Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық. Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар аз емес. Статистикаға сүйенсек, қазақстандық жастардың 6 пайызы жұмыссыз. “Жастар тәжірибесі”, “Ұрпақ келісімшарты”, “Бірінші жұмыс орны” сияқты бағдарламалар осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Облыстық жастар ресурстық орталығының өкілдері өз замандастарына жұмыс тауып беруге жәрдемдесуде. Жақында орталық қызметкерлері акция ұйымдастырды.
– Біз бұл акцияны Қазақстан Конституциясы және Жастар күні мерекелері аясында өткізудеміз. Өңір жастарына бірнеше бағдарлама туралы мәліметтер жазылған жадынама тараттық, – дейді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин.
Акцияға қатысқандардың қатарында дипломдары бар мамандар да, жазғы каникулда жұмыс істеп, табыс тапқысы келетін оқушылар да болды. Соларды бірі – Анастасия Шачнева М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін іс жүргізуші мамандығы бойынша биыл тамамдаған. Орталық мамандарының көмегімен “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты.
Жыл басынан бері қалалық жастар ресурстық орталығына жұмыс іздеп жүрген 42 адамнан өтініш түскен. 36-сы еңбекпен қамтылды. Сондай-ақ аталған ұйым өкілдері кәмелетке толмаған жастарға уақытша жұмыс ұсынады. Олар жалғызбасты зейнеткерлерге көмектеседі немесе “Жасыл ел” жобасы аясында қаланы абаттандыруға атсалысады.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.