«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жүректілер сайысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Автомотоспорт сайысын ұйым­дастырудың өз қиыншылықтары мен артықшылықтары бар. Спорттың қай түрі болмасын, ережелері мен тәр­тібіне бағынбасаң – қауіпті. Бойдағы қанды басқа шапшытатын доданың бұл түріне қызығатындар – көп, бірақ тәуекелге баратындар – аз. Сондай жүректілердің басын қосқан дода жуырда Петропавл қаласында ұйым­дастырылды. Мұндай сайыс ал­ғаш рет 2017 жылы қалалық автобус паркінің, одан кейін Петропавл ауыр машина жасау зауытының алаңында өткізілген болатын. Бұл дода өңірі­мізде жылына төрт рет ұйымдас­тырылады. Жаздың әр айының ба­сында өткізілген үшеуі – сайыс түрін­де болса, күздегі кезеңі қайырым­дылық қорына қаржы жинау мақса­тын көздейді.

– Біз қауіпсіздік шараларын бас­ты назарда ұстаймыз. Облыстық тө­тенше жағдайлар, полиция департа­менттерінің мамандарына, медици­на қызметкерлеріне ерекше алғыс біл­діргім келеді. Олар сайысқа жібе­рілетін көліктердің техникалық жағ­дайы мен жүргізушілердің денсау­лығын алдын ала тексерді. Жүр­гізушілерден бастарына шлем кию талап етілді, – дейді ұйымдасты­рушылардың бірі Евгений Мурыгин.

Республикалық автоспорт сайы­сына өңірімізден, Павлодар, Ақмола облыстарынан жалпы саны 43 адам қатысты. Олардың қатарында бір нә­зік жан, тоғыз жасар бала болды.

Ең кішкентай қатысушы, көкше­таулық Артур Набиулин – төртінші сынып оқушысы. Қолында Қазақстан Республикасы автомотоспорт феде­рациясының берген сертификаты бар. Оның қасына ересек адам отырды.

– Маған көлік жүргізуді әкем үйретті. Ол өзі бұрын осындай до­даға талай қатысып, жеңімпаз атан­ған. Шынымды айтсам, сайыс бас­талған алғашқы минуттарда аздап қо­рықтым. Дода қыза түскенде қорқы­нышым су сепкендей басылды, – дейді ол.

Артур Набиулинді автоспорт са­ласында жүрген ең жас пилот деп айта аламыз. Қолына құжат тигелі жеті ай болған жас автомобилист биыл қыста өткен мұз үстіндегі жа­рыста жүлделі үшінші орынға ие болған.

Қырық үш пилот үш топқа бөлініп сайысты. Жиналған жанкүйерлердің басым бөлігі қатысушылардың ту­ған-туыстары. Осыдан-ақ бұл әуесқой­лықтың әкеден балаға берілетінін аңғаруға болады. Петропавлдық пи­лот Евгений Марк атасы сыйға тартқан 1977 жылғы “Жигулиді” до­даға қосып, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – сайысқа қатыстырылған ең ескі көлік. Сыры кетпеген жаңа көліктер де аз болмады.

Сайыстың ережесі бойынша же­ребе тасталып, көліктер қос-қостан алаңға шығып, пилоттар жүрізу ше­берліктерін сынға салды. Екі рет ұтылғандар, саптан шығарылды. Та­лап барлығына ортақ. Қатысушы­лардың қай-қайсысы болмасын тех­никаның тілін жақсы білетіндер.

Алдыңғы жетекті көлік санаты бойынша бірінші орынды петропавлдық Юрий Кемчан, екінші орынды жерлесіміз Виталий Сотниченко, үшінші орын­ды астаналық Дамир Нүрпейісов жеңіп алды. Ал артқы жетекте бірінші сатыға петропавлдық Алек­сей Ерехин көтерілсе, кейінгі орын­дарды көкшетаулықтар Федор Па­нов пен Шәкірім Ұқанов бөлісті. То­лық жетек­тегі жүлделі орындарды аста­налық Руслан Тілеуімбетов, пет­ропавлдық­тар Иван Форш пен Ар­ман Күрлеуітов қанжығаларына бай­лады.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Александр Борисович.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp