Ұлт зиялыларының мерейтойы жоспар үшін жасалған сансыз іс-шарамен һәм соңы дауға ұласқан ескерткіштермен шектелмесе керекті. Көрнекті тұлғалардың мерейлі жылы қоғамның мәдениетіне, рухани дамуына игілігі тиер бастама болуға тиіс.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та: “Бүгінгідей технологияның заманында той-томалақтың әңгімесін айтып, бір-бірін асыра мақтап, ас ішіп, аяқ босатқанға риза кейіпте жүру әдетінен арылу керек. Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі”, – деп кесіп айтты.
Биыл ақсұңқар ақын Мағжанның – талай жастың жүрегіне жыр құйған, талай жасқа селкеусіз сенген Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толды. Мерейтой аясында Мағжанның шығармаларының текстологиялық саралаудан өткен, ғылыми түсініктермен жарақталған үш томдық академиялық толық жинағы дайындалып жатқанын сүйіншілеп айтамыз. Игі жобаны Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қолға алған.
Еске салсақ, аталған институт қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері шығармаларының академиялық толық жинағының сериялық басылымын әзірлеп басып шығаруды және олардың электронды кітапханасын қалыптастыруды жүйелі жүзеге асырып келеді. Бүгінде бұл үрдіс дәстүрге айналды десек те болады. Сериялық басылымның алғашқы топтамасы ретінде Абай (2020), Жамбыл (2021) шығармаларының үш томдық, Ахмет Байтұрсынұлының (2022) бес томдық академиялық толық жинақтары оқырман қолына тиді. Аталған басылымдар институт сайтындағы электронды кітапханаға жинақталған.
Мағжанның шығармашылығын мұрағаттардан іздеп тауып, халыққа таныстырып, кітап етіп басып шығарып, ғылыми айналымға түсіру сияқты бастаманың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдары жүрді. Сондай-ақ бұл жұмыстар әлі күнге жалғасып келеді. Мәселен, ақын шығармаларының алғашқы толымды жинағы 1989 жылы “Жазушы” баспасынан жарық көріпті. Аталған жинаққа қаламгердің өлеңдері, “Қорқыт”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Батыр Баян”, “Жүсіп хан”, “Өтірік ертек”, “Тоқсанның тобы” поэмалары, “Шолпанның күнәсі” әңгімесі, мақалалары мен аудармалары енген. Сонымен қатар ақынның өмірбаяны мен Ж.Аймауытұлының “Мағжанның ақындығы туралы” мақаласы енгізілген. Жинақ соңында шығармаларға түсініктер берілген.
Әрине, бұл басылым кеңестік идеологияның тұсында дайындалғандықтан түрлі өзгертулер болғаны анық. Мәселен, ақын шығармаларындағы діни ұғым-түсініктерге байланысты өлең жолдары әсіре сақтықпен қысқартылды немесе өзгертілді. Мысалы, 1912 жылғы басылымда “Жатыр” өлеңінің “Шәкірттер медреседе шіріп жатыр, Қайдағы ескі нұсқа көріп жатыр” деген өлең жолдары 1989 жылғы басылымда “Шәкірттер медреседе шіріп жатыр, Айтысып молдалармен іріп жатыр” болып өзгертілген. “От” өлеңінің соңындағы екі шумақ, “Қойлыбайдың қобызы” поэмасының соңғы бөлігі қысқартылған, яғни ақын мұрасы редакцияланып жарияланды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов ақын мерейтойына орай жарияланған түрлі басылымдар көпшілік оқырманға арналғандықтан, ғылыми талаптар сақтала бермейді, мәтіндерге түсінік жазылмайды дейді.
“Мағжан шығармаларының көпшілікке арналған жинақтары академиялық басылымды даярлауда назарға алынбады. Академиялық басылымның тұрпаты, әдетте баспалардан шығып жататын тақырыптық басылымдардан мүлде өзгеше. Біріншіден, академиялық ғылыми басылым қатаң деректілікке негізделеді. Мұнда қаламгердің қолжазба мұрасынан бастап әртүрлі басылымдары, тіпті олардың шимайланған, түзетілген (черновик) нұсқаларына дейін түгел назарға алынады. Екіншіден, осы нұсқалар, түгелге жуық мәтіндік салыстырудан өткізіліп, терең текстологиялық зерттеу жүргізіледі. Үшіншіден, қаламгер заманында қолданылған тарихи лексика, оның өзіне тән сөз саптасы мен қаламгерлік мәнері (стилі) барынша сақталады, оған орынсыз өзгерістер енгізілмейді. Егер қандай да бір өзгерістер жасалса, ғылыми түсініктерде көрсетіледі. Төртіншіден, әр шығарманың жазылу уақыты, оның түрлі нұсқаларындағы айырмашылықтар, баспалардан кеткен қателіктер сарапталған, шығарма жазылған уақыттағы тарихи жағдайлар мен жер-су атауларына қатысты анықтамалықтар, есімдер көрсеткіші мен сөздік беріледі. Бесіншіден, академиялық жинақта қолжазбалардың, қаламгердің көзі тірісінде жарық көрген түпнұсқаға баланатын басылымдардың көшірмелері (факсимилесі) мен көне фотосуреттер және мұрағат құжаттары қоса беріледі”, – дейді институт директоры.
Сондай-ақ ол мұның барлығы, айналып келгенде жинақтың тарихи маңызын, ғылыми құндылығын арттыра түсетінін атап өтті. “Академиялық басылым даярлау классик қаламгерге көрсетілетін құрмет қана емес, гуманитарлық ғылымның жоғары жетістігі болып саналады. Мұндай жинақ классикалық мәтіннің канондық нұсқасын анықтап, отандық және әлемдік мәдениет үшін ғылыми құндылығын еселеп арттырады. Ғылыми негізде жүйеге түскен мәтін қалың оқырманнан бастап, мектеп оқулықтарының авторларына дейін құныға бас қоятын рухани игілікке айналады. Жаңа басылымдар мен сөздіктерді жасауға тиянақ болады. Мұндай академиялық басылымдар даярлау Қазақстанда кенже қалып келе жатқан мәтінтану ғылымын жандандыруға да ықпал етеді”, – деді К.Матыжанов.
Мағжан қазақ, орыс тілдеріне жетік, еуропалық мәнердегі жазба әдебиет өкілі бола тұра қуғын-сүргіннің салдарынан ақынның өз қолымен таңбаланған қолжазбасы бүгінгі күнге жетпеді. Есесіне қаламгер шығармалары өткен ғасыр басындағы мерзімді басылымдарда да, кітап болып та молынан жарияланған. Ғалымдар академиялық басылымға түпнұсқа ретінде осы жарияланымдарды тірек етіп отыр. Оның ішінде осы күнге тозып, жыртылып жеткендері, кейбір басылым нұсқаларының әлі күнге табылмай отырғаны да бар. Жоба авторларының айтуынша, ол дәуірдегі жазу мәдениетінің төмендігі, жазудағы әркелкілік, баспахана ісіндегі бірізділіктің болмауы да ақын шығармаларын саралауда көптеген қиыншылық туғызған. Оған қоса бұл басылымдардың барлығының төте (араб) жазуда болуы да мамандарға қосымша салмақ.
Институт директоры Кенжехан Матыжанов жинақты дайындау барысында нақты қандай зерттеулер жүргізілгенін айтты.
“Ақынның ХХ ғасыр басында араб әрпінде жарық көрген кітаптары, баспасөз материалдары, мұрағат құжаттары мен тәуелсіздік кезеңінде әлденеше мәрте басылып шыққан жинақтарындағы шығармалары өзара жолмажол салыстырылып, жүйелі текстологиялық саралаудан өткізілді. Аталған жарияланымдарда әрқилы себептермен өзгертілген, алынып тасталған мәтіндік айырмашылықтар толықтай дерлік қалпына келтірілді. Ақын шығармаларының 1989, 1992, 1995-1996, 2008 және 2013 жылдары жарық көрген жинақтардағы мәтіндермен де кең көлемде салыстырылулар жасалды. Яғни ақын шығармаларының ғылыми басылымдары бойынша текстологиялық жұмыстар жүргізіліп, дұрыс танылмаған, өзгертілген сөз тіркестері түзетілді”, – деді ол.
Ғалымның мұрасын мәтінтану тұрғысынан саралап, салыстырып, ғылыми түсініктер беруде іргелі, тиянақты жұмыстар жасалды деуге толық негіз бар. Жоба авторларының айтуынша, Мағжан шығармаларының академиялық толық жинағының бірінші томына ақынның өлеңдері енген. Оның 1912, 1922 және 1923 жылғы жыр жинақтарындағы – “Қазақ”, “Ақ жол”, “Еңбекші қазақ”, “Тілші” газеттері мен “Жас қазақ”, “Әйел теңдігі”, “Жаңа әдебиет”, “Жаңа мектеп”, “Шолпан”, “Сана” журналдарында жарияланған өлеңдері 1989, 1992, 1995-1996, 2008, 2013 жылғы жинақтардағы шығармаларымен салыстырылып, өзгертілген сөздер түзетіліп, текстологиялық жұмыстар жүргізілді. Соның негізінде ғылыми түсінік жазылады. Томға енген туындылар 1912 және 1923 жылғы түп-басылымдар негізінде берілген. Ал екінші томға “Қорқыт”, “Ертегі”, “Батыр Баян”, “Қойлыбайдың қобызы”, “Оқжетпестің қиясында”, “Жүсіп хан”, “Қаныш бай қиссасы”, “Өтірік ертек”, “Тоқсанның тобы”, “Толғау” поэмалары мен “Шолпанның күнәсі” әңгімесі кіріп отыр. Сонымен қатар ақынның И.В.фон Гетеден, Генрих Гейнеден, А.В.Кольцовтан, М.Ю.Лермонтовтан, И.И.Дмитриевтен, Әбу Фирастан және басқа да ақындардан жасаған аудармалары мен М.Горький, Д.Н.Мамин-Сибиряк және В.С.Иванов сияқты жазушылардан тәржімелеген прозалық шығармалары енді. Сондай-ақ ақынның “Жәжеке”, “Мыжмыж”, басқа да бүркеншік атпен жарияланған шығармалары анықталып, мәтіндері жинақталды. Үшінші томға “Педагогика” (1922), “Бастауыш мектепте ана тілі” (1925), “Бастауыш мектепте оқыту жөні”, “Сауатты бол” (1930) еңбектері және мақалалары топтастырылды. Томға енген мәтіндер түпбасылымдар негізінде әзірленген. Сонымен қатар “Қала, дала” (1912), “Бірінші май мейрамы” (1921), “Жазылшақ оқу құралдары һәм мектебіміз” (1921), “Сайлау” (1921), “Ақан сері” (1923), “Ақан сері сөздері” (1924), “Бернияз Күлеев” (1923), “Базар жырау” (1923), “Әбубәкір ақсақал Дибаев” (1924), “Наурыз” (1926) атты мақалалары да еніп отыр.
“Мағжан В.И.Лениннің, Н.И.Бухариннің кеңес өкіметінің құрылуы мен коммунистік партияның тарихы баяндалатын еңбектерін қазақ тіліне жатық аударғаны белгілі. Дегенмен академиялық жинаққа саяси тақырыптағы бұл аудармаларды енгізбей, іркіп отырмыз. Электронды кітапханада барлығы болады”, – деді институт директоры.
Айта кетейік, ақынның ХХ ғасыр басында жарық көрген шығармаларының электронды көшірмелері Ұлттық кітапхананың, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің “Ғылым ордасы” Орталық ғылыми кітапханасының және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қорынан алынған. Академиялық жинақ Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған нысаналы бағдарлама аясында жүзеге асып отыр. Алайда бұл бағдарлама бойынша қолжазбаны кітап етіп басып шығаруға қаражат қарастырылмаған.
“Ендігі үлкен мәселе – осы құнды мұраны қалың оқырманның игілігіне айналдыру. Биылғы ақынның 130 жылдық мерейтойына орай Академиялық жинақты басып шығару жөнінде Мәдениет және спорт министрлігіне, ақынның туған, өскен елі Солтүстік Қазақстан облысына өтініш айтып едік, тұщымды жауап ала алмадық. Осындай өтінішімізге “Amanat”, “Аqjol” партиялары үн қосып қалар ма екен деген үкілі үмітіміз бар”, – дейді К.Матыжанов.
Иә, қазір елімізде кітап шығару ісі тоқырап тұр. Еске салсақ, алдыңғы жылдары Абайдың академиялық жинағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен шыққан болатын. Ал Жамбыл жинағын Алматы қаласы әкімінің көмегімен шығарып, тек қала кітапханаларына ғана беріліп, өңірлерге таратылмаған.
“Былтыр Ахмет Байтұрсынұлының Академиялық толық шығармалар жинағын шығаруға қаржылық көмекті Қостанай облысы әкімдігінен сұрағанбыз. Облыстық кітапхана бар-жоғы екі данаға тапсырыс беріп, діңкемізді құртты. Дәл осындай жағдай Мағжан шығармашылығына байланысты қайталанбаса екен дейміз”, – деді институт басшысы.
Ұлт зиялыларын мерейтойында ғана ұлықтап һәм оның өзі аяқсыз қалатын үрдіс болса, Алаш ұрпақтарына үлкен сын емес пе? Былтыр бір жыл бойы “Ақаң, Ақаң” деп, бөркімізді аспанға аттық. Шүкір, “Алашорда” қоғамдық қоры мемлекет қаржысымен Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық шығармалар жинағын 3 мың данамен жарыққа шығарды. Бірақ М.Әуезов институты әзірлеген академиялық жинағына да қаржы көзін табуға болмас па еді?
Қорыта айтарымыз, Мағжанның академиялық жинағын көруге асықпыз және алдағы уақытта ел руханиятына игілігі көп мұндай жобаларға кешенді түрде қолдау көрсетіледі деп сенеміз.
Маржан ӘБІШ,
(“Egemen Qazaqstan”,
25 шілде 2023 жыл).