Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде бірегейлігімізді нығайтудың жолы екенін қадап айтқан болатын.
“Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. “Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт” деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді”, – деп атап көрсетті Президент.
Иә, ортақ мақсатқа жұмылған күш-жігер арқылы ғана зайырлы, жаңарған қоғам құра аларымыз кәміл. Өз тағдырларын Қазақстанмен байланыстырған барлық этнос өкілдері өз өмірлеріне баға жетпес байлығымыз – бейбітшілік пен келісімді басты арқау еткен. Олардың да тілегі – достық, бірлік, өзара түсіністік, отаншылдық рух. Этносаралық келісім – адамның өнегелі тәрбиесінің, жоғары мәдениеттілігінің көрсеткіші. Республика жұртшылығы этносаралық келісімді ең маңызды жетістіктердің бірі және ұлттық мәселелердің ғылыми шешімінің нәтижесі, қоғамның дамығандығының көрінісі ретінде бағалайды.
Қазақстан – бейбітшілік пен келісім сақталған, түрлі этностар өзара ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан біртұтас ел. Бүгінде бір шаңырақ астында 18 конфессияның өкілдері бірлік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Азаматтарға өз қалауы бойынша дін ұстану еркіндігі мен әр ұлттың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінің сақталуына мүмкіндік берілген. Халқымыздың келісімі мен бірлігі оның саяси тұрақтылығын нығайтудың, экономика мен әлеуметтік жағдайын жетілдірудің негізі болып табылады. Мамлют ауданында конфессияаралық қатынастарды үйлестіру және діни бірлестіктердің қызметіне мониторинг жүргізу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Аудан аумағында 2 мұсылман, 2 православиелік діни бірлестік бар. Мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың негіздерін түсіндірумен, діни экстремизм мен терроризм идеологиясының таралуының алдын алумен айналысатын ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған, оның құрамына дінтану пәнінің мұғалімдері, полицейлер, мемлекеттік қызметшілер топтасқан. Олардың үшеуі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясында біліктілікті арттыру курсынан өтіп, сертификат алды.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, 9-11 сынып оқушылары, колледж студенттері, базарлар мен сауда орындарының – жұмысшы-қызметкерлері, “NEET” санатындағы жастар, спортшылар, пробация қызметінде есепте тұрған адамдардың нысаналы (проблемалық) топтарымен кездесулер, ақпараттық сағаттар, “дөңгелек үстелдер”, бейнекөрсетілімдер және тағы да басқа түрлі форматтағы іс-шараларды жүйелі түрде өткізеді. Жыл басынан бері 28 іс-шара ұйымдастырылып, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі ережелері, қоғамдағы зайырлылық, конфессияаралық және этносаралық келісім қағидаттарын іске асыру мәселелеріндегі мемлекеттің ұстанған бағыты, экстремизм мен терроризмнің зияндылығы туралы ақпараттар ұсынылды.
Сондай-ақ еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық үшін толеранттылық пен рухани келісім идеяларын насихаттау мақсатында этномәдени орталық, дін өкілдерінің және жастардың қатысуымен өткізілген “Дін бірлігі – мемлекет тұтастығы”, “Рухани келісім – бейбітшілік тірегі” басқосуларының танымдық мәні зор болды.
Дінаралық және конфессияаралық келісім Қазақстан халқының рухани дәстүрінің өзегі саналады. Өткен мен бүгіннің стратегиялық жетістігі – көпконфессиялы халқымыздың бірлігі. Тәуелсіздік жылдарындағы баға жетпес мұрамыз бен рухани байлығымыздың сақталып, “Біз әртүрліміз – біз теңбіз” қағидатының жүзеге асуына бәріміз де мүдделіміз.
Алмагүл РАМАЗАНОВА,
Мамлют аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы.