«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Гауhар тойдың төрінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмірдің ыстығы мен суығын, бей­неті мен зейнетін бірге тартқан ерлі-зайыптылардың айрандай ұйыған ша­ңырағының шайқалмайтынына жуырда куә болдық. Құт, бе­реке, ырыс дарыған отбасы діңінің беріктігі түсіністік, сыйласымдылық деген адами асыл қасиеттерден бас­тау алатын сияқты. Өз бақытын бай­лықтан да, мансаптан да емес, бауыр еті – баладан іздеген Айғожа ақ­сақал мен Күлзайра әжейдің өза­ра жарасып, түтін түтетіп келе жат­қанына тұп-тура 60 жыл болыпты.

Жамбыл ауданының Ақбалық ауылында дүниеге кел­ген отағасының балалық шағы екін­ші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келгендіктен, қабырғасы қатаймай жатып еңбекке араласты. Жатса да, тұрса да қолына қару алып, жаумен шайқасуға батысқа аттанған әкесінің амандығын ойлайтын. Ауыр жұмыс­қа жегіле жүріп, ауыл шаруашылығы техникасының “тілін” меңгеріп алған ол “Молотов” атындағы ұжымшарға механизатор болып орналасты. Жаз­дың аптап ыстығы мен қыстың бет қа­ритын суықтарында дамыл таппас­тан егін егу, мал азығын дайындау, күзгі орақ науқаны, қар тоқтату сы­қылды қарбаласқа толы науқандар­дың бел ортасында жүрді. Кейін ширек ғасырға жуық жүк көлігінің жүргі­зушісі болды. Осылайша соғыс ардагерінің баласы Төлешев­тер әулетінің атына кір келтір­мей адал кәсіпті нәсіп етті.

Еңбек майданында шыңдалып өс­кен азаматқа маңдайының бағы іспеттес айдай ару Күлзайра жолық­ты. “Жігітті ел мақтаған қыз жақта­ған” демекші, бір-бірінің жан сырын айтпай ұғынысқан қос ғашық қол ұстасып, болашаққа бірге аттануға серттеседі. Көп балалы отбасының тәр­биесін көрген отанасы шекесі торсықтай алты ұл, дүниенің жары­ғы – төрт қыз сыйлады. Аналық парызын қалтқысыз өтеген алтын құр­сақты жан отбасының ұйытқысына ай­налды. Сауыншы, дүкенде сатушы қызметтерін атқара жүріп, ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай өсі­ріп, құтты орындарына қондырды.

Гауhар тойды туған-туыстарының, құда-құдағиларының, ауылдас­тарының арасында лайықты атап өткен қос қария – немере, шөбере, жиен, жиеншар қызығын көріп, шек­сіз бақытқа бөленіп отырған, тамы­рын тереңге жайған саялы бәйтерек іспеттес. Ата-ананың арқалаған жүгі әркез ауыр. Жұрт қатарлы өмір сү­ріп, балаларын жеткізу үшін бір-бі­рі­не демеу, қорған бола білген олардың өмірі жастарға үлгі-өнеге дер едік.

Тұла бойы тұңғыштары – Жақ­сылық еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, оған мектеп директоры, ауылдық округ әкімі қызметтері сеніп тапсырылды. Қазір Қызылжар ауда­ны Новокаменка ауылдық мектебі­нің директоры. Ана жолын қуған Күн­сұлу 40 жылдан астам сатушы болды. Күлшат – әлеу­меттік қызметкер, Жанар – аудандық білім бөлімінің әдіскері. Сағынтай – әскери маман, Сансызбай – Мир­ное мектебінің директоры. Қалған ұлдары – Жақсыбай, Жексенбай, Жа­ңалық әртүрлі салада қызмет етеді. Немерелері негізінен дәрігер­лік және мұғалімдік мамандықтарды таң­даған. Шөберелерінің алды 14-те.

Ұзақ жылғы қажырлы еңбектің куәсі сияқты отағасының кеудесінде “Еңбек ардагері” медалі, отана­сында “Батыр ана” ордені жарқы­райды.

Игілік Рахметов.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp