кеудеңде шыбын жаның болса егер, жоғалтпа жер бетінен қазақ атын” деп ұрандаған дауылпаз жырау – Әз-Тәукедей дананың оң қолы бола жүріп, Ұлы даланың конституциялық күші бар заңы “Жеті жарғыны” жазған жеті бидің бірі.

Қожаберген жайында сөз қозғағанда оған тек қана қайраткер я ақын ретінде қарауға болмайды. Қазақ ерлері қашан да қоғам өмірінің қай саласына болмасын белсене араласып отырған. Зерттеуші Ш.Смағұлов бір мақаласында: “Қожаберген өз тұсында суырып салма ақын-әнші, күйші, әскербасы болумен қатар, белгілі емші, сынықшы, от ауызды, орақ тілді шешен, он саусағынан өнер тамған шебер, құралайды көзге атқан мерген, түйе балуан, аңшы, құсбегі, атбегі, құмалақшы, шабандоз, ауа райын болжаушы сәуегей, ірі қобызшы, жетігенші адам болыпты”, – деп көрсетеді.

Қожабергеннің ақындық талантын танытқан, тарихқа атын қалдырған атақты шығармасы – “Елім-ай” дастаны. Бұл – қазақ халқының өміріндегі ауыр кезеңді суреттейтін өлеңмен жазылған тарихи шежіре. Ел басына күн туған 1723-1729 жылдардың шежіресі. Ақын бұл шығармасында өзінің бастан кешкен қиыншылықтарын ел басына түскен ауыр апатпен байланыстыра жырлайды. “Елім-ай” шығармасы ел арасында болған бақталастықты әшкерлейді. Дастанда Ақтабан шұбырынды қалай болды, халық неге тозды деген сауалдарға жауап береді. “Елім-ай” тарихи тұрғыдан алғанда теңдесі жоқ туынды. Онда тек халық мұңы ғана емес, оның сыры, рухы бар. Ақын бірде тарихи тереңдікке бойласа, бірде қайғырып болашақты ойлайды, философиялық пайымдармен толғайды.

Қожаберген Толыбайұлы Тәуке хан заманында әскербасы, жау-жүрек, ту алған батыр болған. Ол батырлығымен бірге сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын көп жырлаған. Егер Қожаберген жырау болмаса, бізге сол заманның көп шындығы жетпес пе еді, бәлкім. Қазыбек Бек Тауасарұлының “Түп-тұқияннан өзіме шейін” атты шығармасында айтылғандай, осындай ерен тұлға болмаса, ел ерлігі, ауыр заманның ащы мұңы, ауыр сыры, азалы жыры бізге дейін толыққанды сақталуы екіталай еді? Бұқардың өзі бағалап, оның алдында құрақ ұшып тұрса, Қожаберген бабамыздың кім болғанын бағамдай беріңіз. Шежіре деректерінде Бұқар жырау шәкірті екенін ашық айтады, оны “Елім-ай” дастанындағы мына жолдардан аңғарамыз:

“Шәкіртім Сүйіндік Бұқар жыршы,

Ол Бұқар әрі шешен, әрі сыншы”.

Қожаберген шығармаларының өзіне тән бір ерекшелігі оның тарихилығында. “Елім-ай” эпопеялық жыры – қазақ халқының сыртқы жауларға қарсы бағытталған жартығасырлық әрі азаттық, әрі әділетті соғыстарын суреттеуге арналған әскери, әрі тәрбиелік маңызы бар тарихи дастан. Онда қазақ батырларының әрқайсысын өздерінің өмір сүрген кезеңдеріне, жас шамаларына қарай жыр еткенін аңғарамыз. “Елім-ай” тек қана жаулармен жүргізілген соғыстарды баяндап қана қоймай, туған еліміздің, жер-суларының бұрынғы кездегі атауларын, тұрмыссалтын, кәсібін, елдің ішкі-сыртқы саяси жағдайларын, көршілес мемлекеттермен қандай қарым-қатынаста болғанын айқын түрде көрсетіп берген.

“Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,

Басынып ата жауы етті мазақ”.

Осы шумақтардан жау қазақ халқының арасында бірлік болмағанын пайдаланып, елді шашылған тарыдай зар еңіретіп бостырғанын аңғарамыз. “Елім-ай” дастанында ақынның Әз-Тәукеге, Әнет биге, Төле биге, Қазыбекке, Әйтекеге, Малайсары биге, Дат палуанға, Бөгенбай, Жайнақ, Ақпанбет батырларға, Әбілқайырға арнап айтқан шумақтары кездеседі. Мысалы, Қазақ еліне алғашқы шабуыл басталған кезде Әбілқайыр ханға байланысты былай дейді:

“…Қолбасшы Әбілқайыр, қайда жатыр?

Сәмеке, Ғайып, Болат, Әбілмәмбеттің,

Көмегі бар қазаққа тимеді ақыр(ы)”.

“Елім-ай”-ды – өлеңмен жазылған роман деп айтуымызға болады. Халық санасынан, жұртымыздың жадынан жүздеген жылдар өтсе де өшпей, қайта елдігіміз бен ерлігіміздің мәңгілік жалауындай, жеңімпаз алауындай болған ұлы дастан “Елім-ай” – ерлік эпопеясы, ұлттық ұранымыз, ұрангер жыр-әніміз. Халықшыл шығарманың тілге жеңіл болуы да – оның тарихи шындығында, тағылымды тағдырында.

Ел үшін еңіреген сан боздақтың ұзақ уақыт атаусыз қалуына қоғамда үстемдік құрған сыңаржақ идеология кінәлі болса, екіншіден, тасқа басылған қолжазба жырларының сақталмауынан. Десек те, “Елім-ай” Қожаберген жыраудың өзегін жарып шыққан төл шығармасы екенін әдеби деректерден жиі кездестіреміз. Кіші Жүздің Беріш руынан шыққан айтулы ақын Шернияз Жұбанұлы “Мақпал – Сегіз” дастанында:

“Қыздардың сүйген Сегіз күн мен айын,

Гүлжайнар қобызбен күй тартқан сайын.

Қолына домбыра алып, әнмен айтқан,

Бабасы Қожаберген “Елім-айын”, – деп жырға қосады.

Осы сияқты деректерді Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қылыш Түренбайұлы, Үкілі Ыбырай, Жанақ Төлекұлы шығармаларынан кездестіруге болады. Жырауларда шаршы топқа түскенде алдымен өздерін таныстырып, “бастау жырын” айтатын дәстүр қалыптасқан. Одан әрі қиса-жыр толғауларын белгілі әуенмен айтатын. Қожаберген жыраудың жыр мақамын қазақ халқы білетін “Елім-ай” әнінің әуенінен көруге болады. Себебі, “Елім-айды” домбырадан гөрі қобызбен орындаған лайықты екенін Қожаберген жырау өз сөзінде:

“Мың рет орансаң да беренменен,

Кірерсің қара жерге денеңменен.

Қолыма қобыз алып, әнге шырқап,

Айтайын көргенімді өлеңменен”,

– деп бұл ойымызды нақтылай түседі.

Қожаберген жыраудың өмірі елдің азаттығы жолындағы күреспен өткен. Ол 1745 жылға дейін соғысады. Немерелері, балалары осы шапқыншылықта қаза болады. 1745 жылы сексен екі жасында Қожаберген жыраудың бастауымен Керейлер жаудан жерін босатып, Қызылжар, Маманайдағы жер-суына, атамекеніне қайтадан қоныстанады. Батыр алпыс жыл ғұмырын жорықта өткізіп, өзінің “Елім-ай” тарихи жыр-дастан эпопеясын келер ұрпаққа өшпес мұра етіп қалдырды.

Әкесі Толыбай сыншы Арқадағы Керей руының басшысы, атақты əскербасы болғанын білеміз. Сонымен бiрге ол алдағыны болжайтын көреген, адамды да, атты да, құсты да сынайтын сыншы, қара қылды қаң жарған əдiл би, айыр көмей, жез таңдай шешен, ат сүрiнгенше ақыл табатын қағілез адам болған. Гүлтөбеде көп жыл бойы қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының бiрiккен əскерiн басқарып, ордабасы-баһадүр атанған. Шешендiгiн, əдiлдiгiн, сыншылдығын кезiнде бүкiл қазақ қадiр тұтқан.

Толыбай сыншының 23 баласы болған. Кенжесі Қожаберген жыраудың өмiрi жайлы Шаймұрат Смағұлов, Қосыл Омаров, Қаратай Биғожин бастаған қаламгерлер баспа беттерiнде аз жазған жоқ. Белгiлi жазушы Н.Əбуталиев “Ордабасы Қожаберген” атты монография жазып, 1995 жылы “Жетi жарғы” баспасынан кітап етіп шығарған. Бiр жақсысы, Қожаберген жырау өзінің өмiрдерегін өлеңмен жазып кеткен. “Елiм-ай” дастанында:

Адам деп өз бойына өнер жиған,

Ел-жұртым деп атайды менi имам.

Жорыққа он жетiмнен араласып,

Болғам жоқ молда, софы, қожа, ишан…

Тiлiне араб-парсы болдым жетiк,

Оны да қолданбадым өнер етiп.

Көршi елге елшiлiкке ылғи барып

Мен жүрдiм қазағыма қызмет етiп.

Жорықта 45 жыл ғұмырым өттi.

Орта жас ол да менi тастап кеттi.

Ит қалмақ соғысуға душар еттi,

Болмаса ақсақалдық кезiм жеттi.

Жасынан ер жүрегi шерге толған

Халқына қартайғанда қорған болған

Қиналып қысылғанда

жыр шығарған,

Керейде Қожаберген бабаң

болам, – деген жолдар бар.

Қожаберген жыраудан қалған əдеби мұралар да аз емес. “Елiм-ай!”, “Баба тiл”, “Ер Көкше”, “Еңсегей бойлы Ер Есiм”, “Ер Қойлыбай”, “Қорқыт баба”, “Асан ата” сияқты дастандары, “Ақсауыт”, “Ғасыржас”, “Дүние”, “Жiгiттiк” және тағы басқа толғаулары, “Қарғыс атқан қалмақ-ай!”, “Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас”, “Сылаң Сыр”, “Балқан, Балқан, Балқан тау”, “Қазақ пен ноғайдың қоштасуы” сияқты өлеңдерi, “Дабыл”, “Аңырақай”, “Бозайғыр”, “Күлдiрмамай”, “Сұлама” сияқты күйлерi бар.

Қожаберген жыраудан 17 бала тараған: Əли, Əди, Əсет, Есет, Əбет, Мəди, Нəби, Науан, Бекет, Ақыл, Ноғай, Мамай, Бағыда, Сағынбек, Бектемiс, Тоқтамыс, Балқан (бəрi де Айша бəйбiшеден туған). Осы 17 баласының көпшiлiгi қазақ-қалмақ соғысында шəйiт болған. Кенже ұлы Балқаннан ғана ұрпақ бар. Балқан батырдың сегiзiншi ұрпағы – 1929 жылы туған Қаражiгiт үш баласымен бiрге Ресейге қарасты Қорған облысының Макушин ауданында қоныс тепкен.

Филиология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кəкішұлы “Қожаберген жырау” атты кітапқа жазған алғы сөзінде былай дейді: “Шындығын айтсақ, Қожаберген мұрасын, өмiр жолын ғылыми зерттеу жұмысының жүйелi түрде қолға алынуы елiмiздiң тəуелсiздiгiне қол жеткен кезден басталды”.

Осы тұста əдебиетшi ғалым Төлеш Сүлейменовтің, атыраулық Нəбиден Əбутəлиевтiң “Сегiз серi” (1991), “Ордабасы Қожаберген” (1995) жинақтарын айрықша еске алу керек. “Елiм-ай” жинағын шығарған Мəдина Дастанованың “Жырлары қазақ жұртын елжiреткен” деген еңбегi де – құнды зерттеулердiң қатарында.

Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттiң “Қазақ əдебиетiнiң тарихы мен сыны” кафедрасы жанындағы “Қазақ фольклоры жəне əдебиет тарихы” деп аталатын ғылыми зерттеу тобы 1991 жылдан осы тақырыпты тұрақты түрде зерттеп келедi. “Қазақ əдебиетiнiң қысқаша тарихы” деп аталатын еңбектiң бiрiншi томына “Қожаберген жырау (1663-1763 ж.)” атты арнайы тарау берiлiп, қазақ əдебиетi тарихында тұңғыш рет “Елiм-ай” əнiнiң авторы жөнiнде бiрқыдыру мəлiмет жазылған.

“Қаратаудың басынан көш келедi..” жырының алғашқы нұсқасы 16 жол болып 1875 жылы “Записки Оренбургского отдела Императорского русского географического обществаның” 3-кiтабының 253 бетiнде жарияланған екен. Екiншi рет 1932 жылы “Билер дəуiрiнiң əдебиетi” деген атпен Сəкен Сейфуллин өзiнiң атақты оқулық-хрестоматиясында “Елiм-ай”-ға орын берген (20 жол). Қожаберген жырау туралы Ыбырай Алтынсаринның, Мəшһүр Жүсiп Көпеевтiң, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мұраларында да айтылған. Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы қазақ хрестоматиясында, 1896 жылы “Махтубатында” Қожаберген жыраудың атын атап, өлеңінен үзiндi келтiрген.

Мəшһүр Жүсiп “Елiм-ай” əнi менен жыры тағы, шығарған Қожаберген бабаңды сүй”, – деп жазған.

Сұлтанмахмұт:

“Керейде Қожаберген, Сегiз өткен

Қазақтың шежiресiн жыр ғып шерткен”, – деп жырлаған.

Халқымызда ат аунаған жерде түк қалады дейді. Ата-бабаларымыздың жүрген жолында түркі жұртының қайталанбас бірегей тарихы қалды. Уақыт тозаңы басқан көненің көздері кейінгі ұрпақты жүздеген, мыңдаған жылдар бойы күтіп жатты. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап өскелең ұрпақ өткенді саралап, тарихи құндылықтарға аса мән беріп, ата-баба мұрасын қастерлеп, оқып-үйренуге кірісті. “Тарих жылы”, “Ұрпақтар сабақтастығы жылы”, “Мәдениетті қолдау жылы”, “Мәдени мұра”, “Рухани жаңғыру болашаққа бағдар” бағдарламалары да өткенімізге нақтылап бетбұрыс жасауға серпін берді.

“Жақсының жақсылығын айт” демекші, республикаға танымал заңгер, заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараевтың жетекшілігіндегі “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” халықаралық қоғамдық қоры жұмыс істеп, Қожаберген жыраудың әдеби мұраларын жинақтап, қайта басып шығару, есімін есте қалдыру бағытында үлкен іс-шараларды атқарып жүр. Осы қордың бастамасымен Қожаберген жыраудың басына күмбез орнатылған, Жамбыл ауданының орталығы Пресновка селосындағы қазақ мектебінің алдындағы алаң Қожаберген атымен аталып, бюсті қойылып, мектепте мұражайы ашылған. Петропавл қаласындағы №6 қазақ орта мектебі де ұлы жыраудың есімімен аталады, қалаға кіреберіске ескерткіші қойылып, көшеге есімі берілді.

Зылиқа БИМАҚАНОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp