Тұрысбек Сәукетаев – жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1950 жылы 14 қарашада Алтай өлкесінде туған. “Сүткенже”, “Айлы түн еді”, “Қайыңдар, аппақ қайыңдар”, “Көлеңкелер патшалығы” әңгіме-повестер мен “Айқараңғысы”, “Желқайық”, “Эпилог”, “Қызылбалақтың қазасы”, “Мен – жындымын”, “Өлгендер қайтып келеді” романдарының авторы. Аударма саласында өнімді еңбек етіп келеді. Екі жүзден астам киносценарий, Ги де Мопассанның, Амброз Бирстің новеллалары, Голдо Мейердің “Менің өмірім” кітабын тәржімалаған. Тұрысбек Сәукетаевтың туындылары шынайылығымен, қанық бояуымен, көркем табиғатымен танымал. Назарларыңызға жазушының “Өлгендер қайтып келеді” әжуа аралас мұңлы роман-фэнтези сарынында жазылған романынан үзінді ұсынып отырмыз. Бұл роман өзінің көркемдік тосын сипатымен ерекшеленеді. Шындық пен қиял, өң мен түс, әжуа мен мұң, мистика… мидай араласып, оқушыны сан қилы шарпысқан сезімге бөлейді. Күлесіз, күрсінесіз, өмір басқаша бір өң-бояумен құбылып көз алдыңыздан өтіп жатқандай күй кешесіз.
Қыбыладан жел гуледі. Құбылған желге бір әлсіз дыбыс еміс-еміс леп қосқандай. Бір үзіліп, бір сыбырлай талықсып жетеді. Домбыраның үні. Өксіген шерлі күмбір. Қос ішек әлсін-әлі баяулай күрсініп, іле бебеу қаға дабылдап толассыз зар төгетіндей. Еркімді алып жүр-жүрлеп еліктіріп барады. Желге қарсы ұшқан сайын, сиқырлы үн бар ажарымен тасып-толқып шалықтай түсті. Көз ұшында тебендей шаншылған жалғыз бәйтерекке жеткенде, үннің иесін таптым. Бәйтеректің бұтағына үкілі бауынан ілініп, желге тербелген қара домбыраның шанағынан бір құдіретті күй өз-өзінен шалқып-төгіліп жатыр. Жел саябырласа – бәсең сыбырлап, үдесе, қанатын дабылдата қағатындай. Жер мен Көктің арасын мұңмен тербеп, азалы ащы өксікпен сілкілейді.
Теректің қанатының астында құлағы қалқайып екі бейіт саялап тұр. Бірі – ескі, қатарындағының топырағы әлі басылмаған. Көне зират маған бұрыннан таныс. Қабыр басында көктеген бір шоқ қызыл раушан өлімнің үрейлі көлеңкесін қуып, қып-қызыл оттай алаулайды. Қайран Ажар! Менің алғашқы бала махаббатым! Менің деймін-ау, біздің кластағы ұлдардың бәрінің махаббаты! Жоқ, біздің кластағы ғана емес, бүкіл ауылдағы боз жейде бар жігіттің махаббаты!
Бірінші сентябрь, қоңырау соғылып, тоғызыншы кластың есігін алғаш аттаған бетіміз. Көбіміз жаздай бір-бірімізді көргеніміз жоқ. Біріміз таралып өсіп, біріміз толысып өзгеріп кеткендейміз. Қатар тұра ғап, бойымызды салыстырамыз, бір-бірімізді түйгіштеп, алысып-жұлысып кетеміз. Қыздарға да тиісіп, бақыртып, ұялас күшіктердей, сағыныса табысқан достардың дырдуы толастар емес. Жаздайғы көрген-білген қызықтарымызды айтып тауыса алмай дабырласып жатқанымызда, класс жетекшіміз – Жамал апай кіріп келді. Қасында қоңыр көйлек киіп, ақ фартук таққан бөтен бір қыз бар. Терезесі көлеңкеге қараған күңгірт бөлмеге күн түскендей жап-жарық боп кетті. Біздің ауылда жоқ, ауылың не, Құдай-ау, бүкіл уәлаятта жоқ, тіпті өмірде де болмайтын шығар, тек хас шебердің қиялынан туған портреттей, есіктің рамасында құралай көзі мөлт-мөлт етіп бір ғажайып сурет іліне қапты. Қоңырқай қалың шашының самайы бұйраланып, уыздай аппақ жүзі сәби тазалықпен нұрланып лыпыл қағады. Қарлығаштың қанатындай иілген керме қас. Өңіне тәкаббар көрік қосқандай қыр мұрынының ұшы сәл көтеріңкі. Томпайып албыраған тәтті еріні әнтек ашылып, анталаған көздерден ұяла жымияды… “О-һо!” Үніміз шықпаса да, кластағы он екі ұлдың аузы дөңгеленіп үлкен “О”-ға айналды. Іле бір-бірімізге жалт қарастық. Жалын атқан көзімізде: “Міне періште!” деген жалғыз сөз жазулы тұрды. Сол-ақ екен, бәріміз бірден оптом ғашық болдық та қалдық. Келесі сәтте көзімізден от шашып, жебе жаудырып, бір-бірімізге қызғанышпен жеп қоярдай жауыға қарадық.
Жамал апай бізбен жымия амандасып, қасындағы қызды таныстырды:
– Міне, балалар, класымызға жаңа оқушы қосылды. Жатырқамай достасып кетерсіңдер деп ойлаймын. Зырян қаласынан көшіп келді. Аты-жөні – Ажар… Текебаева…
– “Текебаева” дегенде, артымда бұғып отырған Темірхан тырқ ете түсті. – Айналайын, мына жерге отыра ғой, – деп апай алдыңғы партада отырған Бибінұрдың жанындағы бос орынды нұсқады. Ажар қалықтай басып кеп орнына отыра беріп еді, күн қақтаған Бибінұрдың беті көмір жаққандай қап-қара болды да қалды.
Класс іші бұрын-соңды болмаған тыныштық. Құрттаған шыбыштың құйрығындай жыбырлап, жан-жағына сүйкеніп отыратын Ихсанға дейін қолдарын партаның үстіне айқастырып, өнегелі шәкіртке қойылған ескерткіштей қатып қалған. Бәріміздің екі көзіміз Ажарда. Жұп-жұмыр аппақ мойынына, орындықтың арқалығынан асып-төгіліп, ұшы жерге тиер-тимес созылған қоңырқай жуан бұрымына мөлиіп қараймыз. Егер біздің көзіміз жебе болса, Ажардың денесі әп-сәтте-ақ решеткаға айналар еді. Ажарды сыртынан көзіммен аймалап отырып, небір қиялға берілемін. “Текебаева деген фамилиясы қандай жаман, өзіне үйлеспейді. Ертең үйленіп, менің фамилияма көшсе, Ажар Шеғирова деген қандай жарасар еді!” деп ақша бұлттың арғы жағына ракета құсап шарықтап кетемін.
… – Гомологиялық қатардағы көміртегінің молекулалары өзара коваленттік байланыста болады, – деп метан, этан, бутанның формуласын жазып, Бутлеров теориясын түсіндіріп жатқан Жамал апай бір уақытта тақтаны бормен тақылдатып:
– Әй, неғып үн-түнсіз қалдыңдар? – дейді әдеттен тыс тыныштыққа таңырқай қарап. – Шеғиров, ұйықтап отырсың ба? … Әй, Хасенов, саған не болды айдалаға ежірейіп?..
Сол күннен бастап өзгердік. Ажардың періште бейнесін әрқайсымыз өз жүрегімізге көшіріп алдық. Ешкімді жуытпай оңаша аялаймыз, құшамыз, сүйеміз…
Біздің кластағы ұлдардың пәшти бәрі қызбен жүреді. Пәшти дегенде, жалғыз Рахманов Рүстем ғана жүрмейді. Оның да жүргісі келеді, тек жолы болмай жүр. Класымыздағы ең өңді, сұлу жігіт сол. Бойы да бәрімізден ұзын. Сонда да, неге екенін білмеймін, қыздан салымы жоқ. Талай қызға хат та жазды, көңілін де білдірді – бәрі тұра қашады. Сөйтсек, оның басында екі орайы бар екен. Сұм қыздардың білмейтіні жоқ-ау. “Екі орайы бар еркек екі қатын алады” деген қазақтың ырымынан қорқып, “бұл пәле көп қатын алатын опасыздың өзі”, – деп жуымайды екен. Елден қаламын ба, мен де жүремін. Тоғызыншыда оқып қызбен жүрмеген ұят емес пе. Әйтеуір біреумен жүру керек қой деп, Күләшпен екі рет индиский киноға барғам: “Сангам”, “Любовь в Кашмире” деген. Қол ұстасып, шырт-шырт шемішке шағып отырдық. Қыз бен жігіт араларына ескі көзқарастағы ата-аналары килігіп, қасірет шегетін тұста, Күләш бір-екі рет мені құшақтай ап, басын иығыма сүйеген. Ертеңінде біреу клубтың қабырғасына: “Тауфих + Күләш = Лүйбоб!” деп қызыл бормен сойдақтатып қойыпты. Мектепке барсам, “білеміз, бәрін білеміз!” дегендей ары өткен-бері өткеннің бәрі тышқан көзденіп жылтың-жылтың етіп қарайды. Жетінші, сегізінші кластың кейбір меліштері тіпті: “Күләш! Күләш!”деп сыртымнан айғай сап тұра қашады. Құрысын, махаббат майданындағы алғашқы жорығым осылай шабуылға ұшырап, сәтсіздікке ұрынған соң, махаббат деген де машақаты көп жұмыс екен ғой мүбәдә-ә деп, бетім қайтып қалған.
Біздің ауылдағы адамдардың бәрі қап-қара. Кепкен шортандай тыриған қақпыш. Жаз бойы суға түсіп, құм жағада күнге қақталамыз. Қыста азынаған аяз. Жарылып кетпесін деп бетімізге балықтың майын жағып алған соң, тіптен айналайын боп шыға келеміз. Біздің жақтың адамдарын басқа жақтағылар негр екен деп қалады. Ауылымыздың бір қызы Қостанайдың жігітіне тұрмысқа шыққан екен, бетін ашқанда енесі: “Ойбай, көтек, мынау негр ғой!” деп шарқ етіп шалқасынан құлап түсіпті. Біздің ауылға келген орыстың өзі екі ай өтпей қара қазақ боп шыға келеді. Баяғыда Қасымбек сотталып кетіп, Читадан орыс қызын алып келгенде қандай еді. Аппақ қардай еді-ау. Жағадағы ескі катердің үстінен аппақ денесі жарқ етіп суға секіргенде, балық боп кетіп құшақтай алсақ-ау деп жүрегіміз асау айғырдай тулайтын. Бәріміз ыстық құмның үстінде қиялымызбен ақ сазандай бұлқынған бір-бір ыстық Наташаны құшақтап, “бәлем, көр де тұр, өскенде тек орыстан қатын алам!” деп жүрегімізге серт байлап армандағанда, көзіміз тұманданып-тұманданып кететін. Түнімен жалаңаш Наташаны түсімізде көріп аласұрып шығамыз. Таңертең тұрғанда бет-аузымызды қып-қызыл безеу басып, айнадан өзімізді танымай қалатынбыз. Сөйткен Наташа жарты жыл өтпей қап-қара қатын боп шыға келді. Кейін тіпті қазақша майыстырып сөйлегенде, Қабылтайдың Мәрияші екен деп қалатынсың. Бірақ біздің ауылдың күні де, суы да, желі де Ажарды қарайта алмады. Тіпті сәл қоңырқай тартқан күннің өзін де, ажарына ажар қосып құлпыра түсетіндей. Жүрегімізге бекіген нұрлы бейнесіне кіршік түсірмей табынып, күн өткен сайын күйіп-жанып өртеніп өліп барамыз.
Ажарды көрген бойда-ақ біздің ауылдың қыздары сұрықсыз боп шыға келді. Тозған ескі суреттей өңі қашып көңіл төрінен шегіне берді. Осы уақытқа дейін қалай байқамағанбыз? Салыстыратын ешкім болмаған соң, жақсы-жаманды қалай ажыратасың, барымен – базар, осы да пойдет деп жүре бергеміз дә. Әйтпесе ешқайсының “товарный виді” жоқ екен, қаралығы өз алдына: бірінің – мұрыны таңқы, бірінің – көзі сығырайған, енді бірінің – аяғы шидей ме, құдай-ау!.. Кәрөші, бесеуінің завчасінен бір әдемі қыз шықпайды. “Ажар, Ажар!” деп іштерінен ентіккен біздің кластың ұлдары сол күні-ақ сүйгендерінен ажырасқан. Білмейтіні бит ішінде, шариғаттан да халпе дәрежесінде хабары бар қызуқанды Төлеубек Ерғалиев өзінің Розасының сыртынан: “Талақ! Талақ!”деп қолын теріс жайып үш рет сілікті. Ай сайын ғашық боп қалатын Хасенов Төрехан: “Мен қазір свободная птичка, куда хочу – туда и лечу. Басым бос!” деп жерге шырт түкірді. Менің көз алдыма Күләш елестеді. Құдайым-ау, қайда қарағанмын? Бүкіл бойы кемшіліктен тұрады екен: Мұрыны талпақ, мықыны жоқ – кебеже, бұты қисық… Ой, Алла-ай, қай жеріне қызықтым десеңші, көзім көз емес, жараның орыны болған екен ғой, Ажарды көрмесем, “Қызжібегім өзіңсің” деп жүре береді екемін-ау бұзау боп мөңіреп. Күршімнің ала қарбызындай шекесінен шертіп жүріп, өзімше он қыздың арасынан таңдап-ақ едім, қарбызым шикі болып шықты. Оның үстіне, Жанмұраттан жылатқандай ғып тартып алғанмын. Бірден айныдым. Ажар саған бәрібір қарамайды ғой дегендей, товарымды тез өткізіп жібергім кеп Жанмұратқа: “Мен енді жүрмеймін, Күләшті сен ал” деп едім, оным әлдеқандай боп кергімесі бар ма:”Фу, кетсінші әрі!” деп көзі қисайып, мұрыны шыбын қонғандай тыржисын.
Сүйіктілеріміз, тойсты, болмай қалған болашақ жарларымыз, біздің бұл неке бұзар опасыздығымызды мүлдем кешіре алмады. Бірден бунт жасап, бес қаруларын сайлап жойқын шабуылды бастап бір кетті дерсің. Балабектің Ғалиянұры шақардың шақары екен. Қырық құлаш ақ найзасын үңілтіп қырық қалмақты қабатынан түйрейтін Қобыландыдай, тақтаның алдындағы указканы ала сап, “өлтірейін-ай, өлтірейін!” деп тап-тап бергенде, Балабек бейшара партадан-партаға секіріп, тесік таба алмай шырылдады. Төреханның соңғы махаббаты – Бибісара ерінін жымқырып, сояудай саусақтарымен бұтынан бұрай шымшығанда, сорайған Төкішім әлемдік рекорд жасап аспанға бір-ақ секіріп, төбедегі шамды төбесімен салдыр еткізді. Бәрінен менің Күләшімнің қаһары қатты. Танауы талпайып, қиық көздерін қайшылап, Хорен қалмақтай қуып жүріп қаламсаппен дәл құйрығыма допинг соққанда, шала бауыздалған шошқадай шыңғырып, шыбын-шіркей безген күйі фонер есікті басыммен сүзіп, жарты денем ар жақта, жарты бөлігім бер жақта салбырап қалдым…
Қан майданда қирай жеңілген біздер жаралы жауынгерлердей, біріміз сәлде ораған молладай басымызды дәкемен таңып, біріміздің көзіміз көгеріп, біріміз ақсаңдай басып… төменгі кластың щеголдарына көпке дейін тегін клоун боп жүрдік.
Өмірі басы қосылмай қырық пышақ боп ұрсысып-ренжісіп жүретін қыздарымыз соншалық ауызбіршілікпен дереу “тірі жесірлер” алянсын құрды. Қашан көрсең күбір-сыбыры бір. Ажарға қарай көздерінің жебесін жамыратып, жақтырмай жалт етіп, өздерімен-өздері оңаша отау. Әйтсе де қыздар Ажарды қанша жерден жек көргенімен, одан байқаусыз көп нәрсе алғанын, көп нәрсе үйренгенін өздері де білген жоқ. Ажарға ұқсап киінгісі келді, соған ұқсап сәнденуге тырысты. Бойларын тік ұстап, мықындарын ырғап билеп басады. Қастарын жұлып, беттеріне опа жағып ағарып, әжептәуір қыз боп қалды. Бұрынырақта болса, “оһо!” деп жарыса бассалып, автолавкамен анда-санда келетін үнді шайындай таласар едік. Бірақ Ажардай болу қайда. Оған деген өліп-өшкен ұлы махаббатымыздан бәрібір айнымадық. Ажар қыздарды ғана емес, бізді де тәрбиеледі. Мұғалімдер қырық жыл қақсап үйрете алмай қойған тәрбие бір-ақ күнде бойымызға қонды. Ажардың алдында жақсы боп көрінейік деген жанталаспен қас-қағымда бәріміз тәртіпті боп шыға келдік. Үсті-басымыз мұнтаздай, шашымызды бриолин жағып тарап, әкелеріміздің сақал алғанда жағатын “Тройнойын” бұрқыратып шашып аламыз. Бұрынғыдай лағып сөйлеп, ыржыңдап күлу жоқ. Сырбаздықтың сабырлы, салқын көлеңкесін қабағымызға іліп алып, қыз айттыруға баратын күйеу жігіттей сызылып аяғымызды кербез басамыз. Класта да екі қолымызды партаның үстіне айқастырып, бар ынта-шынтамызбен мұғалімнің аузына үңілеміз. Алгебра, физика, химиядан жауап бере алмай мыңқылдап тұрсаң, Ажардың алдында өлім емес пе? Өңкей бақталастар бір-бірімізбен іштей жарысып жанымызды саламыз. Оқу үлгіріміміз күрт өзгеріп, “троешник” Рамазановқа дейін аяқастынан қалай озат боп кеткенімізді білмей қалдық. Бұлар даналықтың дуасын ішіп жүр ме деп таңғалғандай, өмірі аузынан мақтау шықпайтын Жамал апай риза болғаннан: “Міне, біздің ұлдарға ес кіріпті, шетінен төрт пен беске оқиды. Ертең мектеп бітірген соң иниститутқа түсу керек екенін осы бастан ойлап тырысып жатыр. Жарайсыңдар, қарақтарым! Ал қыздар, сендердің не ойлағандарың бар? Ұлдардан неге үлгі алмайсыңдар? Әлде сендерге оқу керек жоқ па? Ертең күйеуге шықсақ болды дейсіңдер ме?” деп қыздарды ұялтып тастайды.
Он екі потенциалді күйеу жігіттің арасында жан аяспас бәсеке басталды. Бірімізден біріміз асып түссек дейміз. Жарқ етіп көрініп, Ажардың жүрегін ертегідегі ханзададай жаулап алуға жанталасамыз. Құдай сақтасын, бәріміз де тұнып тұрған талант екеміз, әрқайсымыздың көкірегімізден бір-бір бұлақ бұрқ-бұрқ атқылады. Алла-Тағала адамды алаламайды, бәрін бірдей ғып жаратады, бірінің өнерлі, бірінің өнерсіз болуы ынтасына байланысты дейтін ғұламалардың сөзі ып-рас. Талаптанса адамның алмайтын асуы, бұзбайтын қамалы жоқ екен. Әнші де, гитарист те, боксер де, желаяқ та біздің кластан шықты. Класта Айтжамалдың жанында бойым бірдей болсын деп астына үш-төрт кітап қойып отыратын Ихсан аяғына тас байлап ап күні бойы турникте асылып тұрады. Төлеубек волейбол командасын құрып, мектептің жанындағы шаршы алаңды шаңдатып жатқаны. Сатыбалды төртпақ денесі тарбиып “Беларустің” білікке кигізілген темір дөңгелегін аюдай ақырып көтеріп ырс-ырс етеді. Жұматай балық заводындағы Саша сығанның тілін тауып, гитара үйреніп алды. Кеш болса, кепкасын қисайта киіп, гитараны сылқылдатады. “Сені іздедім түнімен, сені іздедім күнімен…”, – деп бәріміз қосыла әндетіп, Ажардың көшесінен ары да, бері де өтеміз. Төрехан темекіні тастап, құм салынған қапшықты ағашқа іліп қойып төмпештеумен әуре. Екі иығы жұмырланып, кеудесі алшиып, балпаң-балпаң басады… Аудандық мектепаралық спартакиадада біздің командамыз бірінші орын алды: шахмат, жүгіру, волейбол, бокс, штанга… бәрінен! Гимн ойналып, мерейіміз асқақтап Вымпел көтеріп тұрғанда, әрқайсымыз “Ажар енді маған қарамағанда, кімге қарайды!” деп қасқайып тұрдық.
Сол жылдары біздің ауылдан небір әнші, гитарист, биші, спортшы шықты. Көбі кейін жалпақ жұртқа танылды. Соның бәрі махаббаттың құдіреті ғой. Егер олар Ажарға ғашық болмаса, өстіп өнерпаз болар ма еді? Махаббат жақсылыққа, өнерлі болуға, бәрінен асып түсіп жарқырап көрінуге құлшындырды. Әрқайсымыздың көкірегіміздегі тылсым тұнбаның көзін ашты, жүрек түбінде қалғып жатқан небір жасампаз құдірет иесін тұр-тұрлап түртіп оятты. Махаббат қана әлемді гүл жайнатып құлпыртады екен! Мен де өзімнің аяқастынан қалай ақын боп кеткенімді білмей қалдым. Тақпақ жаттай алмай қақалып-шашалып, екі көзім алайып көкке қарап тұратынмын. Шығарма жазудан үштен артық алып көрген емеспін. Енді міне, Ажарды көрдім де, ішіме өрт түсті. Күйіп-жанам. Түйнек тигендей, текеметтің үстінде бүктісіп ары аунаймын-бері аунаймын. Үйге сыймай, дала кезіп кетемін. Құм төбелердің бірінен асып, біріне шығамын. Не істеп жүргенімді өзім де білмеймін. Көзім тұман, түк көрмеймін. Көк жусан мен ерменнің иісі бұрқырап алдымнан соққан жел ақ жейдемді кеулеп, желкендей желбіретеді. Денем бір ысып, бір суып, бойымды әлдебір өксік буып бара жатқандай. Кенет ырғақты әсем сөздер өз-өзінен тілімнің ұшына орала кетті. Үсті-үстіне түйдектеліп төкпелене түсті. Ішімдегі буырқанған алапат сезім сиқырлы сөзге айналып, бірде мұңая сыбырлап, бірде сыңғырлай еркелеп, есіліп, екпіндеп көмейімнен құйыла берді, құйыла берді. Дәптердің бетінде қаздаңдаған қаламым үлгере алар емес. Екі бетті толтырып бір-ақ тоқтадым. Оқып көрсем – өлең. Ғажап өлең! Ажарға деген ішімдегі бүкіл сезімім сурет боп түсе қалған. Әр әрпінде жүрегімнің лүпілі тұр. Құйғытып отырып Төрехан мен Темірханға бардым. Екеуі оқып шықты да, мен жаздым дегенге сенген жоқ. Өзім де сенбеймін. “Кетшіей, көшіріп алғансың ғой!” деді. Темірхан Бақтыгүлге өлең жазғанда шыли кітаптан көшіріп алатын. Этажеркасының бір сөресі сықаған ақындардың кітабы. Үшеуміз үшке бөліп ап, кешке дейін ақтарыстық. Ондай өлең табылмады. Ақыры көздері жеткен соң, достарым сол жерде авторлығыма мөр басып, патент берген. Сол күннен бастап мен ақын атандым. Ажарды ойласам болды, өз-өзінен аузымнан өлең төгіледі. Күнде өлең жазам, не біреу, не екеу. Бірақ Құданың құдіреті, басқа тақырыпқа жаза алмаймын, тек Ажарды көз алдыма елестетсем ғана жүрегім лүпіл қағып, қалам ұшынан ақ қағазға ағыл-тегіл жыр саулайды. Менің өлең жазатыным көп өтпей мұғалімдердің де құлағына шалынса керек. Бір күні Жамал апай:
– Әй, Тауфих, сен қыздарға өлең шығарады дейді ғой. Сегізінші март келе жатыр, анаңа, мұғалім апайларыңа арнап өлең жазшы. Қабырға газетіне шығарайық, – деді. Жүріп келе жатып та ойланам, төрдегі текеметтің үстінде арлы-берлі аунап жатып та ойланам. Баласы теріс біткен қатындай, үш күн, үш түн толғаттым. Құдай атқанда, бір ауыз сөз тілімнің ұшына оралсайшы. Әбден ит боп апайдың алдына келдім, сүмірейіп тұрып міңгірледім:
– Апай, шығара алмадым…
Апайдың көкшіл көзі тотияйындай кілкіп шарасына сыймай кетті. Указканың ұшымен самайымды шұқыды:
– Сенің мына жеріңде қыздан басқа ештеңе жоқ!
Біздің Төрехан пысық, аудандық “Коммунистік еңбек” газетінің мектеп бойынша насихатшысы. Күзде үй-үйге кіріп: “Газетке жазылыңыздар, ауданымыздың жаңалығынан хабардар боп отырасыздар. Бір-ақ бөтелкенің құны ғой. Оқымасаңыздар да балық жеген соң қол сүртуге жақсы не туалетке пайдаланасыздар!” деп жанталасатын. Өзінше беделін пайдаланып, жан досым туған күніме подаркі жасайын дегені ғой, менің “Қос қайың”, – деген балладамды өзіме айтпай газетке ұрып жіберіпті. “Құмаш орта мектебінің оқушысы жас талап пәленшенің тырнақалды жырын жариялай отырып, әдебиет әлеміндегі алғашқы қадамына сәт сапар тілейміз”, – деген қолпашпен газет бетіне жарқ етіп шыға келгені. Сол-ақ екен басым пәлеге қалсын. Жібекке ғашық көп екен дегендей, Ажарға біздің класс қана емес, бүкіл ауылдың жігіттері ғашық деп айттым ғой. Солар бірінен кейін бірі келіп маған қолқа салатын болды. “Ажарға менің атымнан өлең шығарып берші”, – дейді. Бірі жалынады, бірі қорқытады. Келіспеске шара жоқ, әрине, олар бола алмаймын, өзімді жазамын, өзімнің өрттей лаулап алқынып, аласұрған сезімімді жазамын. Сөйтіп менің махаббаттың көзжасы тамшылаған тілім-тілім жүрегім ақ қағазға оранып, әлдекімдердің кір қалтасында шырылдап бара жатады.
Несін айтасың, ауыл жігіттерінің арасында беделім артып шыға келді. Бұрынғыдай дүкеннің алдынан “бычок” термеймін, жылқының тезегіне ауыз былғамаймын, енді тек қымбат-қымбат темекі тартамын. Арасында ақаңды да аңыратып жіберемін. Несі бар, мықты ақындардың бәрі арақ ішкен ғой. Есенин де, Высоцкий де. Мұқағали көкеміз де көк мойнақ шөлмектің меселін қайтармайтын көңілшек деседі. Біздің кластың балалары “щегол” болып қалды, кеш болса кепкам қисайып, нұқыл үлкен жігіттердің ортасында жүремін өңкей гүжілдеген бұқаның арасындағы бұзаудай боп. Езуімізде жылт-жылт жанып көзін қысқан темекі. Түнге қарай аспандағы жұлдыздың бәрі жерге түседі. Үйіріліп, жыпырлап, Ажардың үйінің алдындағы кең көшеге сыймай, тауық бір шақырғанша жыпылық қағып сөнбейді.
Бірақ менің бұл базарым ұзаққа созылмады. Бір күні Әділхан аға келіп, сұқ саусағы шолақ, күс-күс жұдырығын тұмсығыма иіскетті: “Бұдан былай тек менің сарай ақыным боласың”, – деп тайқы маңдайыма таңқ еткізіп мөр басты. Әділхан Жаманбаев – осы ауылдың атаманы. Екі рет анау “итжеккенге” “қажылыққа” барып келген. Алдыңғы тістерінің бәрі алтын, аузын ашса, қып-қызыл домна пеші алаулап тұрады. Мұрыны бір жағына қисық, бір қабағы сынған. Ол да Ажарға ынтық екен. “Пішту, саған не жоқ!” деп жанқалтамның ішінен “әтпішімді” шығардым. Осындай есерсоқ, бұзық адам да ғашық бола алады екен-ау. Ойбай-ау, іңкәр болғанда, тегі, Мәжнүннен ары былқ-сылқ ләйліп қалыпты нұқыл. Жейдесінің түймесін ағытып, қара қозының елтірісіндей бұйраланған қайқы кеудесін жұдырығымен дүрс-дүрс қағып күрсінгенде, демінен тас балқиды:
– Мынаның ішіндегі жүрегімді көрсең ғой, от боп жанып тұр! – деді, суырып алса жүрегі Данконың қолындағы қара түнекті қақ жарған қызыл алау секілді жарқ ете түсетіндей. – Шіркін, ол қызды қолыма түсірсем, бұл жерде бір күнде тұрмас ем. Түзелем, бәрін тастаймын, әкіри. Алматыға апарып аққудай ғып аялаймын!.. – деп сәулелі болашағы жарқ-жұрқ еткенде, екі көзінен екі маржан ыршып кетті.
– Аға, осы айтып тұрғаныңыздың өзі өлеңге бергісіз ғой, соны хатқа түсірсеңіз жетпей ме? – деймін қашыртпақтап.
– Маған өлең керек! Ажар оқығанда есінен танатындай болсын!
– Аға, сіз шын ғашықсыз ба?
– Ей, бала, осы тұрғанда, күйіп-жанып өлгелі тұрмын!
– Шын ғашық адам ақын боп кетеді емес пе? Неге өзіңіз жазбайсыз?
– Мен өлең жаза алмаймын, тек сүйе аламын!
Мен қулыққа бастым:
– Мен сіз сияқты сүйе алмаймын, сіздің ойыңыздағыдай ғып жаза алмаймын ғой!
– Ей, козёл, яйца петуха не учит! – деп, күс жұдырығымен күмп еткізіп кіндігімнен екі пергенде, екі бүктеліп қалдым. – Елдің бәріне жазып жүрсің ғой. Солардан асырып жаз, білдің бе!
Ағамның ашуы да тез, қайтуы да тез екен. Екі секунд өтпей:
– Өй, жәнім, ақылдысың ғой! – деп құшақтай ап, жүн кеудесіне аузымды шаптағанда, сары майдай еріп кеттім. – Жаза ғойшы, жарығым, жарай ма? Саған өлең шығару не, түф деп түкіре салғандай емес пе!
Түкіре салғандай емес, әрине. Ойланам, дөңбекшіп жер-көкке сыймай шиыршық атам. Ажар жымия қарап алдымнан ақ білегін созады. Ақ көйлегінің етегі көлбеңдеп, ырғала басып, алдымда ақ сағым толқығандай. Алқынып ұмтылам дегенше жалт беріп жоқ боп кетеді. Сағымда адасып алай жүгірем-былай жүгірем. Айналам сыңғыр-сыңғыр күлкі, мен мұндамын, кәне, ұстап ал деп назданғандай.
Сиқырдай жанымды арбап күлімдейсің,
Аққудың алыстағы үніндейсің.
Дұғамды мың қайталап созсам дағы
Қолыма ақ сағымдай ілінбейсің…
Сол-ақ екен, жүрегімнің қанын тамшылатып, ақ қағаздың бетіне ағыл-тегіл төгілемін-ай кеп. Шексіз іңкәрлігімді шерлене ақтарамын. Гөте тәңір тұтқан Шығыстың жеті жұлдызының жанынан жарқырап жаңа бір жұлдыз туып келе жатқандай ма, өзім де таңмын. Әділхан еріні жыбырлап қайта-қайта оқиды да:
– Әй, мен мынандай ғашық бола алмаймын! Жарайсың! – деп күректей алақанымен арқамнан қайқаң еткізіп салып қалады, кейде қатты риза боп кетіп, “БТ”-ның шала басталған пәшкесін алдыма алтын сақадай шиырып тастай салады.
Әділханның атынан күнде өлең жазам. Көшіріп бір данасын өзіме сақтап қалатынмын, бір күні қарасам, қалыңдығы кере қарыс бір том болыпты. Хафиз бен Омар Һаямның ғазалдарын қосқанда да асып түсетін шығар.
Әділханның жетінші класта Сейтақ – Тарзан деген поштабайы бар. Күнде хатты сол Ажарға апарып береді. Тарихи сәтте мен Ажарды көз аямнан шығармай тасалау жерде бақылап тұрамын. Ажар хатты алады да, қалтасына салып алады, ары қарай не істейтінін білмеймін. Кейде оқымай сол жерде жыртып тастайды. Ондайда “Уһ!” деп қуанғаннан маңдайымнан тер бұрқ ете түседі.
Өз қадірін жақсы білетін тәкаппар қыз соңғы кезде басқалардан гөрі маған көбірек ықылас танытатындай ма қалай? Әлде жоқ нәрсеге емексіген далбаса көңілге солай боп көріне ме, білмеймін. “Тауфих, мына формуланы шығара алмай қойдым, көмектесіп жіберші!” деп дәптерін көрсетеді. Балабек физикаға менен гөрі мықтылау, неге соған апармайды екен деп ойлаймын да, бір бұлыңғыр қуанышпен жүрегім өз-өзінен лүпіл қағады. Кластағы ең білгір адамдай, кластағы ғана емес, физика оқулығын өзім жазғандай арқаланып, аруақтанып кетемін. Белінен бір сызып, формуланы қайта құрамын. Бөлшектің асты-үстіне жортып, қаламым қаздаңдай жөнеледі. Иығымнан асыла үңілген Ажар: “Е-е, былай екен ғой?” деп күбірлеп қояды. Еңкейгенде сақиналанған самай шашының ұшы оқыс жанасып, жыбыр-жыбыр бетімді қытықтайды. Жұп-жұмыр аппақ алқымынан жіңішкелеп жеткен жұпар иіс мұрынымды түртіп қашады. Осы сәт жалғаса берсін дегендей, өтірік ойланған боп, теңдеудің кей жерін бір өшіріп, бір жазып, уақытты әдейі соза түсемін… Кейде мен жаққа көзінің қиығын сап отырғанын бір нәзік түйсікпен сезіп қаламын. Жалт қарасам, ду қызарып, ұзын, қайқы кірпігі дір ете, жүзін бұрып әкетеді. Ондайда өне бойым шымырлап, балқып-еріп, жер-көкке сыймай, небір қиялдың қанатында қалықтай жөнелемін.
Бір күні оңашада Тарзан поштабай әкелген кезекті хаттың бірін маған көрсетіп, ортасынан қақ айырды да, жағымнан тартып кеп жіберді:
– Размазня! – Жылайтын адамдай иегі дірілдеп, көзінен от шаша жалт бұрылып жүре берді. Мен сілейіп орнымда тұрып қалдым. Қаладан тілі орысша шығып келген қыздың “Размазнясын” түсіне қоймасам да, жетісіп тұрған сөз емесін сездім. Төрехан мен Темірханнан сұрап едім, олар да білмеді. Жаз бойы қаладағы апасының үйінде сауат ашып, орысша боқтаудың неше әлемін үйреніп қайтқан Сатыштан сұрасам, білмеймін дегенді намыс көріп: “Раз” деген – “Бір” деген сөз, “Мазь” – “Май”, демек, “бір рет жағатын май” деген сөз деп білгішсінді. Болмаған соң Ережеп ағайдан сұрадым. Ұзын аяғы серейіп партаның бір шетін ерттеп мініп ап: “Ей, балбес, дай кітап” деп бізге орыс тілінен сабақ беретін. Ағайым сасып қалды.
– Так, размазня, размазня? – деп көзі алайып төбеге қарап біраз отырды да, ол жақтан сыбырлаған ешкім болмаған соң, – “Размажет” глаголімен түбірлес, демек, езгілеу, былғап тастау деген сөз шығар? – деп қызарақтап иығын көтерді.
Ақыры кітапханаға барып, Сауранбаевтың екі томдық сөздігін қарадым. Сұм қыз мені “Ынжық, ез!” депті. Маңдайымды алақаныммен сарт ұрып сілейіп қалдым.
Сол күннен бастап ешкімге өлең жазып бермейтін болдым. Әділхан екі рет өлтіріп сабады. Бәрібір көнбедім.
Сол күннен кейін Ажар мен жаққа қарауын қойды. Физикадан бір рет үш алып та қалды, сонда да бұрынғыдай көмектесіп жіберші деп өтінбейді. Мені көрсе қабағын түйіп алып, қасымнан үнсіз өтіп кетеді. Ол үшін мен кластағы парта не тақта секілді жансыз затпен бірдеймін, қанша телмірсем де селт етпейді. Суық тартып сыртын берген сайын, мен күйіп-жанып лаулай түстім. Есі-дертім бір сол ғана. Құлағының үстінде сақиналанған сарғыш шашына, аппақ мойынына сағаттар бойы елжірей қарап, қиялыммен тұншыға шөп-шөп сүйіп, өкісіп жібере жаздаймын. Түнде алаулап жанып аунақшығында, денемнің ыстығынан көрпе-жастығым қалай лап етіп өртеніп кетпейтініне таңмын…
Біздің ауылдың қуырған күні де, аңыраған желі де, ақырған аязы да Ажарға әсер ете алмады. Сол баяғы уыздай қалпы. Аппақ. Бір жарым жылдың ішінде таралып өсіп, денесі жұмырлана түскен. Бұрынғы көркіне көрік қосып, тіптен құлпырып кетті. “Мен, міне, бойжеттім, толдым-толыстым” деп, уыз жастықтың барлық гүлі шешек атып тұрғандай.
Биыл қыс аяғы ұзаққа созылды. Үшінші тоқсан аяқталып қалса да, аяздың беті қайтар емес. Екі күннің бірінде жорға боран ақ құйрығын сүйретіп, көше-көшенің бойымен бүлкек-бүлкек желіп бара жатқаны.
Ажар факультативтік сабақтан кешігіп шықты. Ымырт жамырап, айнала ала-көбең тартқан. Жел ұйтқып, күпсек қардың көрпесін желпіп-желпіп қалады. Үйге таяй бергенде, бір қария қарсы жолықты. Таяғының ұшымен жерді сыйпалақтата түртіп, тәлтірек қағады. Қараңғыда қара көзілдірік таққан, басын кекжитіп айдалаға қарайды:
– Әу, қайсың барсың? Жәрдемдесіңдерші!
– Ата, не болды?
– А, қарағым, жақсы жолықтың ғой. Адасып жүрмін. Зағиппын. Осы маңда тірәктір көріне ме, апарып тасташы.
– Әне бір қызыл “К – 700” тұр. Сол ма?
– Иә, сол, айналайын.
Ажар соқыр шалды қолтығынан демеді. Қария тәлтіректеп аяғын әрең басады. Бұлар әупірімдеп жеткенде, қызыл трактор дүр етіп, болат құрсанған сом денесі арсы-күрсі қалшылдай жөнелді. Екі есіктен екі жігіт қарғып жерге түскен. Сол-ақ екен соқыр шал жалбыраған аппақ сақалын жұлып алып, жасарып шыға келді. Сақ-сақ күліп қызды құшақтай алған. Екі жігіт үлкен қара тонмен басын бүркеп жіберіп, бақыруға шамасын келтірмей, қапсыра көтеріп кабинаға бір-ақ тоғытты. Орнынан ышқына қозғалған “К – 700” төбесінен қара түтіннің қарғасын қалбаң-қалбаң ұшырып, лезде қараңғыға сіңіп жоғалды.
Боранды түні Шонабайдағы шеткі үйдің шамы молынан жағылды. Жатаған тоқал тамның барлық терезесі күлім қаққан кемпірдің қуанышты көзіндей сығырая жылт-жылт етеді. Қисық ауыз есік бір ашылып-бір жабылып, еңкейіп кіріп, тоңқайып шыққан адамдардан босар емес. “Молдаш келін әкепті!” деген сүйінші хабар дүңк етіп, екі кештің арасында біраз көрші-қолаң жиналып қалған.
Бір уақытта Молдаштың өзі сыртқа атып шықты.
– Молдашжан, құсың құтты болсын!
– Шешең байғұсты бір қуанттың!..
Молдаш ешкімге қарар емес. Кең танауы делдиіп, қабағын түйіп алған. Сәлемдесе созылған қолдар мен күлімдеген жүздерді елең қылмастан, екпіндеген күйі қарсыдағы сиыр қораға қойып кетті.
– По, мынау қатын алмай жатып кісі танымай қапты ғой!
– Ой, енеңді с… әлдеқандай болуын!.. – деп соңынан өкшелеген күбір-күңкілді де естіген жоқ.
Қораның іші жап-жарық. Бүгінгі “Махаббат операциясының” бас дирижері қара-бұжыр Уахап пен белсенді артист Қуанғали күпсіте жайылған шөптің үстінде, құдасының төрінде шалжиғандай, малдас құрып қызара бөртіп отыр. Ортадағы төңкерілген легеннің үстіндегі “Московская особаяны” орталап тастапты.
– Қалай, беті бері қарады ма? – деді Уахап шайнаңдаған езуінде кильканың құйрығы қылтиып. Молдаш басын шайқады. Көзі алайып, абыржып тұр:
– Көнетін емес. Осыны бекер істедік-ау деймін!
– Кетші-ей, қай қатын бірден келісе салушы еді. Тулап-тулап қояды. Талайды көргенбіз.
– Жоқ, мынаның түрі жаман. Көнбейді. Жібермесеңдер өлемін дейді!
– Ойбу, сене қалғаным. Ауызбен не демейді… – Әлдене есіне түскендей бас стратег Уахап көнтиген ернін жымқырып, сұқ саусағын көкке шошайтты. – Қап, жаңа кабинаның ішінде қатын қылып жіберуің керек еді. Сонда көрер едім көнбегенін!
– Ей, малғұн, не оттап тұрсың-ей сен! – Молдаш қалш-қалш етіп тап бергенде, Уахап атып тұрып шегініп кетті. – Мені хайуан деп тұрсың ба? Өлсем де ондайға бармаймын. Мен оны сүйемін!
Қауіпсіздеу қашықтықта тұрған Уахап:
– Немене, сүйген адам сөйтпей ме екен! – деді арсызданып.
– Әй, әкеңді!.. – Молдаш жұдырығын ала жүгіріп еді, Молдакеңнің солақай жұдырығын иіскегендердің жағдайы қалай боларын жақсы білетін Қуанғали шырылдап араға тұра қалды екі қанатын жайып:
– Қойыңдар-ей, не болды сендерге қырылысып? Елден ұят емес пе!
– Әкең… бәрі сенің кесірің! Қайдағы-жоқ пәлені ойлап тауып… – деді Молдаш әлі де Уахапқа ұмтылып. – Арандатқан сенсің!
Қуанғалидың қушиған арқасын Ұлы қытай қорғанындай көрген Уахаптың дауысы батыл-батыл шықты:
– Омай, шіркін! Сүйем-күйем, ол қызды алмасам өлем деп күнде ыңырсыған кім екен мазгамызды майыстырып? Мына бишара ғашықтық дертінен ауруға шалдығып өліп қалар, сүйгенін әперіп сауабын алайық дегеннен басқа не жаздық! Қатын керек болмаса, қоя бер. Маған неғыл дейсің?
– Қоя берем. Боран түтеп кетті. Таң атсын, өзім апарып тастаймын.
– Қиын ғыпсың!.. Қоя берем дейді ғой. Саған керек болмаса, Қуанғали ала салсын! Босқа әуре болдық па?
– Ей, сыболыш, оттамай жап аузыңды. Әйтпесе тісіңді сындырам!
– Мә, мынаның қызғаншағын қара! – Уахап өңмеңдей ұмтылған Молдаштан тайсақтап Қуанғалидың тасасына қарай шегіне берсе де, тілінің бізін сұққылауын қояр емес. – Не өзі алмайды, не өзгеге бермейді!
– Менің өйтіп жыныма тиме, ұқтың ба? Онсыз да жаным күйіп тұр!
– Ойбай, мынау қатын үшін кісі өлтіретін пәле ғой!
– Бала боп кеттіңдер ме, қойыңдаршы-ей! – Қуанғали айғайлап қолын сілікті. – Маған ештеңенің керегі жоқ, қатыны құрсын! Бір емес екеуін тастап, көргеміз ол қаншықтардың қызығын. Сыртта ел естіп тұр, тынышталыңдаршы. Қыз қайда кетер дейсің, оданда енді не істейміз, мал соямыз ба, арақты қайдан аламыз – соны ойластырайық та.
Үш жігіттің апыр-топыр қимылы мен өжектеген дауыстарынан сескенген сынық мүйіз, буаз қара сиыр орнынан атқақтай тұрды. Көзі алайып, суланған танауын пыс еткізді…
Бұл кезде қоржын тамның бір басында Ажар жаны ышқынып арпалысып жатқан. Бағана тарпа бас салып, трактормен ала қашқан бейтаныс үшеу бұл ес жиям дегенше жерге түсіріп, бір үйге дедектетіп кіргізіп жіберген. Бір топ әйел шу ете қалды:
– Шашу-у! – Төбесінен құрт-кәмпит сатұр-сұтыр жауды да кетті.
– Қадамың құтты болсын, қарағым!
– Оң аяғыңмен атта! – деп жасамыс әйел басына гүлді орамал жапқанда, қайда келгенін бір-ақ білді. Басындағы орамалды жұлып ап лақтырып жіберді.
– Жіберіңдер, кетем! – деп айғай салды. Жылап-бақырып, топты қатынды ұрып-тепкілеп жолатпай жүр.
– Сіңлім, ақылға келші. Мені де байым алып қашып әкелген. Құдайға шүкір, ешкімнен кем болғамын жоқ. Міне, жеті бала тауып отырмын! – деп бүйрек бет, шұбар қатын қиық көзін ойнатып, иығына қолын арта беріп еді, Ажар сарт еткізіп білегін қыршып алды:
– Кет, жоғал!
– Ойбай-ай, мына қаншық көкбет қой! Қатын емес қасқыр шығар. Жұлып алды қан-жоса ғып! – деп шұбар қатын ойбайлап отыра кетті.
– Шырағым, тентек болма! – Бір жағына жантайып таяққа сүйенген егделеу аққұба әйел шегіншектеп анандайдан ақыл айтты. – Бәріміз де жылай-жылай көнгеміз. Сен де көнесің. Молдаштай жігітке жар болсаң, қор болмайсың. Жігіттің төресі!
– Өзің тиіп ал!
– Тәйт, жүзіқара, не дейд! – Ақсақ кемпір бір қызарып-бір бозарып, теріс айналды. – Көргенсіз неменің сөзін!
Сөзге көнбесін білген соң қатындар шулап, жан-жағынан итермелей Ажарды төргі бөлмеге кіргізіп жіберді де, есігін жауып тастады:
– Көнбей қайда барады. Тулап-тулап қояды!
– Молдаш қайыным қасына бір түнеп шықсыншы, таңертең майысып өзі-ақ шай құйып отырады!..
Аласа, тар бөлме.Төрдегі қызыл гүлді көк торғын шымылдықтың жармасынан жылтыр бас екі кісілік темір кереует көрінеді. Үстіне жүк жиып, тікірейтіп қос құс жастық қойылған. Алдынан тозақ күтіп тұрғандай, жүрегі одан сайын мұздап кетті. “Жоқ, ондайға көнбеймін. Одан да өлгенім артық!” Ажар көз жасын тиып, тастүйін тәуекелге бекінді. Аласұрып жан-жағына қаранды. Кереуеттің астында сынған қырықтықтың бір басы жатыр екен. Үп-үшкір, жүзі қылпып тұр. Уысына қыса ұстады. Сол бойына күш бергендей өжеттене түскен. “Өзім де өлем, зорлықшыны да өлтірем!” деген қатал сертпен түйіліп алды. Жігі ырсиған көк тақтай есіктен ауыз үйдегі кеу-кеулеген дауыс пен дарылдаған күлкі кедергісіз естіледі:
– Тойдың алды осы болсын. Ал, алып қояйық!
– Ұзағынан сүйіндірсін!..
– Әкесі Рыбзаводтың бас инженері екен. Дөкеймен құда болдың, Шәмшия!
– Иә, Алда, балдарымды бақытты қыла гөр…
– Қой, жылағаны несі.
– Сенер-сенбесімді білмей есім шығып отыр… Алыңдар, алыңдар… Құда қаласа, той алда ғой. Аяқ астынан апыр-топыр боп… дайындық болмай… Гүлжан-ай, үйіңде кәниәгің боса әкелші…
– Әй, Молдаш, сен неге сүлкиіп тұрсың? Келіншегіңнің жанына барсаңшы. Әкелуін әкеп ап, қорқып тұрсың ба?
– Байқа, мінезі шатақ екен!
– Бар, бар. Қамап қоясың ба, сөйлес…
Есік жайымен сықырлай ашылып, бұйра шашы дудыраған, ұзын бойлы, аққұба жігіт кірді. Еңкейіп, қабақ астынан жасқана қарайды.
– Кешір!.. – деді дауысы естілер-естілмес міңгірлеп.
– Қай бетіңмен кешір дейсің? Мұндай жауыз зорлық кешірілмейді!
– Ажар, мен…
– Айтпа атымды! Жоғал, жақындама! – Ажар қолындағы қайшының ұшын кезеді. – Жарып өлтірем!
Жігіт тапжылған жоқ. Бәріне көндіккен шарасыз кейіппен жалбарына тіл қатты:
– Өлтіре бер. Сенсіз өлгенім артық. Мен сені сүйемін, Ажар! Онымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Былтыр дүкеннің алдында сыртыңнан бір көрдім де, есімнен айырылдым. Күндіз-түні ойымнан шықпайсың. Мен дерттімін. Есалаңмын содан бері. Осылай іске қалай барғанымды өзім де білмеймін. Кешіре алсаң – кешірші! Көзім соқыр, көңілім дерт. Ақылға құлар дәрмен жоқ…
– Зорлықшылдық – махаббат емес, өзімшілдік. Босқа әуре болма. Мұныңнан ештеңе де шықпайды. Мына қайшыны көрдің бе? Өткірдің жүзін серт қып ұстадым. Жақындағаныңды жарып өлтірем не өз жүрегіме қарш еткізіп бір-ақ қадаймын. Сөз – осы, серт те осы!
Жігіт басы салбырап біраз үнсіз тұрды да, кері бұрылды.
Ауыз үйдегілер анталап жолын кес-кестеді:
– Не болды, сөйлестің бе?
– Ашуы басылатын түрі бар ма?..
– Көнетін емес! Қоя берейікші… – Мойынын ішіне алып бір қырын тұқырайған Молдаштың дауысы тарғылданып шықты. Үстел басында тойлатып отырған қатындар шу ете түсті:
– Не дейді мынау? Есің дұрыс па өзі?
– Түу, мұндай ынжық болар ма? Дүрдиген құр сырты екен ғой!
– Қайным-ау, түңілме. Үйге келген қыз қайда кетер дейсің, жылай-жылай жуасиды.
– Қой, ондай сөзді айтпа түге. Әкеп ап қоя береміні несі, ертең елге күлкі болмаймыз ба? Еркек емес екен демей ме!
– Мынау былқылдап қалыпты ғой. Бәсе, неғып пысық бола қалды десем бұл қарағым.
– Қойыңдаршы-ей! – Молдаш шарасыз күйікпен қолын бір сілтеп шыға жөнелген…
Есіктен тұмсығы жер иіскеп бір кемпір кірді бүкір бел. Биік табалдырықтан “пысмылда!” деп екі ұмтылып әзер көтерілді. Екі бетінің ұшы қызарған. Қатпар-қатпар әжім арасынан сығырайған көздері күлімдеп жылтың-жылтың етеді:
– Ий, айналайын, аппағым-ақ екенсің, аққудың балапанындай. Алланың бізге нәсіп еткенін қарашы. Бақытты бол, қарғам!
– Қайдағы бақытты айтып тұрсың сен, кемпір. Зорлықта бақыт бола ма екен? Егер жібермесеңдер, міне көрдің бе, бауыздалып өлемін!
– Тәйт, сандалма ары! Өле салу оңай болыпты-ау! Алып қашқан қыздың алды да, арты да сен емессің. Бидайдың баратын жері – диірмен. Ерте бастан орныңды тапсаң, несі жаман. Кетемін дегенді айтпа. Бұйыртып келген екенсің, балдай батып, судай сің. Кетем десең, мә, үстімнен аттап кет! – Бүкір кемпір босағаға көлденең тоңқайып жатып алды. – Атта кәне, теріс батамды беремін, екі дүниеде жолың болмайды. Мен Хамза қажының немересімін, арқа қонған әулие. Ақылға кел, балам. Жақсы жерге түстің. Молдаш менің жиенім. Арақ ішпейді құлыным. Жігіттің төресі. Осы ауылдағы талай қыздың қолы жетпей жүр емес пе. Ананы ал, мынаны ал десең, бірін менсінбейді. Кәстөмінің төсі жарқырап былтыр әрмиясін бітіріп келді. Осындағы таудай жалғыз қызыл тірәктірді менің құлыным айдайды дүрілдетіп. Жылда кірәміт алады. Ойбү-үу, қарағымның несін айтасың, тек тіл-көзден сақтасын де!.. – Аздап “қызыл шайдан” ұрттап алған кемпір жиенін мақтауға сөз таба алмай міңгірлеп жатып қор ете түсті.
Есіктің арғы жағындағылардың өз базары өзінде. Біріне-бірі дес бермей сөйлеп, күліп гу-гу. Бір әйел масаң дауыспен “Ах-ау” деп ән бастап еді, бәрі үздік-создық дарылдап қостай жөнелді:
– Арба айдаған дегенде, арба айдаған-оу!
Айдай алмай арбасын жарға айдаған-оу!
Қызға келсе баспалап түнге қарай-оу,
Ит арс етіп алдынан сор қайнаған-оу!
Ахау, Айдаш-ай… Жо-жоқ,
Молдаш дейік.
Ахау, Молдаш-ай,
Кудә пәйдөш-ай?
Мені іздесең, ей, қалқа,
Везде нәйдөш-ай!..
Ажар сықырсыз есіктің ілгегін салды. Тез бойын жиып, киімін түймеленді. Сығырайған жалаң қабат қырық жылғы лақса терезе жақтауға сырттан кигізілген екен. Бетіне құс жастықты тіреп, бар салмағымен итеріп қалғанда, күпсек қардың үстіне сылдырсыз ұшып түсті. Ұйтқыған жел қар үйіріп ішке лап қойды. Ажар апыл-ғұпыл жерге секіріп түсті де, жүгірген күйі қараңғыға сіңіп жоғалды. Көк пен жердің арасы тұтасқан ақ дүлей. Ысқырып, ұйтқып, беттен сабалап көз аштырар емес. Омбы қардан бір жығылып-бір тұрып, жанұшыра алға ұмтылады. Қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Тек қарғыс атқан осы маңнан тезірек қарамды өшірсем деген жалғыз тілек, дамылсыз жанталас. Жүгіре берді, жүгіре берді. Өкпесі өшіп сәл тыныстап алады да, қайтадан бар күшін салып, тыпыр-тыпыр бір желіс, бір бүлкекке көшеді. Бойын жылтып сәл паналай тұратындай қаңыраған бос қора не совхоздың үйілген маясы жолыға ма деп айналасына қарағыштайды. Ысылдап гуілдеген саңылаусыз тас бітеу кеңістік. Етек-жеңін, жалбыраған қалың шашын қар кеулеп, үйірген боранға бір қырын ықтай берді. Әлі құрып қайта-қайта құлап түседі. Біраз жатып, лезде үстін сыйпап көміп тастаған қардың арасынан тәлтіректей түрегеледі. “Тоқтама!” деп жүр-жүрлеген ессіз түйсіктің жетелеуімен тағы да ілбиді сүріне-қабына. Ысылдап құйындатқан боранға ілесіп әлдебір ұлыған дауыс есітілетіндей еміс-еміс. Анандайдан бір шоғыр көкшіл жарық бір сөніп-бір жанып жыпылық қағады.
Бұл кезде Ажар бір жығылып-бір тұрып, өңі не түсі екені ажырағысыз сағымдай бір бұлыңғыр елестің арасында малтығып келе жатқан…
* * *
Ертеңінде “Ажарды алып қашып кетіпті” деген хабарды естігенде, төбемізден жай емес, тура атом бомбасы түскендей жайрап қалдық. Класта отыр едік, сабақты тастай сала, еркек кіндікті он екіміз сыртқа атып шықтық. Ес жоқ, бақырайып бір-бірімізге қараймыз. “Ажарды біреуге беріп қоямыз ба? Құтқару керек!” Бәріміздің көкейіміздегі сөзді Төрехан айтты. Клубтың алдына оншақты жігіт жиналып қалған екен арқасы күжірейіп. Бәрі де Ажардан дәмелілер. Әділхан тіркемелі көк “Беларусін” тырқылдатып көлденеңдей тоқтаған. Ғашықтар гвардиясы жапырлай тіркемеге қарғып-қарғып шықтық. Ешқайсымыз сөйлемейміз. Құлақшынымыздың бауын иек астынан шарт буып, қабағымызды қарс түйіп алғамыз. Қолымызда бір-бір таяқ ұзынды-қысқалы. Ішіміздегі буырқанған қыжылды езуіміздегі дамылсыз бұрқ-бұрқ еткен темекінің түтіні айтып келеді.
Боран таң ата басылған. Айнала жылмиған бітеу ақ жұмыртқа. Шақырайған күн қармен шағылысып көз қариды. “Шонабай, қайдасың” деп жолдың нобайымен төтелей сызған трактор ой-қырдан шоқалақтап жүрісі өнер емес. Бір уақытта кілт тоқтап, Әділхан жерге секіріп түскен. Не болды деп жан-жағымызға қарағанша, етпеттей кетіп өкіріп қоя берді. Үрпиісіп біз де жапырлай жерге түстік. Қурай-бұтаның басына ілініп жалбыраған шаш, қанға малшынып дода-дода шашылған киім. Бүтін денеден екі табан мен екі алақан ғана қар бетінде шаншылып жатыр. Сойдиған қызыл-ала қаңқаға бір топ қарға-сауысқан құнжыңдап таласып үймелейді.
Сол жерде өңкей бажа бір-бірімізді құшақтай алып, өкіріп жібердік. Бақырып, сыңсып, еңіреп… түрлі дауыспен зар қоса өксіп азан-қазан болдық та кеттік. Мұрнымыздан боқ ағып, дода-додамыз шығып, иен даланы басымызға көтеріп шай қайнатым боздадық… Сол күні біз ғана емес, бүкіл ауыл күңіренді. Түні бойы алай-дүлей дауыл ұйтқып, мектептің шатырын төңкеріп тастады.
Бүкіл ауыл жылап жүріп, Ажардың сүйегін жиып-теріп жалғыз теректің түбіне жерледік. Ұзын жолдың бойында арлы-берлі өткендер бір-бір қарап күрсініп өтеді. Ғажайып нұрлы ажарымен талай жүректі сәулелендірген жас өмірдің аянышты ескерткіші алыстан мұңая қарап, айта алмай кеткен құса-өкінішін үнсіз сыбырлап тұрғандай.
Сол күннен бастап мен өлең жазғанды қойдым. Расы, қойдым емес, жаза алмайтын болып қалдым. Ойлана алмаймын, толғата алмаймын, жүрегім алып-ұшып, алаулап-жанып шалықтай алмаймын. Бұрынғы топастау, доғал қалпыма түстім. Селқос, марғау. Шығармадан соңғы емтиханда әзер үшке іліктім. Ойым шашыраңқы, қаламым кібіртік, аузыма сөз түспейді мүлдем. Бір күні балалардан жасырынып барып, бүкіл жазған өлеңдерімді жыртып-жыртып, Ажардың бейітінің үстіне шаштым да жібердім. Ұйтқыған жел ақ парақтарды қарға тигізбей іліп алып үйіре жөнелді. Сыбырлап, сыбдырлап арлы-берлі аударылып-төңкеріліп шарықтап барады. Бірте-бірте ақ парақтар бір-бір аққуға айналып кетті. Жамырай үн қосқан сансыз аққу сыңсып, сұңқылдап аспан астын шуылдаған шерлі сағынышқа толтырды. Жалғыз бейіт қалқайған жым-жырт даланы мұңлы махаббат жыры әлдилегендей. Мен өзімнің көз жасыма шыланған балалық жырларымның үзік-үзік жолдарын аққудың қанатынан соңғы рет сыбырлап оқып тұрдым.
Біреулер кейін түн ішінде Ажардың бейітінің үстінде аққулар сыңсып ұшып жүреді екен десті, өздері көрінбейді, дауысы ғана естіледі деп аңыз қылып жүрді.
Ажарға ғашық біздер бір-бірімізден қызғанып, іштей бәсекелес едік. Алакөзденіп ілінісе кетуге әзір тұратынбыз. Енді, міне, бір жүрек, бір тілекпен қайта табыстық. Бір жүрекпен қайғырамыз, бір жүрекпен жылаймыз. Қыс аяғы ұзаққа созылып, сәуірдің ортасына дейін бұрқасындатып тұрды. Он екіміз күн сайын сабақтан кейін, боран боп тұрса да, Ажардың басына бір соғып қайтпай көңіліміз көншімейтін. Аласа темір шарбаққа сүйеніп, басымыз салбырап үнсіз егілеміз. Ыстық жасымыздан қардың беті пыс-с етіп буланғандай ойылып түседі. Қаз-қатар қарайып дөңгеленген он екі шұқанақ. Көктем туа, Құданың құдіреті, сол шұқанақтан он екі тал қызғалдақ көктеп шықты. Қияқтары тарамдана бой созып, көп өтпей қауыз жарды. Бәрі қып-қызыл. Тұрған орнымызға қарай, “мынау менікі” дейміз әр талын иемденіп. Жаңбыр жаумаса да, біздің көз жасымызбен көктеп, шыжыған ыстықта қып-қызыл шешек атып тұрды.
Ауыл қаңырап бос қалды. Қызық жоқ. Жайнатып тұрған жалғыз тал қызыл гүлді бір зорлықшыл зұлым қол жұлып алып кеткендей. Бұрынғы жұпыны, самарқау тірлігімізге көштік. Басқаны білмеймін, әйтеуір маған солай көрінеді.
Ажардың анасы “Рыбзаводта” бухгалтер еді. Күйікке шыдамай есінен танып құлай береді деп еститінбіз. Көп өтпей құтсыз мекеннен біржолата көшіп кетті.
Қыз алып қашқыш зорлықшылдарды көрге қоса тығайық деп бір топ көңіл бажа іле-шала трактормен сайланып барып едік, жер сабап қайттық. Милиция сол күні-ақ ұстап әкеткен екен. Молдаш деген қошқарды төрт жылға соттады, қалған екеуіне екі жылдан берді. Қара-құрым боп ентелеп жеткен бізді залға кіргізген жоқ. Үкімді естігенде, дүр етіп ішке лап қойдық. “Ату керек! Сот әділетсіз! Взяточник!” деп айғайға бастық. Милиция төбемізден мылтық атып, дубинкамен соғып әзер қуды. Әділхан айғайлап боқтап, терезені таспен бір перген. Сол жерде төрт милиционер қолын бұрап, машинаға бір-ақ тықты. Он күннен кейін қырық жырым тыртық басы жалтырап ауылға оралды.
Уақыт көші бір орында тұрсын ба, өз кезегімен алға жылжи берді. Мектеп бітірісімен әрқайсымыз әр қиырға сапар шектік: біріміз – оқуға, біріміз – әскерге. Жаңа күннің әлем-жәлем қызығы жетелеп бөгде бір әлемге кіріп бара жаттық. Бәрі тосын, бәрі таңсық. Бірінен-бірі ыстық көрініп, көз арбап тұңғиығына тарта түскендей. Енді өткеннің балдан тәтті қызығы да, күйікті қасіреті де көңілден көмескіленіп шегініп бара жатты. Кейде еріксіз Ажарды есіме аламын. Жабырқаймын, күрсінемін. Бірақ бұрынғыдай арпалысып, өртеніп-жанған жан азабын шекпеймін. Басқа бір адамның басынан кешкен күйіктей сабырлы аянышпен мұңаямын.
Күйбің тірліктің әбігерімен арада біраз жыл өтіп те кетті. Әлгі бәрімізді зарлатқан, бәріміді сорлатқан Молдаш сұм бір жарым жылдан соң шартты мерзіммен босап шықты деп естідік. Үшінші курста әкем науқастанып, жағдайын білуге ауылға келгенмін. Үш жылда бірінші рет құран оқиын деп Ажардың басына соқтым. Зиратқа таяй бергенімде, әлдебір көлеңке көлбең етіп анандайдағы қалың қау қурайдың арасына сіңіп кеткендей болды. Көзіме сенбей елес пе дейін десем, қурайлардың басы жапырыла толқып тұрды.
Қабірдің топырағы отырыпты, беті сарғайып кеберсіп жарылған жайдақ төмпешік қана. Баяғы біздің көз жасымыздан көктеген он екі тал қызғалдақ жоқ. Тек төмпешіктің бас жағына бір шоқ қырмызы өсіпті. Қып-қызыл боп жайнап тұр.
Бір ұяның балапанындай түлеп ұшқан достардың шұрқырасып бас қосуы сирек. Бірі – ойда, бірі – қырда. Шанда бір сәті түскенде, қай-қайдағыны еске алып қауқылдасып қаламыз. Байсал тартқан, бір-бір шаңырақтың иесі, бетте әжім, жай оғындай жарқ-жұрқ еткен көздегі от көмескі, осыған да тәубе деген бір бойкүйез шүкіршілік. Сөз арасында бәріміздің Ажарға ғашық болғанымызды айтысып, “әй, балалық-ай!” деп күлісіп қоямыз, жас кездегі өтті-кетті жәй бір шалдуар ақымақтық секілді нәумез қалыппен. Әзелден теріс-қағыс сөйлейтін қара Ахмет:
– Бір есептен, ол қыздың өліп қалғаны да жақсы болды! – деді түйеден түскендей дүңк еткізіп. Балабек одырая қарап, құйрығынан теуіп қалды:
– Не оттап отырсың-ей?
– Егер осы отырған біріміз алсақ, бәріміз соған жау боп кетер едік!
– Бәрібір саған тимес еді!
– Сөзің құрсын, саған ес кірмейтін шығар! – Темірхан қабағын кіржитіп, жерге шырт түкірді. Әңгімені басқа жаққа бұрғысы келді ме, арманшыл Төрехан:
– Шіркін, Ажар тірі болғанда, осы күнде қандай келіншек болар еді! – деді күрсініп. Ешкім үндеген жоқ. Әркім өз қиялында небір перизатты елестеткен шығар. Бірақ менің жүрегімдегі Ажардың бала бейнесі бәрінен сұлу еді.
* * *
Бұл өмірде Ажарды мәңгілік махаббатпен жүрегінде әлдилеп, күңіреніп өткен бір адам бар еді. Ол – Молдаш. Күйікті өкініш оны оңдырмай соқты. Түрмеден шала есті, меңіреу боп оралды. Ештеңеге селт етпейтін сұлық, күні бойы мелшиіп бір орында отырғаны не өзінен-өзі ыңылдап арлы-берлі теңселіп жүреді де қояды. Біреу шалық соққан деді, біреу түрмеде басына зақым тиген-ау десті. Шешесі байғұс шырылдап жүріп дәрігерге қаратты, бақсыға ұшықтатты, моллаға оқытты. Бәрібір оңалмады. Дудыраған сары бұйра шашы төбесіне жалбыратып үйе салған бір шөмеле сабандай. Қау боп өскен жирен сақал-мұртының арасынан көзі жылтырап, мұрнының ұшы әзер көрінеді. Көлденең ұстаған таяғын саусақ ұшымен сипай қағып, мұңлы қоңыр әлдимен талықси төмендеп, іле бебеулете ышқынып бір тұңғиық зарды тынымсыз ыңылдайды. Бұрын ел “тракторист Молдаш” дейтін, енді “диуана Молдаш” атанды. Жаз шықса апталап жоғалып кетеді. Ондайда жоқ іздеген біреулер “әлгі қасқыр жеген қыздың бейітінің жанынан көрдік” деп айтып келетін.
Көп өтпей бүкір кемпір де, жалғыз сиырдың бауырын тартып, ағарғанын жалғызының аузына тосатын бейшара шеше де өлді. Шеттегі жапырайған қотыр там қаңырап жетім қалды. Шалқасынан ашылған есіктен ит те кіреді, құс та кіреді. Оған қарап жатқан Молдаш жоқ. Бұл кезде қу таяқтың орнына қолына домбыра ұстайтын болған. Қыл мойын, қошқар құйрық күмбір қаққан қара домбыра. Түнде құшақтап ұйықтайды, тұрса ішегінен саусақтары ажырамайды. Ыңылдап өксіп, үздіккен жүрегінің үнін қара домбыраның шанағына құя берді, құя берді… Бір күні бейуақта қоңырайған қотыр тамның аузы-мұрынынан бұрқ етіп, бір алапат сырлы тасқын бұрқырап-сарқырап төгілді-ай дейсің. Талықси өксіп, құбыла шалқып қолқа суырған зарлы сағыныш бебеу қағады. Бүкіл дүние егіле өксіп тұр. Жел де ішін тартып тына қалған. Жапырақтар сыбдырсыз. Жаңа туған жас жұлдыздар жанарынан жылт-жылт маржан төгеді.
Телевизор, кино түгіл электрі жоқ қияндағы қарусыз қалған ауылға енді жылт еткен қызық табылғандай болды. Кеш болса топырлап жапырайған жаман тамның алдына жиналады. Үңірейген сынық терезе, аңырайған қисық есіктен күмбір-күмбір күңіренген қара домбыраның күйін сағаттар бойы тыңдап, түннің бір уағында қоңырайып, күрсініп қараңғыға сіңіп бара жатады.
* * *
Падашы Смаил көлшіктің жағасына отарды жусатып салып, жалғыз қарағаштың дөңгеленген көлеңкесінде түстігін қаужаңдауға кіріскен. Кенет қойдың шеті дүр етіп үркіп, қасында тілі салақтап етпеттеп жатқан жырық құлақ Ақтөс абалап ұшып тұрды. Шидің басынан мойынын соза қараса, жанай өткен жолдың жиегінде киіз қалпағы өзінен үлкен боп қалқайып біреу тұр. Велосипед мінген. Жүк артқышында буыншақ-түйіншегі бар. Арқасына сөмке асынған. Смаил емпеңдеп қасына барды. Алыстан ауыл арасында жүрген бала ма деп қалған.
Қырым еті жоқ, қақпыш денелі кексе кісі екен. Шабдар бет, ақшыл-сары. Сұрғылт спорт шалбарының оң балағын кірқысқышпен қысып қойыпты.
– Ассалаумағалейкум. Жол болсын, ағасы!
– Әликумсалам. Әлей болсын!
– Танымадым ғой, ағасы?
– Танымасаң төріңді көрсетпейсің бе? Тергеп-тексеріп алмай аттан түсірмейтін еліңнің салты бар ма? Қаталап кеттім, бауырым. Айналада таңдай жібітетін бұлақтың суы да жоқ қой, жүдә!
– Ойбай, жүріңіз. Даланың төрі де, үйдің де төрі сіздікі.
Велосипедті шидің арасына жантайта салып, екеуі қарағаштың саясына жайғасты. Көлеңке қанатын желпіп салқын деммен тыныс алып тұр. Смаил киізбен қапталған үш литрлік пластик құтыны шайқап-шайқап, бидай көжені кәрлен тостағанға толтыра мейманға ұсынды.
– Уһ, жаным-ай, мұп-мұздай бап екен! Тағы да.
Мейман екіншісін сіміре тартып, маңдайының терін сүртті.
– Мына ыссыда қалай мұздай ғып ұстайсың?
– Киізге анда-санда су сеуіп қойсаң болды.
– Конденсат. Қазекем түйе бағып жүріп-ақ физиканың заңын білген-ау,ә! Жә, енді жөн сұрассақ болады. Мен алыстан келем, Алматыдан.
– Мына белсепедпен? – Смаил сары дала, шақырайған күннен жасқана-жасқана сығырайған шегір көзін жарқ еткізіп ашып алды.
– Алматы ит өлген жер деуші еді, жақындап кеткен бе?
– Сол орынында, 1357 шақырым осы жерге дейін.
Смаил таңдайын шықылдатты. Машина, самолет тұрғанда, ауыл арасында мал қарайтын балалардың темірімен тепеңдеп не сорым деп тұр.
– Қанша күнде жеттіңіз?
– Қона-түстеніп 23 күн жүрдім. Мұнікі не әурешілік деп тұрған шығарсың. Е, бауырым, айтсам түсінбессің. Бұл темір аттың сәйгүліктен бір кемдігі жоқ мен үшін. Ат арқасындай, өз желігі бар мұның да.
– Туысшылап жүрсіз бе?
– Туыстан да қымбатымды іздеп келдім! – деді мейман жұмбақтай жымиып.
Бұл Темірхан Әл-Түркістани дейтін жиһанкез журналист-жазушы еді. Көп жылдан бері “Қазақ радиосында” істейтін. Жаз болса, өстіп қазақ жерінің қиырын шарлап кетеді. Тұнық көлін, аңызақ шөлін, тау-орманын көз аясына тұндырып, әр ауылдың сөз білетін үлкен-кішісімен сырласады, таңдайын сауады. Көрген-түйгендерін көкірегінде түрлендіріп, “Туған жер таңғажайыптары” деген тамаша кітаптар циклін жазып жүр. Биыл мен баспаған қай төбе бар деп картаға шұқшиып отырып осы өңірге құсы түскен.
– Иә, Сәке, ауылыңда не байлық бар?
– Қой бағамыз, сиыр жаямыз, одан басқа не байлық болсын бізде.
– Қой-сиыр әр ауылда бар. Темір соғатын ұста, кілем тоқитын ісімер қыз-келіншек, сөз білетін қария, өнерпаз жастар бар ма дегенім ғой.
– Өнер алды – жан баққан болып кетті ғой, ағасы. Бұрын ақын да, әнші де бізде еді, күнде думан, күнде той боп жататын. Күнкөрістің қамымен бірі ойға, бірі қырға торғайдай тозып кетті. Қаңыраған ауылдан не табады? Ең болмаса светі де жоқ.
– Оған не болды?
– Міне, көрмейсіз бе? – Смаил сап түзеп серейген сирақтарын сілтей басып, жол жиегімен ұзап бара жатқан бетон бағандарға қарай қылтанақсыз көсе иегін көтерді. – Баяғыда домбыраның ішегіндей күмбірлеп тұрушы еді. Қамшының сабымен тық еткізсең, зыңылдап күй шалатын.
– Не жау тиді?
– Сырттан шапқан жау жоқ. Бұл қытай деген қыл-қыбырға дейін жалмай беретін жалмауыз екен ғой. Алюминий керек деген соң, ішіміздегі бір жүліктер түн ішінде баған басындағы бүкіл сымды сыпырып алып, соларға сатып жіберіпті.
– Е, күйсегеннен басқа өнеріміз жоқ де. Онда ауылыңа бұрылып әуре болмай-ақ қояйын.
Мейман қайыр-хош айтысып, темір атына мінді. Селтиіп тұрған Смаил сәлден соң әлдене есіне түскендей, қиқалаңдап ұзай берген мейманның соңынан айғайлап, қолын бұлғады:
– Оу, Тәке, Тәке, тоқтай тұр?
– Не болды?
– Жаңа ұялып айтқым келмеп еді. Біздің ауылда бір диуана бар. Асқан күйші. Ерінбеген қатын-қалаш күнде барып соның күйін тыңдайды. Біздің қатын әйтеуір күнде жылап келеді.
– Ойбай-ау, бағанадан бері соны айтпадың ба, қой-ешкіңді түгендеп мақтанғанша!..
Екеуі отарды жая өргізіп, кеш бата ауылға жеткен. Смаил серкеш сойып қонақ етті. Ертеңінде Молдаштың үйін сыртынан көрсетіп жіберген.
Ақ-бұйра шашы жер-көкке сыймай қобырап арқасына төгілген, ақбұйра сақал-мұрты дудырап бет-аузын жапқан ескі өңді, арса-арса біреу ала-көлеңке бөлменің төрінде қара домбырасын құшақтап қалғып отыр. Сәлем берді. Үндемеді. Алыстан келгенін айтты. Үндемеді.
– Қария, қаншадасыз? – дегенде, сәл езуін тартты.
– Менің жасым жоқ. Жиырма жыл бұрын өліп қалғанмын…
Молдаш бәлсінбеді. Өз-өзінен толғағы келгендей көзін жұмып, шайқала қозғалып, еті қашқан салалы саусақтарымен шанақты дабылдата қағып-қағып жіберіп, қос ішекті қуалай үн біткенді қақтап сауып безілдете жөнелді. Ұшынып-ұйтқыған аласапыран бебеу бойды алып, кеулеп кеміріп барады. Әзидолла мен Төлеген, Нұрғиса мен Секеннен бастап отыз жыл “Алтын қордан” күйдің небір дүлдүлін естіген құймақұлақ Темірхан алай-дүлей көкірегі сілкініп, есеңгірегендей отырып қалды. Мынау бір тосын ырғақ, шері мен сырын сыбырлай өксіген шиыры бөлек сарын. Күй дейтін күй де емес. Ешқандай қалып-өлшемге сыймай асып-төгіліп шалқып жатқан көл-көсір телегей, сыңғырлы, сиқырлы полифония. Япыр-ау, тілсіз домбыра осынша шешен сөйлер ме! Күрсінтіп, күңірентіп, тербеп-толқытып, іштегінің бәрін үңгіп, тілмен жеткізе алмас, көңілмен ғана түйсінерді түгелімен айтып жатыр. Тоқтамай бір жарым сағат бебеулетті кәрі шанақтың қарлыққанша үнін сарқып. Тоғыз тарау екен, нақышы түрлене құлпырып бірімен-бірі үндесіп отырады. Темірхан жеті рет тартқызып, жеті рет жылады. Әр тартқанын магнитофонға жазып, бейнетаспаға түсіріп алған.
Бір айдан кейін Молдаштың күйі “Ажар” “Шалқар” радиосынан шалықтап, жалпақ жұртқа тарады. Есіткен жанның жүрегі езілмейтіні жоқ. Мұңайып, күрсініп, неше түрлі шарпысқан қиялмен ойға шомып отырып қалатын.
Музыка әлемі дүр сілкінді. Бөлек бітімді құбылыс деп тамсанды бәрі. Ең қызығы – бұл күйді Молдаштың өзіндей нақышын келістіріп ешкім тарта алмайтын боп шықты. Бұрма-бұлтағы, ырғақ лүпілін дөп басып ұстау мүмкін емес. Ол үшін Молдаштың жүрегіндегі бебеу қаққан бүкіл дірілді өз жүрегіңе айнытпай көшіруің керек. Қазіргі заманның дүлдүл күйшісі Секеннің өзі бір тарауының қиюын әзер келтіріп, ары қарай бойлауға жүрегі дауаламапты деседі. Бұл күйді естіп таңырқаған Игорь Крутой соның негізінде тұтас симфониялық цикл жазыпты…
Молдашты бүкіл ауыл жақсы көріп кетті. Әсіресе асай-мүсейін арқалап Алматыдан келген дөкей жазушы киноға тартып әкеткеннен кейін. Смаил: “Япырай, бүкіл ауылдың мал-жаны Молдаштың тырнағына татымай қалды-ау. Кісіміз де, киеміз де жалғыз Молдаш екен ғой!” дейтін ел жиылған жерде ілікке себеп болғанын өзінше мақтан ғып. Молдашты бірі аяп, бірі құрметтеп, тұрмыстан тарықтырған жоқ. Көршілері кезектесіп ас-суын әкеп тұрады, бірі кірін жуып, киімін жамап беретін. Қыста от жағып үйін жылтып қояды. Бірақ Молдаштың алқам-салқам есігі қысы-жазы жабылған емес. Әкелген тамақты жан-жақтан жиылған ит-мысықпен бірге бөлісіп тойлатып отырады.
Бір күні Молдаш бейіт басындағы жалғыз терекке арқасын сүйеп күй шалып отырған. Қалғып кетіпті. Түс көрді. Жиырма жылдан бері бірінші рет Ажардың жүзі көз алдында жарқ етті. Ақ сағым арасынан бұлдырап қарайды. “Кештім!” деді сыбырлап. Кел дегендей қолын бұлғады өзіне шақырып. Молдаш жүрегі кеудесіне сыймай атқақтап ұшып тұрды. Қуанғаннан есі шығып кетті. “Қазір барам, жаным, қазір! Өмір бойы күткенім осы еді ғой!” Шарқ ұрып жүріп күрек-сүймен тауып әкелді. Ажардың қабірінің дәл іргесіне жанастыра көр қаза бастады. Тыным таппай ақ тер-қара тер боп, түн жарымы ауа бітірген. Таңертең көршілеріне барып:
– Мен бүгін түс ауа өлемін. Көрімді қазып даярлап қойдым. Көзімді қарға-сауысқан шоқып тастамасын, көме салыңдар! – деп кері бұрылып жүре берген.
Бейіт басына келіп қара домбырасын соңғы рет бебеулете тартып, теректің бұтағына ілді. Қайшымен тырнағын алды. Жыраның түбіндегі қар суынан қалған көлшікке сабынданып ұзақ жуынды. Шашын, сақал-мұртын тарап, таза киімін киді. Содан соң көрдің ішіне түсіп, шалқасынан жатты да, екі қолын кеудесіне айқастырып, калимаға тілін келтірді. Дұғасын күбірлеген күйінде көзі ілініп кеткендей, жүзіне мейірлі тыныштық үйіріле, үзіліп жүре берді. Дәл осы мезетте жердің бір қиырында мен де жан тапсырған едім.
Қырық күннен бері қара домбыра ызыңдаған жел, сыбдырлаған жапырақпен үн қосып бебеу қаға зар төгіп тұр. Иесінің жиырма жыл бойы көкірегін сауып шанағына құйған күйікті шерді күндіз-түні ақтарып тауыса алмай жатқандай. Ымырт құшағында мүлгіген дала мұңая күрсінеді.
Мен туған жерімді қия алмай шырқау көкте ұзақ шарықтадым. Міне, Ажардың зиратының үстінде қанатын сыбдырсыз қағып, мың-сан аққу қалықтайды. Менің бала жүрегімнің періште жырларынан жаратылған ақ құстар. Ақ қағаздың бетіне мөлт-мөлт тамған мұңлы махаббатымның тамшысынан сыңсып ұшқан аққуларым менің! Өксікті сырларымды дұғадай сыбырлап, сыңсып, сұңқылдай ұшады. Бақидың терезесінен ғана шалынатын пейіштің бұл аққуларын, өкінішке орай, жер бетіндегі сіздер, көре алмайсыздар, әлбәтте. Бәлки, қараңғы түнде зираттың тұсынан жанай өткен бейсауат жолаушыға аққудың сыңсыған мұңлы дауысы естілсе естілетін шығар, еміс-еміс?
Тұрысбек СӘУКЕТАЕВ.