“Әлди-әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылама, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Байқұтанның құйрығын
Жіпке тағып берейін.
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым,
Жұртқа жаман болса да,
Өзім сүйген аппағым!”. Халқымыздың қазыналарының бірі – бесік жырын тыңдағанда әжем жарықтық еске түседі. Түннің жарымына дейін жиегі қазақтың ою-өрнегімен кестеленген ақ бесікті тербетіп отыратын. Бәріміз сол бесікте өстік, өндік. Әжемнің дауысы құлаққа жағымды еді. Бесік жырын тамылжыта шырқағанда кірпігімізді айқастырып, қалың ұйқыға кететінбіз.
Иә, “Әлди-әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем…”, – деп сәбиін ән сала тербеткен қазақ халқы бала тәрбиесін тал бесіктен бастаған ғой. Қандай да бір өнерге жақындықтың бастауы бөбектің бесіктен ән мен жырға қанық болып, мағыналы сөздермен сусындауының әсерінен болса керек. Әртүрлі нұсқасы бар қазақ халқындағы бесік жыры мәні терең шумақ пен астарында ізгі тілегі бар тәтті сөзден тұрады. Бұл да болса, ана жүрегіндегі балаға деген теңіздей махаббаттың бір тамшысы.
Бесік жырының жас нәрестенің дамуына, денсаулығының шымыр болуына, ойлау жүйесінің жетілуіне орасан зор пайдасы бар екенін алғаш рет әжемнен естіген едім. Қателеспеген екен. Бұл мәліметті ғалымдар да растапты. Олар келтірген деректерге сүйенсек, бесік жыры ми клеткаларына жағымды әсер етіп, құлағына сіңген ырғақты ән арқылы сәбидің табиғатқа, туған-туысқа жақындығын қалыптастырады екен. Керемет емес пе?
Жуырда өзім қызмет атқаратын кітапхана қорына жаңа туындылар келіп түсті. Владимир Бехтерев есімді психоневрология институтының негізін қалаған академиктің туындысы көзіме оттай басылды. Бір деммен оқып шықтым. Ғалым невроз дертін болдырмау және алдын алу үшін бесік жырының пайдасы мол екендігін айтыпты. Психолог Станислав Гроф бесік жыры психологиялық аурулардың алдын алып, оны болдырмауға себін тигізетінін алға тартады.
Бесік жыры жас сәбиді ұйықтатудың амалы ғана емес, оның әр жолында ата-ананың арман-мұраты жатыр емес пе? Мәселен:
“Таңдайларың тақылдап,
Шешен болар ма екенсің!
…Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Қызмет қылар ма екенсің?!
Қолымыздан іс алып,
Бақытымызға жан балам,
Бізді бағар ма екенсің?!” деп өрілетін жолдар арқылы ана баласының болашағын, ел мүддесін жырға қосқан ғой.
Психологтар нәрестенің көптеген ақпаратты есту арқылы қабылдайтынын жоққа шығармайды. Сондықтан олар 3 жасқа дейін бесік жыры бөбек құлағынан үзілмеуі керек деседі. Бір өкініштісі, қазіргі қоғамымызда шақалағын бесік жырымен тербететін әжелер, келіндер азайып барады. Шыны керек, қазақтың ұлттық мерекелеріне арналған мәдени шараларда бесік жырын жатқа айтып беретін жан таба алмай, шарқ ұра іздейтініміз жалған емес. Тіпті, кітапханаға бас сұққан әже-апаларымыз келіндерінің сәбилерін “Миллион, миллион, миллион алых роз” деген орыс әнімен ұйықтататынын қынжыла айтқан. Қазір кішіміз де, үлкеніміз де телефондар мен гаджеттерді құдайдай көріп, соған телміреміз де отырамыз. Біздің бесігіміз де, жырымыз да, ұлттық құндылығымыз да – телефон. Сәбиіміз жыласа қолына телефон ұстатып уатуға асықпыз. Әншілер шырқаған бесік жырын құлақтарына тоса қоямыз. Бесік жырын туған анасынан естімеген баланың болашақта әкесі мен шешесіне, ұлтына жанашыр болатынына күмәнім бар.
Жуырда әлем халқының ерекшеліктері туралы мақалалар топтастырылған кітапты оқыдым. Ондағы дерекке сүйенсек, Америка Құрама Штаттарында бесік жырының бірнеше нұсқасы бар екен, соның бірі – “All the Pretty Horses” деп аталады. Қазақша аудармасы – “күңдікте жүрген ананың әлдиі”. Жалпы еркінен тыс еңбекке жегу, өз атымен атағанда – құлдық екі жүз елу жылға жуық АҚШ-та әлеуметтік институт ретінде өмір сүрді. Адамдар, азап пен мехнат кешіп, арбаға жегілген аттай қызмет етті.
Бұл бесік жырының шығу тарихы жүрегіңді сыздатады, жаныңды ауыртады. Ананың шарасыздығын, аңсарын сезіну неткен ауыр десеңізші! Африкадан келген ана көп плантациялардың бірінде, қожайынының үйінде күңдікте жүреді. Өзі жаңа босанған, аяқ-қолын бауырына алып үлгермеген жас ана қайта жұмысқа жегіледі. Оны өмірге келген нәрестесінен айырып алады, өйткені жұмыс істеуі керек. Жұмысы – қожайынының баласына қарау. Сонда әлгі жас ана қожайынының баласын тербетіп отырып, осы бесік жырын айтады екен.
Әлди, әлди, ақ бөбек,
Тәтті ұйқыға бат, бөбек,
Оянасыз, ойнайсыз,
Қара тұлпар, дүр ат та,
Шұбарала, сұр ат та,
Бәрі, бәрі, сіздікі,
Алты ақ ат байлайсыз.
Күңдіктегі жас ана осы бесік жырын ыңылдап айтқан сайын омырауын жас жуып отыратыны анық-ау. Өз баласын емес, кісінің баласын әлдилеп отырғанда құлағына шырылдап жатқан шаранасының да үні келетін болар. Әрине, ана үшін баланың бөтені жоқ, алайда тоғыз ай, он күн көтеріп, қиындықпен дүниеге алып келген сәбиін әлдилей алмау азаптың азабы болар.
Біз, Құдайға шүкір, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Сәбиіміз көз алдымызда өсіп келеді. Неге оларға жан-жүрегімізді жарып шыққан махаббатымызды бесік жыры арқылы беруге асықпаймыз! Біз неге қағынан безген құланбай төл қазынамыз бесік жырынан бездік екен?! Ойланатын дүние.
Гүлмира ТЕМІРҒАЛИҚЫЗЫ,
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім басшысы.