Шығармалары әр түрлі газет-журнал беттерінде басылып тұратындықтан, өз басым Ғафу Қайырбековтің есіміне оқушы кезімнен-ақ қанық болып өстім. Әсіресе есімде қалғаны – “Қазақ әдебиеті” оқулығындағы “Дала қоңырауы” поэмасының үзінділері. Ол қазақ даласында патша өкіметінің рұқсатымен қазақ балаларына арналып алғаш рет ресми түрде Ыбырай Алтынсарин ашқан атақты Торғай мектебі туралы болатын. Бұл шығарманың кей тұстарын мұғаліміміз мәнерлеп оқып бергендіктен де болар, жекелеген шумақтарын қайталап айтып жүруші едім.
Есейген кезде байқасам, Ғафекең көптеген өлең және публицистикалық кітаптардың авторы екен. Өмірбаян жолдарына қарап отырсам, ақынның “Құрдастар” атты тырнақалды жинағы 1954 жылы жарық көрген. Одан кейін жыл аралатып ұсынып отырған кітаптарының өзі едәуір. Әлгі біздің буынға мектептегі жылдардан таныс “Дала қоңырауы” 1956 жылы жарық көрсе, “Жер астындағы жұлдыздар” (1965), “Қанатты жылдар” (1973) және басқа жинақтары бірінен кейін бірі шығып жатты.
Менің әдеби ортаға араласып, осы салада қызмет істей бастағаным 1979 жылдың екінші жартысынан бастап қана. 1980 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында орналасқан “Қазақ әдебиеті” газетінің редакциясында жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мені ондағы қызметке шақырған – газеттің сол жылдардағы бас редакторы, қазақтың көрнекті жазушысы Сайын Мұратбеков.
Осы жерге келгеннен кейін Ғафу Қайырбековпен жүзбе-жүз кездесудің сәті түсті. Сол ғимаратта Қазақстан Жазушылар одағының тағы бір бөлімі “Жұлдыз” журналының да редакциясы орналасқан, ал Ғафекең болса сол басылымның бас редакторының орынбасары. Ол уақыттарды өз басым “Жұлдыз” редакциясының бір жұлдызды шағы” – деп атар едім. Олай дейтінім – Бекежен Тілегенов басқарған бұл редакцияда Софы Сматаев, Ахат Жақсыбаев, Оралхан Бөкеев, Шөмішбай Сариев, Жарасқан Әбдірәшев, Марат Қабанбаев, Қуандық Түменбаев тәрізді талантты қаламгерлер шоғыры еңбек ететін.
Осындай дарқан дарынды інілерінің ортасында шалқып жүрген Ғафекең де бақытты болатын. Аталған жігіттердің әрқайсысы қамшы салдырмай-ақ, дайындаған материалдары журналдың беделін көтеріп, бас редактордың орынбасарына да бәлендей салмақ сала қойған жоқ. “Жұлдыз” таралымының шарықтай түсуіне де осы таланттар шоғырының әсер еткені сөзсіз.
Аталған газетте жұмыс істеп жүрген сол 1980 жылы Ғафу Қайырбековке “Жұлдызды тағдырлар” атты өлеңдер жинағы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы беріліп, абыройы аспандай түсті. Өмірден өтерінен бірер жыл бұрын “Қазақстанның Халық жазушысы” деген атақ берілді. Одан басқа, орден, медальдарын айтпағанда, Қостанай облысының, Қостанай қаласының, Торғай облысының, Арқалық қаласының құрметті азаматы деген құрметті атақтарға ие болған қаламгер.
“Қарқаралы басында”, “Ақжелкен”, “Ел мен жер”, “Жершілмін”, “Толассыз толқын”, “Үш қиян” және басқа да жыр жинақтары өз кезеңіндегі оқырмандардың рухани азығына айналды. Көркем публицистика жанрында жазылған кітаптары да бірнешеу.
Ересек оқырмандармен бірге балаларға арнап еңбек етуді де жадынан шығармаған ақынның бұл бағыттағы шығармаларын да атап кеткеніміз орынды. Оның “Балықшы Иван”, “Балқурай”, “Күн баласы”, “Бауырсақ”, “Ақ көйлекті шал” атты кітаптары жас бүлдіршіндерге де арналған болатын. Бірақ осы еңбектері өзі өмірден өткеннен кейін қайтадан басылып шықпады. Сол замандағы қаламдастары арасында қалыптасқан дәстүр бойынша Ғафекең көркем аудармаға да ат салысыпты. Ол тәржімалаған туындылардың арасында Рудакидің, Байронның, Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың, Шевченконың, Мақтымқұлының, Есениннің, Ғамзатовтың және басқа да сөз зергерлерінің жекелеген өлең-жырлары бар.
Ғ.Қайырбековтің өмір шындығының өрнектері бейнеленген “Ақжелкен”, “Жел қайық” атты публицистикалық жинақтары – өз уақытында оқырмандар тарапынан жылы бағаға ие болған дүниелер.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басы еді. Ол замандарда Жазушылар одағы тікелей Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің идеологиялық басқаруымен жұмыс істейтін болғандықтан, әрі билік тарапынан қаржы көмегі келіп тұратындықтан, жиналыстар ең алдымен сол Компартияның, Кеңестер үкіметінің белгілі бір саясатын қолдауға байланысты өткізілетін.
Одан басқа әдеби жыл қорытындысына, белгілі бір жанрлық шаруаларға байланысты да жиналыстар өткізу дәстүрінің де мұрты бұзыла қоймаған кез. Жиналыстардың жиі болу себебінің бір жағы сонда жатыр. Бір қызығы, баяндама оқылып біткеннен кейін, мінбеге қарай Ғафекең жұрттан бұрын алдымен жүгіріп шығатын. Түйіп-түйіп айтатын сөздерінен көбінесе тың ойлардың сілемдері көлбеңдеп, тыңдаушыларды еріксіз елеңдетіп тастаушы еді.
Әдеттегідей Қазақстан Жазушылар одағының мәжіліс залында кезекті бір жиналыс өтіп жатты. Күн тәртібіндегі мәселелерге орай сөйлеушілердің ауыздары қыза бастаған бір уақытта алдыңғы қатарда отырған Ғафу Қайырбеков төралқа жаққа қарай қолын көтеріп:
– Бір ұсыныс бар…Ұсыныс бар, – деп қайталай берді. Жиынды жүргізіп тұрған – сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатышысы Шерхан Мұртазаев. Күн тәртібіндегі мәселенің талқылануы қызу. Шешендер ерегесіп сөйлеп, кейде екілене өре түрегеліп, төрдегі мінбеге ұмтылуда. Мінбеге құнжиып қонып алғандар орындарын оңайшылықпен босата қойғысы келмей, белгіленген регламентті басып-жаншып құлақтарына да қыстыра қоймайды.
Сондай жағдайда залда отырған Ғафекеңнің әлгі сөзі де құлаққа ілінбей, назардан тыс қала берді. Бір кезде қалың қастары қайшыланып, алалау көздері сұстана бастаған Шерағаң:
– Иә, Ғафеке не болды? Көріп отырсыз ғой, жазылған шешендердің өздеріне кезек тимей жатыр. Уақыт жетсе артынан сөйлей жатарсыз, – деді түйіле сөйлеп. Төралқа басшысының өзіне назары ауғанын көрісімен Ғафу Қайырбеков орнынан атып тұрды да:
– Шерхан… ұсыныс бар… ұсыныс бар, мына жерде қысылыс бар, – деп оң жағындағы кісіні демеп, тұрғызып жіберді.
Сөйтсе жасы Ғафекеңнен әлдеқайда үлкен Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қаламгер әжетханаға бара алмай, тыпыршып отыр екен. Ол замандарда жиналыс үстінде тұрып кете салу, кез келген жерден кіре беру дағдысы қалыптаса қоймаған. Барлығы да регламентке орай белгіленген тәртіп бойынша жүргізілетін. Сондықтан да жаңағы ардагер қаламгерге арнайы рұқсат сұрау керек болған. Өзі де екпінді, дауысы да қатты Ғафекең азаматтық міндетін ақырына дейін орындап, қысылып отырған ағасын тамам жұрттың көзінше әжетханаға қарай салтанатты түрде шығарып салды.
Ду күліп жіберген жұртшылық іле сартылдата қол шапалақтады. Қайшыласқан қалың қастары жазылған Шерхан Мұртазаев кесек тістерін көрсетіп, ыржиып отыра кетті.
Кейін “Қазақ әдебиеті” газетімен есіктес “Жұлдыз” журналының редакциясына ауыстым. Ғафекемен қызметтес болудың сәті түсті. Табиғатынан демократ алғыр адаммен жұмыс істеудің өзі бір ғанибет қой. Үнемі жұмысты айта бермей, ара-арасында қызықты әңгімелерге де тізгін беріп қоятын Ғафекеңді жақсы көрмеу мүмкін еместін. Маған сәл шұбарланған бетіне қырылдақтау дауысы бір түрлі үйлесіп тұрғандай әсер ететін.
Әлгі Жарасқан ақынның:
Радионы ашып қалсаң, Ғафекең,
Телевизорды басып қалсаң, Ғафекең.
Мына біреу оңашалау кафе екен,
Деп кіріп ем, мұнда да отыр Ғафекең, – дейтін атақты пародиясының ел арасында аңызға айналып кеткен бір тамаша кезең еді ол.
Сол жылдары “Қазақ әдебиетіне” ауысып кеткен атақты жазушымыз Оралхан Бөкеевтің басына қара бұлт үйіріліп, қайғылы жағдайлар орын алды. Есіл ердің қабырғасын қайыстырып кеткен – анасы мен қарындасы Мәншүктің бірінен кейін бірі өмірден өтуі еді. Орекең газетте бас редактордың орынбасары қызметінде еді. Сонда “Жұлдыз” журналы бас редакторының орынбасары Ғафу Қайырбеков бастаған ұжым мүшелері барып көңіл айттық.
Ол өзі жақсы көретін Оралхан інісін құшақтады да, адамның жан-дүниесін тебірентетін әсерлі әңгімесін бастады. Шешен сөйлейтін ақынның айтқаны – қайғылы жанның жұбанышына жарарлық небір пәрменді әңгімелер. Аса бір сабырлы үнмен қисындыра отырып, көкірегін қайғы кернеген қандай пендені де ақылға келтіретін салмақты сөздермен жұбатуда.
Әрине, қанша шешен сөйлегенмен көкіректе беріштей байланған күйзелісті сейілтуге ондай тапқырлықтың әлсіз екенін бәріміз де байқадық. Ауыр қайғы еңсесін жаныштаған Орекең сол төмен қарап түнерген күйі. Көзінен тамшы жас та шықпайды. Ғафекеңнен артық ештеңе айта алмасымызды біліп, бәріміз үнсіз тұнжырап тұрдық.
Қаралы жағдайда дұрыстап көңіл айта білу де өнер ғой. Сол өнердің жақсы үлгісін көрсете білген Ғафекеңнің жазушы інісі Оралханға қалай көңіл айтқаны әлі көз алдымда.
Ғафу Қайырбеков шығармашылығын былай қойғанда, жүрген ортасында жарқырап жүрген белсенді де қайраткер тұлғалардың бірі болатын. Жоғарыда айтылғандар – бүгінгі 95 жылдық мерейтойына орай еске түсіп жатқан әңгімелердің бір парасы ғана.
Нұрдәулет АҚЫШ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.