“Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот төрелігін іске асыруды одан әрі оңайлату, бюрократиялық рәсімдерді төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның қолданысқа енгізілуі дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін елеулі түрде жеңілдетті.
Атап айтқанда, заңды тұлғалар, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар үшін мүліктік дауларды сотқа дейінгі міндетті реттеу нормасы іс жүргізу кодексінен алынып тасталды. Бұл мүліктік мүдделері мен құқықтары бұзылған адамдарға дауларды сотқа дейін реттеу шараларын қолданбай, осы заң бұзушылықтар туралы білген бойда бірден сотқа талап арыз беруге мүмкіндік береді. Егер талапкер істердің осы санаты үшін заңнамада белгіленген дауды сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаса, судья талап арызды қайтаруға, немесе қараусыз қалдыруға құқылы.
Сонымен қатар бірқатар қолданыстағы заңнамалық актілер мен жекелеген нормалар мүдделі тараптарды талап қоюға тікелей міндеттейді. Мәселен, жүктерді тасымалдау бойынша шағымдар мен талап-арыздар жүк тасымалдаушыға ұсынылғанға дейін оған заңнамалық актілерде көзделген тәртіппен талап қою міндетті. Басқа заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше жағдай көзделмесе, шартты өзгерту және бұзу тараптардың келісімі бойынша жүзеге асырылады. Сот шешімі бойынша шартты өзгерту немесе бұзу тараптар арасындағы дауды реттеудің сотқа дейінгі арнайы рәсімін сақтауды талап етеді. Заң нормаларына сәйкес мүдделі тарап сотқа жүгінгенге дейін екінші тарапқа шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныс жібере алады. Егер заңда, шартта өзгеше жағдай көзделмесе немесе шартты өзгерту болмаса бұзу туралы ұсыныс болмаса, 30 күн мерзім ішінде жауап алынбаған сәттен бастап сотқа талап арыз берілуі мүмкін. Көптеген ұйымдар дауларды шешудің сотқа дейінгі шағымдық тәртібіне әлі де жете мән бермейді.
Самал ЕСЛӘМОВА,
облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы.