«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА-АНАЛАР ФОРУМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық білім басқармасының өкілдері, мектеп, колледж басшыларынан құралған 33 адамнан тұратын солтүстікқазақстандық делегация Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мұражайында өткен жалпыұлттық ата-аналар форумына қатысты. Бұл шарада еліміздің түкпір-түкпірінен 700-ден астам адам бас қосты.

Биыл үшінші мәрте өткізілген ауқымды шараны “Сенімен Болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігі “Қазақстанның Азаматтық Альянсы” ұйымымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Ата-аналар форумының пленарлық отырысында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ләззат Рамазанова, оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, “Сенімен Болашақ” республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұркен Асанов сөз сөйледі.

Баяндамашылар бала тәрбиесінде ата-ананың рөлін нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы айтты. Бала ұлттық құндылықтардан нәр алуы қажеттігі, әр ата-ана алдымен өзін тауып, өзегіне оралуының маңызды екені ұмыт қалмады.

“Сенімен Болашақ” ұйымының төрайымы Жансая Бердімұрат бірлестік жүргізген зерттеулердің қорытындысын жариялады. Аталған зерттеу саналы ата-ана болу құзыреті, баламен  бірге уақыт өткізудің жолы, саналы бала тәрбиелеу мен ынталандыру тәсілдері бойынша жүргізілген. Сондай-ақ ата-аналарға өзге де қажетті кеңестер, заманауи әдіс-тәсілдер айтылды.

Швейцариядан арнайы келген халықаралық деңгейдегі коуч, педагогика ғылымдарының докторы Марина Чайка баламен достасудың жеті негізгі жолын көрсетіп, талдап берді. Және де бірлестіктің бастамасымен өзге өңірлерде жүзеге асып жатқан “Тазалық – өмір айнасы”, “Болашақ жеңімпаз”, “Өмірің өз қолыңда” атты жобалардың барысы таныстырылды. Ата-аналар отбасылық құндылықтар, балаларды қолдауға арналған әлеуметтік жобалар, сәбилердің өмірге деген құштарлығын арттыру, электронды шылым және жаман әдеттерден арылу, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық мәдениет және тағы басқа өзекті тақырыптарға қатысты сұрақтарын қойып, арнайы мамандардан жауап алды. Ал форум соңында арнайы қарар қабылданды.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp