«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҢҚЫЛДАҒАН АҚЖАРМА АҚЫН ЕДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шығармалары әр түрлі газет-журнал беттерінде басылып тұра­тындықтан, өз басым Ғафу Қайыр­бековтің есіміне оқушы кезімнен-ақ қанық болып өстім. Әсіресе есімде қалғаны – “Қазақ әдебиеті” оқулы­ғындағы “Дала қоңырауы” поэмасы­ның үзінділері. Ол қазақ даласында патша өкіметінің рұқсатымен қазақ балаларына арналып алғаш рет ресми түрде Ыбырай Алтынсарин ашқан атақты Торғай мектебі туралы болатын. Бұл шығарманың кей тұстарын мұғаліміміз мәнерлеп оқып бергендіктен де болар, жекелеген шумақтарын қайталап айтып жүруші едім.

Есейген кезде байқасам, Ғафе­кең көптеген өлең және публицистикалық кітаптардың авторы екен. Өмірбаян жолдарына қарап отыр­сам, ақынның “Құрдастар” атты тыр­на­қа­лды жинағы 1954 жылы жарық көрген. Одан кейін жыл аралатып ұсынып отырған кітаптарының өзі едәуір. Әлгі біздің буынға мектептегі жылдардан таныс “Дала қоңырауы” 1956 жылы жарық көрсе, “Жер ас­тындағы жұлдыздар” (1965), “Қанат­ты жылдар” (1973) және басқа жинақтары бірінен кейін бірі шығып жатты.

Менің әдеби ортаға араласып, осы салада қызмет істей бастаға­ным 1979 жылдың екінші жартысы­нан бастап қана. 1980 жылдан Қа­зақстан Жазушылар одағының ғима­ратында орналасқан “Қазақ әдебие­ті” газетінің редакциясында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мені ондағы қызметке шақырған – газеттің сол жылдардағы бас редакторы, қазақ­тың көрнекті жазушысы Сайын Мұратбеков.

Осы жерге келгеннен кейін Ғафу Қайырбековпен жүзбе-жүз кездесу­дің сәті түсті. Сол ғимаратта Қазақ­стан Жазушылар одағының тағы бір бөлімі “Жұлдыз” журналының да редакциясы орналасқан, ал Ғафе­кең болса сол басылымның бас ре­дакторының орынбасары. Ол уақыт­тарды өз басым “Жұлдыз” редакциясы­ның бір жұлдызды шағы” – деп атар едім. Олай дейтінім – Бекежен Тілегенов басқарған бұл редакция­да Софы Сматаев, Ахат Жақсыбаев, Оралхан Бөкеев, Шөмішбай Са­риев, Жарасқан Әбдірәшев, Марат Қабанбаев, Қуандық Түменбаев тә­різді талантты қаламгерлер шоғыры еңбек ететін.

Осындай дарқан дарынды ініле­рі­нің ортасында шалқып жүрген Ға­фекең де бақытты болатын. Аталған жігіттердің әрқайсысы қамшы сал­дырмай-ақ, дайындаған материал­дары журналдың беделін көтеріп, бас редактордың орынбасарына да бәлендей салмақ сала қойған жоқ. “Жұлдыз” таралымының шарықтай түсуіне де осы таланттар шоғыры­ның әсер еткені сөзсіз.

Аталған газетте жұмыс істеп жүр­ген сол 1980 жылы Ғафу Қайыр­бе­ковке “Жұлдызды тағдырлар” атты өлеңдер жинағы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы беріліп, абы­ройы аспандай түсті. Өмір­ден өте­рінен бірер жыл бұрын “Қазақстанның Халық жазушысы” деген атақ берілді. Одан басқа, ор­ден, медаль­дарын айтпағанда, Қос­танай облысы­ның, Қостанай қала­сы­ның, Торғай облысының, Арқалық қаласының құрметті азаматы деген құрметті атақтарға ие болған қа­ламгер.

“Қарқаралы басында”, “Ақжел­кен”, “Ел мен жер”, “Жершілмін”, “Толассыз толқын”, “Үш қиян” және басқа да жыр жинақтары өз кезеңіндегі оқырмандардың рухани азығы­на айналды. Көркем публицистика жанрында жазылған кітаптары да бірнешеу.

Ересек оқырмандармен бірге балаларға арнап еңбек етуді де жадынан шығармаған ақынның бұл ба­ғыттағы шығармаларын да атап кеткеніміз орынды. Оның “Балықшы Иван”, “Балқурай”, “Күн баласы”, “Бауырсақ”, “Ақ көйлекті шал” атты кітаптары жас бүлдіршіндерге де ар­налған болатын. Бірақ осы еңбектері өзі өмірден өткеннен кейін қайтадан басылып шықпады. Сол замандағы қаламдастары арасында қалыптас­қан дәстүр бойынша Ғафекең көр­кем аудармаға да ат салысыпты. Ол тәржімалаған туындылардың ара­сын­да Рудакидің, Байронның, Пуш­киннің, Лермонтовтың, Некрасов­тың, Шевченконың, Мақтымқұлы­ның, Есениннің, Ғамзатовтың және басқа да сөз зергерлерінің жеке­леген өлең-жырлары бар.

Ғ.Қайырбековтің өмір шындығы­ның өрнектері бейнеленген “Ақжел­кен”, “Жел қайық” атты публицисти­калық жинақтары – өз уақытында оқырмандар тарапынан жылы баға­ға ие болған дүниелер.

Өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарының басы еді. Ол замандарда Жазушылар одағы тікелей Қазақстан Компартиясы орталық комите­тінің идеологиялық басқаруымен жұмыс істейтін болғандықтан, әрі билік тарапынан қаржы көмегі келіп тұратындықтан, жиналыстар ең алдымен сол Компартияның, Кеңес­тер үкіметінің белгілі бір саясатын қолдауға байланысты өткізілетін.

Одан басқа әдеби жыл қорытын­дысына, белгілі бір жанрлық шаруа­ларға байланысты да жиналыстар өткізу дәстүрінің де мұрты бұзыла қоймаған кез. Жиналыстардың жиі болу себебінің бір жағы сонда жа­тыр. Бір қызығы, баяндама оқылып біткеннен кейін, мінбеге қарай Ға­фекең жұрттан бұрын алдымен жү­гіріп шығатын. Түйіп-түйіп айтатын сөздерінен көбінесе тың ойлардың сілемдері көлбеңдеп, тыңдаушы­ларды еріксіз елеңдетіп тастаушы еді.

Әдеттегідей Қазақстан Жазушы­лар одағының мәжіліс залында кезекті бір жиналыс өтіп жатты. Күн тәртібіндегі мәселелерге орай сөй­леушілердің ауыздары қыза баста­ған бір уақытта алдыңғы қатарда отырған Ғафу Қайырбеков төралқа жаққа қарай қолын көтеріп:

– Бір ұсыныс бар…Ұсыныс бар, – деп қайталай берді. Жиынды жүргі­зіп тұрған – сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатышысы Шерхан Мұртазаев. Күн тәртібіндегі мәселенің тал­қылануы қызу. Шешендер ерегесіп сөйлеп, кейде екілене өре түрегеліп, төрдегі мінбеге ұмтылуда. Мінбеге құнжиып қонып алғандар орында­рын оңайшылықпен босата қойғысы келмей, белгіленген регламентті басып-жаншып құлақтарына да қыстыра қоймайды.

Сондай жағдайда залда отырған Ғафекеңнің әлгі сөзі де құлаққа ілінбей, назардан тыс қала берді. Бір кезде қалың қастары қайшыланып, алалау көздері сұстана бастаған Шерағаң:

– Иә, Ғафеке не болды? Көріп отырсыз ғой, жазылған шешендердің өздеріне кезек тимей жатыр. Уақыт жетсе артынан сөйлей жатарсыз, – деді түйіле сөйлеп. Төралқа басшы­сының өзіне назары ауғанын көрі­сімен Ғафу Қайырбеков орнынан атып тұрды да:

– Шерхан… ұсыныс бар… ұсы­ныс бар, мына жерде қысылыс бар, – деп оң жағындағы кісіні демеп, тұрғызып жіберді.

Сөйтсе жасы Ғафекеңнен әлде­қайда үлкен Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қаламгер әжетха­наға бара алмай, тыпыршып отыр екен. Ол замандарда жиналыс үстінде тұрып кете салу, кез келген жер­ден кіре беру дағдысы қалыптаса қоймаған. Барлығы да регламентке орай белгіленген тәртіп бойынша жүргізілетін. Сондықтан да жаңағы ардагер қаламгерге арнайы рұқсат сұрау керек болған. Өзі де екпінді, дауысы да қатты Ғафекең азамат­тық міндетін ақырына дейін орын­дап, қысылып отырған ағасын та­мам жұрттың көзінше әжетханаға қарай салтанатты түрде шығарып салды.

Ду күліп жіберген жұртшылық іле сартылдата қол шапалақтады. Қай­шыласқан қалың қастары жазылған Шерхан Мұртазаев кесек тістерін көрсетіп, ыржиып отыра кетті.

Кейін “Қазақ әдебиеті” газетімен есіктес “Жұлдыз” журналының редакциясына ауыстым. Ғафекемен қызметтес болудың сәті түсті. Таби­ғатынан демократ алғыр адаммен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет қой. Үнемі жұмысты айта бермей, ара-арасында қызықты әңгімелерге де тізгін беріп қоятын Ғафекеңді жақсы көрмеу мүмкін еместін. Маған сәл шұбарланған бетіне қырылдақтау дауысы бір түрлі үйлесіп тұрғандай әсер ететін.

Әлгі Жарасқан ақынның:

Радионы ашып қалсаң, Ғафекең,

Телевизорды басып қалсаң, Ғафекең.

Мына біреу оңашалау кафе екен,

Деп кіріп ем, мұнда да отыр Ғафекең, – дейтін атақты пародия­сының ел арасында аңызға айналып кеткен бір тамаша кезең еді ол.

Сол жылдары “Қазақ әдебие­тіне” ауысып кеткен атақты жазушы­мыз Оралхан Бөкеевтің басына қара бұлт үйіріліп, қайғылы жағдайлар орын алды. Есіл ердің қабырғасын қайыстырып кеткен – анасы мен қарындасы Мәншүктің бірінен кейін бірі өмірден өтуі еді. Орекең газетте бас редактордың орынбасары қыз­метінде еді. Сонда “Жұлдыз” журна­лы бас редакторының орынба­сары Ғафу Қайырбеков бастаған ұжым мүшелері барып көңіл айттық.

Ол өзі жақсы көретін Оралхан інісін құшақтады да, адамның жан-дүниесін тебірентетін әсерлі әңгіме­сін бастады. Шешен сөйлейтін ақын­ның айтқаны – қайғылы жанның жұ­банышына жарарлық небір пәрменді әңгімелер. Аса бір сабырлы үнмен қисындыра отырып, көкірегін қайғы кернеген қандай пендені де ақылға келтіретін салмақты сөздермен жұ­ба­туда.

Әрине, қанша шешен сөйле­ген­мен көкіректе беріштей байланған күйзелісті сейілтуге ондай тапқыр­лықтың әлсіз екенін бәріміз де бай­қадық. Ауыр қайғы еңсесін жаныштаған Орекең сол төмен қарап тү­нерген күйі. Көзінен тамшы жас та шықпайды. Ғафекеңнен артық еште­ңе айта алмасымызды біліп, бәріміз үнсіз тұнжырап тұрдық.

Қаралы жағдайда дұрыстап кө­ңіл айта білу де өнер ғой. Сол өнер­дің жақсы үлгісін көрсете білген Ға­фекеңнің жазушы інісі Оралханға қа­лай көңіл айтқаны әлі көз алдымда.

Ғафу Қайырбеков шығармашы­лы­ғын былай қойғанда, жүрген орта­сында жарқырап жүрген белсенді де қайраткер тұлғалардың бірі болатын. Жоғарыда айтылғандар – бүгін­гі 95 жылдық мерейтойына орай еске түсіп жатқан әңгімелердің бір парасы ғана.

Нұрдәулет АҚЫШ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp