Кейде замандастарымыздың теріс қылықтарын байқаған аға буын өкілдері оларға кейіп, қынжылыстарын білдіріп жатады. Шынында да ұлттық тамырымыздан ажырап бара жатқан, баба жолын білмейтіндерді көргенде көңілімізге қаяу түсетіні рас. Алайда осы күні өз қатарластарының арасында салт-дәстүрлерімізді насихаттап, игі істер істеуге тырысып жүрген ұл-қыздар да бар. Солардың бір тобы жергілікті университет қабырғасында оқиды. Олар мұнда текке жүрмей, өз пікірлестерінің басын қосып жаңа істі қолға алған. Белсенді қыз-жігіттер өз бастамаларына “Бестің шайы” деген атау беріпті.
Аты айтып тұрғандай рухани әңгімеге шөлдеген, әдебиетке, өнерге жаны жақын жастар кешкісін бірге жиналып, қандай да бір тақырып төңірегінде әңгіме өрбітеді. Көбіне мұндай отырыстар үстінде бүгінгі күннің өзекті мәселелері мен көркем әдебиет талқыға түседі. Қатысушылар өлең оқып, өз өнерлерін көрсетеді, бір-бірінің туындыларына баға беріп, еркін пікір алмасады. Осындай қызу әңгімемен “Бестің шайы” көзді ашып жұмғанша өтіп кетеді.
Мұндағы шай үстіндегі кездесулерге тек студенттер ғана емес, айтары бар аға буын өкілдері де келіп, білгенімен бөлісіп жатады. Әзірше мұндай сыр-сұқбаттарға келушілердің саны көп емес. Десе де ұйымдастырушылар жуық арада өз орталары толығып, қатары арта түсетініне сенеді.
Ақәділ ТАЛАПБЕКОВ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.