Төменгі сыныптардан-ақ кейбір балалар зиянды әдеттерге әуес болады. Балалар білместіктен, еліктегіштіктен өздерінің жаман әдетке үйреніп кеткендерін байқамай қалады. Жаман дағдыны бір рет бастаған жеткіншектің одан құтылуы оңай емес.
Снюс – түтінсіз темекі өнімінің бір түрі. Өнім қолжетімді болғандықтан ол мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында кең тараған. Сонымен қатар ол классикалық темекіге қарағанда арзанырақ. Темекі шеккен соң адамның жанында біразға дейін иіс тұрса, снюстің иісі тез тарап кетеді. Түтін сезбеген соң ата-ана күдіктене қоймайды.
Снюс шеккеннен кейін жасөспірімнің никотинге тәуелділігі артады. Ағзасы ауырсынуды сезіне бастайды. Тәжірибе көрсеткендей, бірден қоймаса үш жыл ішінде темекіге тәуелділік қалыптасып кетеді.
Түтінсіз темекі өнімдері қоғамдық денсаулық саласының өзекті мәселесі болып табылады. Дегенмен әлемдік деңгейде бұл мәселеге жеткілікті мөлшерде емес назар аударылмауда.
Никотин инсектицидті зат болып табылады, сондықтан снюсті ұзақ уақыт пайдаланған адамның психикалық және физикалық қал-жайында ауытқулар басталып, денсаулығы сыр бере бастайды. Тамыр тартылып, қан қысымының жоғарылауынан, бас ауруы күшейеді. Снюсті пайдаланған кезде:
– кариес, пародонтит, қызыл иектің ойық жаралары және ауыз қуысының басқа патологиялары пайда болады;
– ағзадағы қант диабетіне әкеліп соқтыратын көмірсу алмасуы бұзылады;
– никотин атеросклеротикалық бляшкалардың қалыптасуын, қан тамырлары мен жүрек ауруларының дамуын қозғай отырып, ақырындап қан тамырларын зақымдайды;
– қатерлі ісіктің даму ықтималдығын арттырады.
Өкінішке қарай баланың снюс қолданып жүргенін анықтау қиын. Темекіден айырмашылығы, снюстен түтін шықпайды. Сонымен қатар оған хош иістендіргіштер қосылғандықтан бала аузына кәмпит салып алғандай көрінуі мүмкін.
Егер балаңыз снюс қолданса не істеу керек? Ең алдымен, баланы қорқытпай-үркітпей, салмақты әңгімеге тартыңыз. Оның бұл әдетті қайдан үйренгенін біліп, әрі қарай жолын кесуге тырысыңыз. Бұл заттың зиянын нақтылап жеткізіңіз. Кеңес алу үшін медициналық ұйымға жүгінуге болады, онда баламен дәрігерлер және психологтар жұмыс жүргізеді. Снюс қолдануды тоқтату темекі шегуден бас тартуға қарағанда аса қиын процесс, көбінесе мамандардың көмегі қажет болады.
Әйгерім ІРГЕБАЕВА.
Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.