Облыстық кәсіпкерлер палатасында балық өсіру бойынша арнайы курс ашылды. “Мен – кәсіпкермін!” жобасы аясында қолға алынып отырған бұл курс қатысушыларына 10 бизнесмен сабақ бермек. Ресейден де арнайы оқытушы шақыртылған.
Палатаның бөлім басшысы Әсел Самаратованың айтуынша, білім беру курсы 5 күнге созылады. Оның алғашқы 2 күнінде теорияға басымдық берілсе, қалған уақытта талапкерлердің тәжірибелері толықтырылады. Жалпы бұл жобаға 30-ға тарта адам қатысып жатыр.
Болашақ кәсіпкерлер шеберліктерін жақын маңдағы су қоймаларында және Петропавлдағы балық питомнигінде шыңдамақ.
“Біз бағалы балық түрлерін өсіруге көңіл бөлеміз. Солтүстік Қазақстан облысында су айдыны көп. Олардың су деңгейі климатқа, гидрологиялық циклдерге байланысты өзгеріп тұрады. Осы факторларға назар аудару қажет. Судың деңгейіне байланысты балық өсіру стратегиясы мен балық түрлерін өзгерту керек, – деді Түмен мемлекеттік аграрлық университетінің профессоры Александр Литвиненко.
Қазіргі таңда біздің өңірімізде балық шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауланған су жануарларының едәуір бөлігін алтын және күміс тұқы балықтары құрайды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.