Өмірдің ыстығы мен суығын, бейнеті мен зейнетін бірге тартқан ерлі-зайыптылардың айрандай ұйыған шаңырағының шайқалмайтынына жуырда куә болдық. Құт, береке, ырыс дарыған отбасы діңінің беріктігі түсіністік, сыйласымдылық деген адами асыл қасиеттерден бастау алатын сияқты. Өз бақытын байлықтан да, мансаптан да емес, бауыр еті – баладан іздеген Айғожа ақсақал мен Күлзайра әжейдің өзара жарасып, түтін түтетіп келе жатқанына тұп-тура 60 жыл болыпты.
Жамбыл ауданының Ақбалық ауылында дүниеге келген отағасының балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келгендіктен, қабырғасы қатаймай жатып еңбекке араласты. Жатса да, тұрса да қолына қару алып, жаумен шайқасуға батысқа аттанған әкесінің амандығын ойлайтын. Ауыр жұмысқа жегіле жүріп, ауыл шаруашылығы техникасының “тілін” меңгеріп алған ол “Молотов” атындағы ұжымшарға механизатор болып орналасты. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың бет қаритын суықтарында дамыл таппастан егін егу, мал азығын дайындау, күзгі орақ науқаны, қар тоқтату сықылды қарбаласқа толы науқандардың бел ортасында жүрді. Кейін ширек ғасырға жуық жүк көлігінің жүргізушісі болды. Осылайша соғыс ардагерінің баласы Төлешевтер әулетінің атына кір келтірмей адал кәсіпті нәсіп етті.
Еңбек майданында шыңдалып өскен азаматқа маңдайының бағы іспеттес айдай ару Күлзайра жолықты. “Жігітті ел мақтаған қыз жақтаған” демекші, бір-бірінің жан сырын айтпай ұғынысқан қос ғашық қол ұстасып, болашаққа бірге аттануға серттеседі. Көп балалы отбасының тәрбиесін көрген отанасы шекесі торсықтай алты ұл, дүниенің жарығы – төрт қыз сыйлады. Аналық парызын қалтқысыз өтеген алтын құрсақты жан отбасының ұйытқысына айналды. Сауыншы, дүкенде сатушы қызметтерін атқара жүріп, ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай өсіріп, құтты орындарына қондырды.
Гауhар тойды туған-туыстарының, құда-құдағиларының, ауылдастарының арасында лайықты атап өткен қос қария – немере, шөбере, жиен, жиеншар қызығын көріп, шексіз бақытқа бөленіп отырған, тамырын тереңге жайған саялы бәйтерек іспеттес. Ата-ананың арқалаған жүгі әркез ауыр. Жұрт қатарлы өмір сүріп, балаларын жеткізу үшін бір-біріне демеу, қорған бола білген олардың өмірі жастарға үлгі-өнеге дер едік.
Тұла бойы тұңғыштары – Жақсылық еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, оған мектеп директоры, ауылдық округ әкімі қызметтері сеніп тапсырылды. Қазір Қызылжар ауданы Новокаменка ауылдық мектебінің директоры. Ана жолын қуған Күнсұлу 40 жылдан астам сатушы болды. Күлшат – әлеуметтік қызметкер, Жанар – аудандық білім бөлімінің әдіскері. Сағынтай – әскери маман, Сансызбай – Мирное мектебінің директоры. Қалған ұлдары – Жақсыбай, Жексенбай, Жаңалық әртүрлі салада қызмет етеді. Немерелері негізінен дәрігерлік және мұғалімдік мамандықтарды таңдаған. Шөберелерінің алды 14-те.
Ұзақ жылғы қажырлы еңбектің куәсі сияқты отағасының кеудесінде “Еңбек ардагері” медалі, отанасында “Батыр ана” ордені жарқырайды.
Игілік Рахметов.
Жамбыл ауданы.