Су – тіршілік нәрі. Елімізде сапалы ауызсуға қолжетімділік түйіткілді мәселенің бірі. Мемлекет тарапынан бұл мәселелені шешу үшін “Ауызсу” мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама қолға алынған жылы ел бойынша қала тұрғындарының орта есеппен 83 пайызы, ауылдық елді мекендердің 70-76 пайызы ғана ауызсумен қамтылған деп көрсетілген. Сол жылдарғы деректе елдегі ауыл халқының 60 пайызы су құбырларынан таратылған суды ішсе, қалған бөлігі құдықтардың, сондай-ақ ашық су тоғандарының суын пайдаланған. Салынғанына 20-25 жыл болған су құбырларының тозу көрсеткіші 70 пайызды құраған. Сондықтан апаттар жиі орын алады. Мәселен, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарының 100-ден астам кентін ауызсумен қамтамасыз етіп келген Беловод топтық су құбыры экономикалық қиыншылықтарға байланысты жұмысын тоқтатқан. Сондықтан мәселені кейінге шегермей қолға алу ұйғарылған.
Бағдарлама үш кезеңмен жүзеге асырылып, 174 ауылды және 86 қала мен кентті ауызсумен қамтамасыз етуі керек еді, бірақ нәтиже олай болмады. Бағдарламаның демі сегіз жылға ғана жетіп, бюджеттен 195 млрд. теңге жұмсалып, жоба сәтсіз деп тоқтатылды. Бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуы мен сыбайлас жемқорлық фактілері әшкереленді. 2008 жылы Бас прокуратура “Ауызсу” бағдарламасына арналған 250 млн. теңгенің мақсатты жұмсалмағанын мәлімдегені де есте. Миллиардтаған қаржы бөлінген бағдарлама үмітті ақтамады.
Оның орнын 2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасы басты. Бағдарлама су көздерінің тазаланбаған сарқынды сулармен ластануының алдын алуды, сумен жабдықтау және су бұру салаларына жеке капиталды тартуды, пайдалану кәсіпорындары мен ұйымдарының тиімді және рентабельді қызметін қамтамасыз етуді, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуды, халықты ауызсумен қамтамасыз ету үшін жер асты суларын барынша пайдалануды және су шаруашылығы саласында жобалау-іздестіру жұмыстарының сапасын арттыруды көздеген болатын. Жобада 2020 жылға дейін ауылдық жерлерді 85 пайыз, қалалық жерлерді 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді көздеп, сол мақсатты жүзеге асыру үшін мемлекеттік қор 1,3 трлн. теңге бөлген. Бұл жоба да тоғыз жылдан кейін тиімсіз деп танылды. Одан кейін “Ақ бұлақ” бағдарламасы өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына кіріктіріліп, инфрақұрылымды дамытуға арналған “Нұрлы жол” бағдарламасымен жалғастырылды.
2019 жылы маусым айындағы Үкімет отырысында сол кездегі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр елді мекендер 2023 жылға қарай ауызсумен жүз пайыз қамтамасыз етілетінін айтқан болатын. Биыл сол жылға жеттік. Бірақ нәтиже ойдағыдай емес. Енді сол министрліктің мәліметінше, мемлекеттік бағдарлама аясында халықты сумен 100 пайыз қамтамасыз ету жоспары 2025 жылға ысырылды. Ел бойынша ауызсу бағдарламаларының жүзеге асырылу тарихы осындай. Ауызсудың тапшылығын солтүстікқазақстандықтар жақсы біледі. Бүгінгі таңда өңір аумағындағы 220 ауыл тіршілік көзіне зәру. Бұл – 41,7 мың адам таза ауызсуды емін-еркін іше алмай отыр деген сөз.
Солтүстік Қазақстан облысының негізгі су рессурсы Есіл өзенінен тарайды. Өңір аумағында үш мыңнан аса көл бар. Мал өсіруге, егін егуге ыңғайлы өлкелердің бірі. Су тарату әдіс-тәсілдері мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланса, тіршілік нәрін алаңсыз ішуге болады.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы 236,5 мың адам тұратын 415 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бұл – ауыл тұрғындарының 85 пайызы. Жоғарыда айтылған екі жүзден аса ауыл қалған 15 пайызды құрайды. Соның ішінде Тайынша ауданының 36 пайыз, Шал ақын ауданының 40,2 пайыз тұрғыны сумен қамтылмаған. Тайынша ауданындағы 61 елді мекеннің халқы судан таршылық көріп отыр. Мәселен, 1300 тұрғыны бар Зеленый Гай ауылы үшін орталықтандырылған су арманға айналған. Таза ауызсу Мағжан Жұмабаев пен Аққайың аудандарында – бір, Ақжар ауданында – үш, Уалиханов ауданында екі елді мекенге жетпеген. Мәселен, Ақжар ауданында суға зарығып отырған Айсары, Ақсай мен Тұғыржап ауылдарының 292 тұрғыны аудан халқының 2 пайызы ғана.
Бір өңірдегі аудандарда сумен қамту деңгейі неге әртүрлі? Осы мәселеге жауапты мекемелердің бірі – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы Максим Сизов мән-жайды түсіндіруге тырысты.
“Аудан басшылығы елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мәселелеріне көңіл бөліп жатыр. Бірақ ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Себебі сумен жабдықтау объектілерін салуға және реконструкциялауға қажет жобалау-сметалық құжаттар баяу әзірленеді”, – дейді Максим Сизов.
Басқа аудандардағы жайтты айтсақ, Есіл ауданында – 19, Жамбыл ауданында – 7, Қызылжар ауданында – 17, Мамлют ауданында – 10, Тимирязев ауданында – 4, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында – 20, Айыртау ауданында – 47, Жамбыл ауданында 7 елді мекеннің таза суға қолдары жетпей отыр.
Министрлік халықты 100 пайыз сумен қамту мәселесін 2025 жылға дейін ысырса, облыста бұл жұмыс 2026 жылдың басына дейін созылмақ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған жоспарлы бюджетіне біздің өңірімізден жалпы құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын сегіз жоба ұсынылды. Ол жобалардың аясында Айыртау ауданының – Антоновка, Ақжар ауданының – Талшық, Мамлют ауданының – Афонькино, Михайловка, Бексейіт, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның – Новоселовка, Тайынша ауданының – Краснокаменка, Уәлиханов ауданының Тельжан елді мекендерін таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері шешіледі.
Биыл біздің өңірге таза ауызсумен қамту мәселесін шешуге республикалық қордан 15,3 млрд. теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 2,7 млрд. теңге қаражат қарастырылған. Қаржы мақсатты түрде жұмсалса 41 елді мекен, дәлірек айтсақ, қырық ауыл мен Петропавл қаласы тұрғындарының ішіп отырған суларының сапасы артады. Облыс бюджеттен бөлінген қаржыға он екі елді мекенге тазартқыш құрылғылар орнатпақ. Жыл соңына дейін 244,5 мың адам тұратын елді мекендер орталықтандырылған сумен жабдықталады деп күтіледі.
Су мәселесін шешу – қаржылық қолдаудан бөлек, ең алдымен, жергілікті биліктің жосапарлы әрекетімен жүзеге асырылатын іс. Аудан әкімдігі өз аумағындағы су тарту мен тарату мүмкіндіктерін жіті зерттей отырып, жобалық-сметалық құжатты дер кезінде жасауы керек. Онсыз іс ілгері жылжымайды. Мәселен, Төменгі Бұрлық, Булаево, Бескөл, Краснознаменное, Воскресеновка, Старобелка, Тахтоброд, Қайрат елді мекендерін таза ауызсумен жабдықтау үшін су бұру нысандарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалау-сметалық құжаттар әлі дайын емес. Бұлардың құрылыс-монтаждау жұмыстарына шамамен 4,7 млрд. теңге қаржы қажет. Ендігі мәселе – ол ақшаны бөлетін қаржы көзін анықтау. Алдағы жоспарда 22 ауылда сумен жабдықтау нысанын салу және қайта қалпына келтіру, 153 ауылда кешенді блок-модульдерді орнату, су ресурстары комитетінің жобалары аясында 45 ауылда топтық су құбырларын қайта жөндеу көзделген.
Бұл іс кейбір мердігерлердің жауапсыз әрекеттерімен де тежеліп қалады. Өткен жылы тоғыз елді мекенде су мұнарасын жөнге келтіру жоспары қолға алынып, бірақ соңына дейін жүзеге асырылмаған. Сондағы Тимирязев ауданындағы Мироновкаға, Тайынша ауданындағы Горькийге, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Ставрополк елді мекендеріне бөлінген қаржы игерілмесе, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Александровка және Тоқсан би ауылдарында мердігерлер өз міндеттеріне жауапсыздық танытқан. Ал Мағжан Жұмабаев ауданы Новотроицкое ауылының су мұнарасы жобасы соттың талқылауына жетті. Сондай-ақ биыл энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына Жамбыл ауданының Ұзынкөл, Айымжан, Тайынша ауданының Красная Поляна ауылдарында жоспарлы жұмыстардың аяқталуы мен іске қосылуы туралы жергілікті әкімдіктер жалған ақпарат берген. Осындай фактілерден жауапты адамдардың іске салғырттығы халықтың мемлекетке деген сенімін азайтады.
Халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін сапалы ауызсу мәселесі барлық елді мекендерде шешілуге тиіс. Мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлінуде, тек соларды ысырапсыз, мақсатына қарай жұмсаса, суды қанып ішер күн жақын.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.