Автомотоспорт сайысын ұйымдастырудың өз қиыншылықтары мен артықшылықтары бар. Спорттың қай түрі болмасын, ережелері мен тәртібіне бағынбасаң – қауіпті. Бойдағы қанды басқа шапшытатын доданың бұл түріне қызығатындар – көп, бірақ тәуекелге баратындар – аз. Сондай жүректілердің басын қосқан дода жуырда Петропавл қаласында ұйымдастырылды. Мұндай сайыс алғаш рет 2017 жылы қалалық автобус паркінің, одан кейін Петропавл ауыр машина жасау зауытының алаңында өткізілген болатын. Бұл дода өңірімізде жылына төрт рет ұйымдастырылады. Жаздың әр айының басында өткізілген үшеуі – сайыс түрінде болса, күздегі кезеңі қайырымдылық қорына қаржы жинау мақсатын көздейді.
– Біз қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстаймыз. Облыстық төтенше жағдайлар, полиция департаменттерінің мамандарына, медицина қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Олар сайысқа жіберілетін көліктердің техникалық жағдайы мен жүргізушілердің денсаулығын алдын ала тексерді. Жүргізушілерден бастарына шлем кию талап етілді, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Евгений Мурыгин.
Республикалық автоспорт сайысына өңірімізден, Павлодар, Ақмола облыстарынан жалпы саны 43 адам қатысты. Олардың қатарында бір нәзік жан, тоғыз жасар бала болды.
Ең кішкентай қатысушы, көкшетаулық Артур Набиулин – төртінші сынып оқушысы. Қолында Қазақстан Республикасы автомотоспорт федерациясының берген сертификаты бар. Оның қасына ересек адам отырды.
– Маған көлік жүргізуді әкем үйретті. Ол өзі бұрын осындай додаға талай қатысып, жеңімпаз атанған. Шынымды айтсам, сайыс басталған алғашқы минуттарда аздап қорықтым. Дода қыза түскенде қорқынышым су сепкендей басылды, – дейді ол.
Артур Набиулинді автоспорт саласында жүрген ең жас пилот деп айта аламыз. Қолына құжат тигелі жеті ай болған жас автомобилист биыл қыста өткен мұз үстіндегі жарыста жүлделі үшінші орынға ие болған.
Қырық үш пилот үш топқа бөлініп сайысты. Жиналған жанкүйерлердің басым бөлігі қатысушылардың туған-туыстары. Осыдан-ақ бұл әуесқойлықтың әкеден балаға берілетінін аңғаруға болады. Петропавлдық пилот Евгений Марк атасы сыйға тартқан 1977 жылғы “Жигулиді” додаға қосып, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – сайысқа қатыстырылған ең ескі көлік. Сыры кетпеген жаңа көліктер де аз болмады.
Сайыстың ережесі бойынша жеребе тасталып, көліктер қос-қостан алаңға шығып, пилоттар жүрізу шеберліктерін сынға салды. Екі рет ұтылғандар, саптан шығарылды. Талап барлығына ортақ. Қатысушылардың қай-қайсысы болмасын техниканың тілін жақсы білетіндер.
Алдыңғы жетекті көлік санаты бойынша бірінші орынды петропавлдық Юрий Кемчан, екінші орынды жерлесіміз Виталий Сотниченко, үшінші орынды астаналық Дамир Нүрпейісов жеңіп алды. Ал артқы жетекте бірінші сатыға петропавлдық Алексей Ерехин көтерілсе, кейінгі орындарды көкшетаулықтар Федор Панов пен Шәкірім Ұқанов бөлісті. Толық жетектегі жүлделі орындарды астаналық Руслан Тілеуімбетов, петропавлдықтар Иван Форш пен Арман Күрлеуітов қанжығаларына байлады.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Александр Борисович.