«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үлкен қуаныш, зор мәртебе

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлттың бүгіні де, болаша­ғы да тәрбиелі, білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Мектеп­те оқу-тәрбие үрдісінде даныш­пан Абай мұрасын пайда­ла­ну өсіп келе жатқан өрендер­дің ақыл-парасатының биік бо­луына, мінез-құлқының кемел­де­нуіне руха­ни тұрғыдан ықпал етері даусыз. Ғұламаның пе­дагогикалық көзқарасындағы басты ұстаным “Атаның ба­ласы болма, адамның баласы бол”, – деген қағидаға саяды.

2020 жылы ұлы Абайдың туға­нына 175 жыл толуына орай мекте­бімізге ұлы ақынның есімі берілген болатын. Бұл – ата-аналар мен оқу­шыларымыз үшін үлкен қуаныш, зор мақтаныш болса, ұстаздар қауымы­на жауапкершілік жүгінің ауырлай тү­сетінін сездіртті. Біз қазақтың бір­туар ұлдарының бірі, қазақ әдебие­ті­нің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай ең­бектерінің нәрін өскелең ұрпақ­тың санасына сіңіру мақсатында түрлі іс-шараларды ұйымдастыру­ды қолға алдық. Ұлы ағартушы шы­ғармала­рын терең де, жан-жақты таныту ар­қылы ұлтын сүйе алатын, халқымыз­дың әдебиетін, өнерін, салт-дәстү­рін, мәдениетін, тілін ұлт­тық құнды­лық ретінде бағалайтын, терең ой­лайтын оқушыларды қалып­тас­тыру – біздің міндетіміз.

2021 жылдың ақпан айында кі­тапханамыз Абай мұраларымен толығып, рухани және мәдени құн­дылықтарымызды дәріптеу мақса­тында “Абай орталығы” салтанатты түрде ашылды. Орталықта “Абай – дана, Абай – дара қазақта” атты QR-кодпен негізделіп ақпараттанды­рыл­ған қабырға бұрышы жасақтал­ды. Сонымен қатар ақынның өмірі мен шығармашылығы, қарасөздері мен “Абай жолы” романы жайлы стенд­тер орнатылды.

“Өлді деуге бола ма, ойлаңдар­шы, өлмейтұғын артына сөз қал­дыр­ған”, – деп ақынның өзі жырлаған­дай ұлы ойшыл таңғы шықтай мөлдір, тә­лімге толы өлеңдерімен, ақыл-парасаттың иісі аңқыған қара­сөздерімен әр жүректің төрінен орын алуда. Біз бұған мектеп қа­бырғасын­да тұңғыш рет “Абай – ақыл­дың ақы­ны” деген атаумен бастауыш сынып оқушылары ара­сында ұйымдасты­рыл­ған байқауда көз жеткізгендей бол­дық. Жауқазын­дай ұл-қыздар ақынның туындыла­рын жатқа оқы­ды, әндерін шырқа­ды. Бұл сайыс қа­зір­гі таңда дәстүрге айналды.

Халқымыздың маңдайына біт­кен ұлы перзентінің мол мұрасын на­си­хаттау мақсатында өткен “Абайға ар­нау эстафетасына” қатысушы­лар­­дың қарасы қалың болды. Ақын­ның шығармаларын оқыған оқушы­лары­мыз өздерінің бейнебаянда­рын ға­лам­тор желісіне жариялап, бел­сенділік танытты. Мұның бәрі ой – өрісімізді кеңейтіп, ру­хани тұрғы­дан дамуымызға септі­гін тигізді. Мектебімізде “Қазақтың бас ақыны” тақырыбында тәрбие сағаттары жос­парға сәйкес тұрақты өткізіледі.

Біз жуырда Абай орталығының жылдық жоспарын бекіттік. Оның ая­сында көптеген семинарлар, “дөңге­лек үстел” отырыстарын өткізу көзде­луде.

Әлемдік деңгейдегі ақыл-парасат иесі ұлы Абай даналығы мәңгі­лікке бағдар берер дара парасаты­мен жанды баурайды. Баурап алып қана қоймай, ненің дұрыс, ненің бұ­рыс екенін көзге шұқып көрсетеді, кө­ңілге тоқытып діттетеді. Тіршілік әле­мінің сан тарау сырларына бойла­тып, құпия қырларын аңғаруға жол сілтейді. Данышпан мұрасын жас ұр­пақтың санасына сіңіру бақыты бұйырғанына шын жүректен қуана­мыз. Бұл – үлкен мәртебе.

Шегебай НҰРҒОЖИН,

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp