«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Парламент Мәжілісі депутаттары арасында  белсенділігімен көзге түсіп жүрген халық қалаулыларының бірі – Еркебұлан Мәмбетов. Жерлесіміз туған жер төсіне келген жұмыс сапары кезінде өндіріс орындарын аралап, сайлаушылармен кездесуді қалыпты дәстүрге айналдырған.  Жақында халық қалаулысымен қысқаша сұхбаттасудың сәті түсті.

– Еркебұлан Нұрмағанбетұлы, ауылдағы ағайынды көп нәрсе толғандырады.  Күнделікті тіршіліктің қамынан бөлек, су, жол, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сынды мәселелер – кез келген ауылдың мұңы.Осы мәселелерді шешуге қалай атсалысып жатырсыз?

– Айыртау ауданында “Amanat” партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бір топ азаматтың өтініш-тілектерін тыңдадым. Антоновка ауылының тұрғыны Н.Голимбовская елді мекендерді сумен жабдықтау жайын көтерді. Мұнда су құбыры 1978 жылы іске қосылып, содан бері жөндеу көрмеген. Жаңғырту жобасының құны 820 млн. теңгеге бағаланғанымен, қаржыландыру тоқтап тұрған көрінеді. Қ. Құсайынов “Карасевка” ЖШС-ның шартты жер телімдері “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ның меншігіне өтіп кеткендіктен, тұрғындар пай үлесінсіз қалғанын жеткізді. С.Бурковская Саумалкөл кентіндегі кәріз тазарту құрылыстарын тездетуге ықпал жасауды өтінді.

Экономиканың күретамыры іспеттес жолдың сапасына қатысты шағымдар аз емес. Мәселен, С.Тұралинов аудандық ауруханаға апаратын жолдарды қалпына келтіру, халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратын абаттандыру, операциялық бөлмені жабдықтау мәселесін қозғады. Емдеу мекемесіне дейінгі жолдар Володар ауылдық округінің аумағында орналасқандықтан, 2024 жылға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Дәуқаралық Жақсылық Ысқақов Саумалкөл – Светлое бағытындағы тас-жол құрылысын жеделдету қажет деп есептейді.

– Сіз Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалыңызда жұмыртқа шығаратын құс шаруашылығы саласындағы жағдайға назар аудардыңыз. Оған не қозғау салды?

– Премьер-Министрдің атына бұл сауалды Парламенттегі “Amanat” фракциясының белді мүшесі Павел Казанцев екеуіміз жолдадық.

Жұмыртқа өндірушілер жыл басынан бері өнім құнын арзандату үшін мемлекет тарапынан субсидия  күтіп отыр. Кәсіпкерлердің айтуларынша, жедел шешімдер қабылдануы керек. Әйтпесе, өндіріс тоқтап, сала толығымен импортқа тәуелді болуы әбден ықтимал.

Бүгінгі күні еліміздің құс фабрикаларында 12 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді.  Қызылжар өңірінде де ең ірі кәсіпорындар ретінде жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жергілікті бюджетті толықтырып келеді. Қазақстандағы жұмыртқа шығару бағытындағы 34 фабриканың жыл сайынғы салық төлемдері 3 миллиард теңгеден асады.

  – Қазіргі таңда субсидияның берілмеуі, жұмыртқа өндірісінің өзіндік құнының өсуі құс басының күрт төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін демексіз ғой?

– Иә, бағаның маусымдық қалыптасуы, монополияға қарсы органдардың бақылауы қазақстандық құс өсірушілерді жаз айларында жұмыртқаны теріс маржамен сатуға мәжбүрлейді. Яғни жұмыртқаның өзіндік құны 38 теңге, ал сату бағасы – 25 теңге ғана. Жұмыртқа саласындағы рентабельділік өте төмен, субсидиялар тоқтатылғанға дейін 5 пайыздан аспайтын. Қазіргі уақытта кәсіпорындар теріс қаржылық көрсеткіштермен жұмыс істеуге мәжбүр. Салыстыру үшін айтайын. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өсімдік, сүт және ет шаруашылығындағы рентабельділік – 25 пайыз болса, ет және құс шаруашылығында 15 пайыз төңірегінде. Жұмыртқаға беретін субсидияның күшін жоюдың негіздемесіне отандық өндірушілердің халықтың ішкі қажеттілігін толық жабуы себеп болды. Бұл ретте өсімдік шаруашылығы ішкі қажеттілікті артығымен жабады, ал дотациялық қолдау өзгеріссіз қалып отыр ғой.

– Нақты цифрлар келтіре аласыз ба?

– Жыл басынан есептегенде жұмыртқа шығару саласына берілмеген субсидиялардың болжамды көлемі 4 млрд.теңгеге жуық. Барлық құс фабрикалары несиелерді жылдық 25 пайыздық нарықтық мөлшерлемемен төлеп отыр. Саланы субсидиялау жойылған жағдайда банктер қарыз алушылардың төлем қабілетсіздігіне байланысты құс шаруашылығы кәсіпорындарына несие беруді тоқтатуы мүмкін. Ресей мен Беларуссияда астық өндірісінің жоғары өнімділігі мен төмен құнын ескерсек, отандық жұмыртқа өндірушілер мемлекеттің қолдауынсыз ЕАЭО шеңберінде бәсекеге қабілетті бола алмайды.

Құс шаруашылығы саласындағы өндірістік процестің ерекшелігіне байланысты (биологиялық активтер үздіксіз азықтандыруды қажет етеді) өндірісті уақытша тоқтата тұруы немесе ішінара қысқартуы көптеген құс фабрикаларының жабылуына әкеліп соқтырады. Сондықтан асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру субсидиялау қағидаларына жұмыртқа өндіретін құс шаруашылығын да тез арада енгізу қажет деп санаймыз.

     – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

 Өмір ЕСҚАЛИ,                                                                                                                   

“Soltüstık Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp