Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі, білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Мектепте оқу-тәрбие үрдісінде данышпан Абай мұрасын пайдалану өсіп келе жатқан өрендердің ақыл-парасатының биік болуына, мінез-құлқының кемелденуіне рухани тұрғыдан ықпал етері даусыз. Ғұламаның педагогикалық көзқарасындағы басты ұстаным “Атаның баласы болма, адамның баласы бол”, – деген қағидаға саяды.
2020 жылы ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай мектебімізге ұлы ақынның есімі берілген болатын. Бұл – ата-аналар мен оқушыларымыз үшін үлкен қуаныш, зор мақтаныш болса, ұстаздар қауымына жауапкершілік жүгінің ауырлай түсетінін сездіртті. Біз қазақтың біртуар ұлдарының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастыруды қолға алдық. Ұлы ағартушы шығармаларын терең де, жан-жақты таныту арқылы ұлтын сүйе алатын, халқымыздың әдебиетін, өнерін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін ұлттық құндылық ретінде бағалайтын, терең ойлайтын оқушыларды қалыптастыру – біздің міндетіміз.
2021 жылдың ақпан айында кітапханамыз Абай мұраларымен толығып, рухани және мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында “Абай орталығы” салтанатты түрде ашылды. Орталықта “Абай – дана, Абай – дара қазақта” атты QR-кодпен негізделіп ақпараттандырылған қабырға бұрышы жасақталды. Сонымен қатар ақынның өмірі мен шығармашылығы, қарасөздері мен “Абай жолы” романы жайлы стендтер орнатылды.
“Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған”, – деп ақынның өзі жырлағандай ұлы ойшыл таңғы шықтай мөлдір, тәлімге толы өлеңдерімен, ақыл-парасаттың иісі аңқыған қарасөздерімен әр жүректің төрінен орын алуда. Біз бұған мектеп қабырғасында тұңғыш рет “Абай – ақылдың ақыны” деген атаумен бастауыш сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған байқауда көз жеткізгендей болдық. Жауқазындай ұл-қыздар ақынның туындыларын жатқа оқыды, әндерін шырқады. Бұл сайыс қазіргі таңда дәстүрге айналды.
Халқымыздың маңдайына біткен ұлы перзентінің мол мұрасын насихаттау мақсатында өткен “Абайға арнау эстафетасына” қатысушылардың қарасы қалың болды. Ақынның шығармаларын оқыған оқушыларымыз өздерінің бейнебаяндарын ғаламтор желісіне жариялап, белсенділік танытты. Мұның бәрі ой – өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымызға септігін тигізді. Мектебімізде “Қазақтың бас ақыны” тақырыбында тәрбие сағаттары жоспарға сәйкес тұрақты өткізіледі.
Біз жуырда Абай орталығының жылдық жоспарын бекіттік. Оның аясында көптеген семинарлар, “дөңгелек үстел” отырыстарын өткізу көзделуде.
Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат иесі ұлы Абай даналығы мәңгілікке бағдар берер дара парасатымен жанды баурайды. Баурап алып қана қоймай, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін көзге шұқып көрсетеді, көңілге тоқытып діттетеді. Тіршілік әлемінің сан тарау сырларына бойлатып, құпия қырларын аңғаруға жол сілтейді. Данышпан мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіру бақыты бұйырғанына шын жүректен қуанамыз. Бұл – үлкен мәртебе.
Шегебай НҰРҒОЖИН,
Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының директоры.