«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШОЙЫН ЖОЛДА ШЫҢДАЛҒАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алысты жақындатқан ауырды жеңілдеткен темір жол саласында 40 жылдан артық жауапты қызметтер атқарып келе жатқан Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның құрметті азаматы Ибрагим Шаймерденов туралы айтарымыз көп.

Бұрынғы Рузаев ауданы Мәдениет ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген ол Шұқыркөл орта мектебін бітірген соң Уәлиханов атындағы кеңшарда механизатор болып еңбек етіп жүргенде азаматтық борышын өтеуге Германияға шақыртылады. Артиллериялық бөлімшеде әскери міндетін атқарып келгеннен кейін бұрынғы ұжымына  оралып, іле-шала оқуға жіберіледі. 1984 жылы Целиноград көлік құрылыс техникумын бітіріп, темір жолдарды зерттеу және құрылысы мамандығы бойынша арнайы білім алып шығады. Осы жылы Новоишим стансасындағы Көлік министрлігіне қарасты “Кокчетавтрансстрой” тресі №279 құрылыс-монтаждау пойызының 1-ші учаскесіне 4-разрядты слесарь болып қабылданады. Жас маманның өз жұмысына деген тындырымдылығын байқаған басшылық оны бригадирлікке, көп ұзамай жасанды құрылыстардың аға көпір шеберлігіне ауыстырады. Одан әрі бригадирі, жол шебері, Ақмола көлік басқармасының №3 желілік пайдалану бөлімшесі Новоишим стансасы бастығының техникалық жұмыстар жөніндегі орынбасары болды. Еңбек жолы осылай жалғасып кете береді. Станса бастығы қызметі сеніп тапсырылып, 18 жылдан бері осы қызметті мінсіз атқарып келеді.

Астана қаласындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын сырттай бітіріп, темір жолдар, жол құрылыстары құрылысы мамандығын және байланыс инженері біліктілігін алып шығады. Тәжірибелі басшы қоғамдық жұмыстардан да қол үзген емес,  бел ортасында жүріп, жұртшылықтың өтініш-тілектерін зейін қойып тыңдайды. Аудандық мәслихаттың екі шақырылымының депутаттығына сайланды. Астық тасымалдау жоспарын орындауға қосқан көп жылғы еңбегі орынды бағаланып,  Президенттің Алғыс хатымен, “Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл” мерекелік медалімен, “Қазақстан темір жолы” ҰК АҚ президентінің құрмет грамотасымен марапатталды. “Үздік кәсіпорын”  республикалық байқауының жеңімпазы атанды. Қоғамдық-әлеуметтік қызметтегі жетістіктері үшін бірінші дәрежелі диплом тапсырылып, есімі “Ең жақсы адамдар” халықаралық энциклопедиясына енгізілді. “Үздік темір жол вокзалының бастығы” атағына ие болды. “Қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы сенім” сертификаты берілді. “Түрксіб-90”, “Пошта темір жол” төсбелгілерін кеудеге жарқырата тақты. “Германиядағы кеңес армиясының ардагерлері және Варшава шарты армиялар тобы” қоғамдық ұйымдарының марапаттарының – өзі бір төбе.  Атап айтар болсақ,  “Жауынгер-интернационалист”, “Германиядағы интернационалдық борышын өтегені үшін”, “Германиядағы кеңес әскерлері тобына 75 жыл” және тағы басқалар.

“Мақсат – өскелең ұрпақ алдында ұлттық рух пен патриотизмді, ата-бабаларымыздың ерен ерлік істерін насихаттау, үлгі ету. Өзім интернационалист жауынгер болғандықтан, жас буын тәрбиесінен шет қала алмаймын. Әртүрлі кездесулерге, мерекелік іс-шараларға үлкен ынта-жігермен баратыным сондықтан, – дейді Ибрагим Ерденұлы.

Саналы ғұмырын темір жол көлігі жүйесімен байланыстырған ол осы уақыт аралығында мол тәжірибе жинақтаған маман екенін көрсете білді. Қарапайым жұмысшыдан бастап Новоишим стансасының бастығына дейінгі еңбек жолдарын жүріп өткен жанның қарапайымдылығы мен жауапкершілігін әріптестері жоғары бағалайды. Оған жоғары кәсіптік біліктілік пен өз ісіне деген шеберлік тән.

Ибрагим Ерденұлы – асыл жар, ардақты әке, қамқор ата. Өмірлік серігі Күлән Қыдырбекқызы да 42 жыл еңбек өтілінің 30 жылын темір жол саласына арнаған. “Әке көрген оқ жонар” демекші, ұлдары Дархан, Дамир,  Даурен – жоғары білімді мамандар. Айғаным, Алуа, Дінмұхаммед, Айзере, Қайсар атты немерелері – атасының көз қуанышы, қолғанаттары.

Бүгінде Новоишим стансасының ұжымы 100-ге жуық адамды құрайды, ал торапта 1200 адам жұмыс істейді. Жыл өткен сайын жұмыс көлемі ұлғайып келеді.  Мәселен, 2000 жылы стансаға 7 кірмежол қызмет көрсетсе, қазір олардың саны – 47.

Былтыр жүк тиеу тапсырмалары 117 пайызға орындалды. Станса бірінші сынып мәртебесіне ие.

Ибрагим Шаймерденовті сөзге тартқанымызда стансаға келген жүкті қабылдап, тиісті жерлерге жөнелткенге дейінгі жұмыс үдерісі тынымсыз атқарылатынын жеткізді.

“Стансаның кідіріссіз, іркіліссіз жұмыс істеуі нақ осы бөлімшеге тікелей байланысты. Вагондардың жағдайын қадағалап, артқан жүктердің құжаттарын рәсімдеп, кезекті сапарға дұрыс шығарып салудың маңызы зор. Босаған вагондарды тазалап, ретке келтіріп қою да асқан жауапкершілікті талап етеді. Алда күзгі орақ науқанына тыңғылықты дайындалу міндеттері тұр. Содан қоңыр күзге дейін қарбалас сәт толастамайды. Қыстың қақаған суығына, жаздың аптап ыстығына қарамастан, жұмысшыларымыз еш тыным таппайды. Ең бастысы, пойыздардың қауіпсіздігін қадағалау”, – деген темір жол ардагерінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Шолпан САЛЫҚОВА. 

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp