Елімізде 1-сыныпқа қабылдау мерзімі аяқталды. Облысымыз бойынша төрт айдың ішінде, яғни 1 сәуірден 1 тамызға дейін 7200-ге жуық өтініш келіп түскен. Өтініштер ата-аналарға ыңғайлы болу үшін “egov.kz” веб-порталы арқылы қабылданған.
Облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, электронды құжат қабылдау аяқталғаныменен, оқу жылы басталғанға дейін балаларды 1-сыныпқа қабылдау дәстүрлі форматта жалғаса бермек. Көрсетілген мәліметтер ішкі көші-қон және өңірімізге көшіп келіп жатқан қандастар есебінен өзгеруі әбден мүмкін.
Сондай-ақ бекітілген ережелерге сәйкес жалпы білім беретін ұйымдардың бірінші сыныптарына алты жасқа толған балалар және күнтізбелік жыл алты жасқа толатын балалар қабылданады, яғни қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар бірінші сыныпқа бара алады, себебі күнтізбелік жылдың соңына дейін олар толық алты жасқа толады және мектепке қабылдануға құқығы бар.
Ал баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері оқыту үшін бос орын болған жағдайда кез келген білім беру ұйымдарын таңдауға құқығы бар.
– Бастауыш білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумағында тұратын балалардың қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, барлық жеті жастағы балалардың және күнтізбелік жыл алты жасқа толатын балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етуі тиіс, – деді облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Әсел Оразбаева.
Бірінші сыныпқа қабылдау кезінде мамандандырылған білім беру ұйымдарынан, гимназиялар мен лицейлерден басқа білім ордаларында емтихан, тестілеу сынды сынақтар жүргізілмейді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармаған және мектеп алды дайындықтан өтпеген балалар үшін оқу жылының басына дейін дайындық курстары ұйымдастырылады. Мектеп алды дайындық міндетті түрде өткізіледі. Оған бірінші сыныпқа баратын барлық балалар қатысуы тиіс.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.